Нұр-Сұлтан 28.4°
×
11.12.2021, 13:00
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

Шығыс Қазақстан облысында Тәуелсіздік монументі ашылды

ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барып, Тәуелсіздік монументінің ашылуына және Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысты, деп хабарлады Elorda.info primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Шығыс Қазақстан облысында Тәуелсіздік монументі ашылды

«Тәуелсіздік монументі ел тарихындағы көптеген дәуірлік оқиғалар мен оның қалыптасу кезеңдерін бейнелейді, мемлекетіміздің біртұтастығы мен беріктігінің белгісі», — деді А. Мамин Тәуелсіздік монументінің ашылуында сөйлеген сөзінде.

Монументтің биіктігі – 15,7 м, диаметрі – 10,9 м. Төбесінде Қазақ хандығының негізін қалаушылар – Керей мен Жәнібектің мүсіндері, төменгі бөлігінде Қазақстанның даму тарихы бейнеленген барельеф орнатылған.

Монументтің орталық бөлігінде үш бидің – Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би мүсіндері орналасқан, сондай-ақ ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздіктің туын қолда берік ұстау – Қазақстанды өз Отаным деп санайтын әр адамның ең басты борышы, ең биік мақсаты» деген дәйексөзі үш тілде жазылған. 

Сондай-ақ Тәуелсіздік монументінің ашылу салтанатына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, филология ғылымдарының докторы, Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің профессоры Арап Еспенбетов, жазушы Әлібек Қаңтарбаев және жеңіл атлетикадан олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова, өңір жұртшылығы қатысты.

А. Мамин Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты шарада сөйлеген сөзінде Шығыс Қазақстан облысының жоғары өнеркәсіптік және аграрлық әлеуеті бар екенін, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, ҚР премьер-министрі А. Мамин Тәуелсіздік күніне орай Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары мен жұмысшыларына, білім, денсаулық сақтау және спорт салаларының қызметкерлеріне мемлекеттік наградаларды табыстады.

II дәрежелі «Достық» орденімен Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Геннадий Пуссеп марапатталды.

«Құрмет» орденімен «Қазмырыш» ЖШС коммерция жөніндегі атқарушы директоры Игорь Радович, «Үлбі металлургия зауыты» АҚ басқарма төрағасы Сергей Бежецкий, «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ президенті Әсем Мамутова, Оралхан Бөкей атындағы №44 лицейдің мұғалімі Бағжамал Садықова марапатталды.

III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен «Төре-Тоғам» ЖШС тракторшысы Өміртай Әсіпов және «Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Қазақстан теңге сарайы» РМК бағалы металдардан жасалған бұйымдар учаскесінің гальванигі Людмила Гречухина марапатталды.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен Шығыс Қазақстан облыстық бұқаралық спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебінің жаттықтырушы-оқытушысы Айдар Қайырбаев марапатталды.

«Шапағат» медалімен Шемонаиха аудандық ауруханасының бас медбикесі Вера Шеплякова, ҚР Құрмет грамотасымен «Алгүл» шаруа қожалығының басшысы Әлібек Бахтияров марапатталды.

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері