Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Әскери-әуе күштері армия авиациясының жауынгерлік тікұшақтары көк аспанда тәуелсіз еліміздің символы – Мемлекеттік туды қалықтатып алып ұшты. Осылайша, ең үздік ұшқыштар экипаждары «Менің Туым – менің Отаным» акциясына қатысты, деп хабарлады Elorda.info.
Ұшқыш-мергендер – ӘӘК армия авиациясының бастығы, полковник Нұрлан Байдуллаев, авиация базасының командирі, полковник Мақсұтбек Әділбаев Ми-171Ш тікұшағымен елорда аспанында Қазақстанның Мемлекеттік туын қалықтатып алып ұшты. Бұл көріністі орындауда олармен тәжірибелі ұшқыштар мен штурмандар басқарған Ми-17 бұрамалы қанатты тікұшақтар әуеде ілесіп ұшты.
Акцияға қатысуға іріктелген әскери ұшқыштар – әскери парадтардың, «КADEX» қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік халықаралық көрмесіне қатысқандар. Олардың шеберлігінің арқасында жүздеген оқу-жауынгерлік тапсырмалар сәтті орындалып, республикалық және халықаралық оқу-жаттығулар, сондай-ақ байқаулар мен жарыстарда үздік нәтижелерге қол жеткізілді.
“Ту – әр мемлекеттің басты символдарының бірі, елдің егемендігі мен біртұтастығының белгісі. Қазақстан халқы үшін маңызды күнді мерекелеу қарсаңында оқу-жаттығу ұшуларын орындау арқылы акцияға қатысуды жөн көрдік”, – деді Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы, полковник Нұрболат Топаев.
Әуе қорғанысы күштері Қазақстанның әуе кеңістігінің қауіпсіздігін күзетуде. Авиация паркі жыл сайын техника мен қару-жарақтың заманауи үлгілерімен толықтырылып отыр. Кәсіби шеберліктіктерін шыңдау үшін жеке құрамға қолайлы жағдайлар жасалуда.