Нұр-Сұлтан -10°
×
29.11.2021, 17:20
Elorda Aqparat
Elorda Aqparat
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

«Достық үйі» халықтық бастамаларды іске асыратын ресурстық орталыққа айналады» – Алтай Көлгінов

Бүгін Нұр-Cұлтан қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлады Elorda.Info.

«Достық үйі» халықтық бастамаларды іске асыратын ресурстық орталыққа айналады» – Алтай Көлгінов
фото: Василий Крась

Аталмыш шараға Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА кеңесінің мүшелері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, елордалық этномәдени бірлестіктердің басшылары қатысып, 21 қазанда ел Президенті – Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысында айтылған негізгі міндеттер талқыланды.

Елорда әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, бас қаладағы «Достық үйі» Қазақстан халқы ассамблеясының (ҚХА) халықтық бастамаларын іске асыратын ресурстық орталыққа айналады.

«Құрметті әріптестер! Бүгін біз тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында кездесіп отырмыз. Тәуелсіздік ортақ үйіміз – Қазақстан үшін ең маңызды құндылық. 30 жыл ішінде елімізде этносаралық келісімнің әлем мойындаған моделі қалыптасты. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, этникалық көпқырлылық – халқымыздың басты артықшылығы», – деді Алтай Көлгінов.

Шаһар басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысының этносаралық келісім саясатын іске асырудағы негізгі басымдықтарды белгілегенін атап өтті.

«Біріншісі, тең мүмкіндік принциптеріне негізделген аймақтық даму. Екіншісі, жергілікті атқарушы органдар қызметінің сапасын арттыру. Үшіншісі, әлеуметтік, тұрмыстық, қылмыстық жанжалдардың алдын алу. Төртіншісі, Қазақстан халқы Ассамблеясын ары қарай дамыту. Бесіншісі, Ассамблеяның әлеуметтік және қоғамдық маңызды жобаларын дамытуды қолдау. Алтыншысы, Ассамблеяның ақпараттық жұмыстарын жүргізу. Жетіншісі, мәдени диалог және жалпы ұлттық азаматтық патриотизм. Сегізіншісі, этникааралық салада ғылыми негізделген тәсіл мемлекеттік саясаттың басында тұру қажет», – деді Алтай Көлгінов.

Қала әкімінің айтуынша, бүгіндері аталмыш басымдықтар бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, NEET санатындағы жастармен жұмысты күшейту бойынша NEET (жұмыссыздар) санатымен жұмысты күшейіп, оларға қосымша білім алуға, жұмысқа орналасуға көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, ҚХА базасында түрлі санаттарға: тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарға жәрдем көрсетілетін болады.

Бұдан бөлек, Достық үйінің базасында «Жыр орталығы», «Парасат» қайырымдылық қызметін үйлестіру, «Аналар аманаты» қолөнер шығармашылығы, жастарға арналған коворкинг-орталығы және т.б. жұмыс істейді. ҚХА-ның тиімді жұмысы үшін Президенттің тапсырмасы бойынша этно-мәдени бірлестіктердің әлеуетін одан әрі дамытуға және ҚХА-ны қоғамдық қалыптастыруға жәрдемдесетін ресурстық орталық пен сараптамалық кеңес ашылатын болады.

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда ержүректері