Нұр-Сұлтан -4.8°
22.11.2021, 15:10
Elorda Aqparat
Elorda Aqparat
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

Тұрсынхан Зәкенұлы, тарихшы: "Тарихи фильмдерде неге қазақтың моңғолдан басқа жауы жоқ?"

1991 жылдан бері 1 млн 86 мың қандас елге оралған екен. Солардың бірі – тарих ғылымдарының докторы, жазушы Тұрсынхан Зәкенұлы. Қазақстан тәуелсіз ел болды дегенде ести сала, Қытайдан ағылған алғашқы көшті бастап келген қазақтардың бірі осы кісі болатын. Elorda.info тілшісіне тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында ғалыммен жүздесіп, сол көш, шетелдегі қандастар және көші-қон мәселелері жайлы сұхбаттасудың сәті түсті.

Тұрсынхан Зәкенұлы, тарихшы: "Тарихи фильмдерде неге қазақтың моңғолдан басқа жауы жоқ?"

Сүйінші хабарды естігенде көзіміз жасаурап кетті

– Тұрсынхан аға, еліміз тәуелсіздік алды деген ақжолтай хабарды Қытайда жүргенде естідіңіз ғой. Қалай қабылдадыңыздар? Толқынысқа, тебіреніске толы сәт болған шығар сол күн?

– Қытайдың қазағы қанша жыл сыртта, елден шалғай, бөлек тұрғанмен, олар еш уақытта қазақ елінен, жалпы қазақ мәдениеті мен тарихынан, дәстүрінен өздерін бөлек қараған емес. Біз, Қытайдағы қазақтар, Қазақстан кеңестік социалистік республика құрамында болған кезде де Қазақстанмен мақтанатынбыз. Сол кезде де Қазақстанға үмітпен қарайтынбыз, арқа тұтатынбыз. Қонаевпен мақтанатынбыз. Рымбаеваның әндерін, Тілендиевтің күйлерін тыңдап өстік. Біз шетелдегі қазақтарға арналған радиобағдарламаларлы тыңдайтынбыз. Соның бәрі бізді қазақ деген әлемнің, үлкен бір теңіздің шығанағы, пұшпағы ретінде сезінуімізге әсер етті. Жанымыз, діліміз қосылып жатты.

Қазақстан тәуелсіздігін алған кезде тебіренбеген қазақ жоқ шығар, сірә. Біз сол күнді асыға, зарыға күттік. Өйткені 1985 жылдан бастап Совет одағында демократиялық процестер қарқын алды. 1987 жылы алғаш рет Бейжіңде Алтай Аманжолов ағамызбен кездескенімде, ол кісі маған Горбачевтің КПСС ХХVIII съезінде сөйлеген баяндамасын берді. «Аға, бұл саяси баяндаманы мен неғылам?» дегенімде, «Інім, осыны оқы, осыда үлкен үміт бар. Бұл – біздің қазақ халқының тағдырына қатысты үлкен саяси мәнге ие баяндама. Бізге жаңа заман келе жатыр. Күндердің күнінде Қазақстан тәуелсіз болып кетуі де ғажап емес» деді.

1989 жылы демократиялық үдерістер қарқын алды. Кейбір елдер тәуелсіздігін ала бастады. Біз Қазақстанның тәуелсіздік алатынына сендік. Көп мәселе ашық айтыла бастады, біз БАҚ арқылы бәрінен хабардар болып отырдық. Сол тәуелсіздік алатын күні біз сүйінші хабарды достарымызбен менің жатақханамда күттік. Қазақстанның астанасы Алматының орталық алаңында митинг өтіп жатыр екен. Сол жерден Олжас Сүлейменов сөйлеп тұр екен. «Бүгін Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесі Қазақстанның тәуелсіздігін жариялады. Бізді қазір Түркия Республикасы мойындады. Жасасын, Қазақстан!» деп ұран тастады. Тебіреніске толы толқынысты сәт болып еді. Қарасам жігіттердің бәрінің көзі жасаурап, толқып кеткен екен. Сол кезден бастап біз Отанымызға кету туралы шешім қабылдадық.

 

«Сен көшем деп келген бірінші қазақсың...»

– Тәуелсіздік ала сала Қытайдан елге ағылған алғашқы көшті бастап келген қазақтардың бірі өзіңіз болдыңыз. Сол кез туралы айтып беріңізші.

– Қытайда тұрғанымызда бәріміздің жұмысымыз бар, жағдайымыз жақсы еді. Оған да қараған жоқпыз. Кетейік, Қазақстанға бір уық боп қадалсақ болды, білімімізді, бойымыздағы жиған-тергенімізді сонда берейік дестік. Тым болмаса бір орта мектепке мұғалім болармыз, ол болмаған күні малшы, қойшы, егінші болуға жарармыз дестік. Әйтеуір, не де болса, көкейімізде елге кету тілегі тұрды.

Үрімшіден төрт отбасы, Шәуешектен бір отбасы болып көшпекші болдық. Бес отбасының паспортын алып, виза жасатуға Бейжіңге бардым. Сонда Қазақстанның ҚХР-дағы елшілігі енді ашылған екен. Мені бас елші Мұрат Әуезов пен көмекшісі Биғали Тұрарбеков қарсы алды. Артында Қазақстанның көк байрағы ілулі тұр, көзіме оттай басылды. «Сен елшілігімізідң табалдырығын бірінші аттаған және көшем деп келген бірінші қазақсың. Біз осыны үлкен ырымға балап отырмыз. Кел, бауырым, отыр, не бұйымтайың бар?» деп, ол кісілер мені жып-жылы көңілмен қарсы алып, бәріміз емен-жарқын отырып шай іштік. Сөйтсем елшілік қызметі енді қалыптасып жатқан кез екен. Қыл аяғы визаға жапсыратын қағаз, қоятын мөр де жоқ екен. «Мына Биғали Кеңес одағының елшілігінде ұзақ уақыт істеді. Бұл олармен жақсы. Саған виза алуға көмектеседі» деді Мұрат аға. Сөйтіп бір аптаның ішінде құжатымыз дайын болып, Қазақстанның шекарасынан қадам бастық. Бұл 1993 жылғы сәуірдің 9-ы болатын.

– Сіздерден соң сең қозғалып, сол жақтағы өзге қазақтар да елге қарай жылжыған болар?

– Сол көш 1962 жылдан кейінгі екінші көштің бастауы болды. Сонда бізді Қабдеш Жұмәділов, Жағда Бабалықұлы, Жәркен Бөдешұлы, Несіпбек Айтұлы, Тұрсын Жұртбай, Әлімғазы Дәулетхан, Қалдарбек Найманбаев ағаларымыз бастаған бір топ қауым құшақ жайып, аналарымыз шашу шашып қарсы алды. Осы көштен кейін сең бұзылды. Алдымен зиялы қауым көшті. Әрі-сәрі болып екіойлы болып отырғандар жүктерін буып, қоныс аударды. Бүгінге дейін шамамен 350 мыңдай қазақ келді-ау Қытайдан.

Көш неге саябырсып қалды?

– Көш кейінгі уақытта саябырлап қалды. Оған қандай жайттар себеп болды деп ойлайсыз?

– Оның да ішкі-сыртқы себептері бар. Қытайдың саясаты өзгерді. Біздің өзімізде де көші-қон саясатында өзгерістер болды. Көші-қон процесіне деген көзқарас дұрыс болмады соңғы уақытта. Оны ашық айтуымыз керек. Бұрынғы Парламенттегі азаматтар, көші-қонді реттейтін салалар үйлесімді жұмыс істемеді. Көші-қон агенттігі тарап кетті. Азаматтық беру рәсімдері күрделеніп кетті. Ықтияр хат берудің тәртібі күшейді. Егер әкімшілік құқықбұзушылықтар болса, ықтияр хатпен жүргендерді шығарып жіберетін болды. Шетелде туыстары 180 күннен аса тұрып қалса, ықтияр хаттың күшін жойып тастады. Бес жыл толмай азаматтық алмайтындай жағдайларға келтіріп қойды. Осындай жасанды кедергілер көбейді. Осылай жүргенде Қытайдың саясаты өзгерді де, көші-қон баяулап қалды.

– Қандастарымыз елге көбірек оралу үшін қандай амалдар жасауға болады деп ойлайсыз?

– Көші қон саясаты – Қазақстанның стратегиялық саясаты. Бұл тоқтамайды. Қазір көзқарас қайтадан дұрысталып келе жатыр. «Жат жарылқамайды, өз өлтірмейді» дейді қазақ. Сырттан келетін қазақтар – кім болса да өз бауырларымыз. «Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды» дейді тағы қазақ. Сонша қиыншылықтар болып жатса да, орыс тілінің үстемдігінен өгейлік көріп жатса да, сырттан келген ағайын оған ренжімей, түсіністікпен қарайды. «Кел, құшағымыз ашық» деп квота бөліп жағдай жасаса, әлі де келем дейтіндер көп. Қазір Қытайда ресми дерек бойынша 1,5 миллион, бейресми дерек бойынша 3 миллион қазақ бар. Қытайдағы жағдай дұрысталса, көштің екінші толқыны қайта басталайын деп тұр. Жақында көші-қон туралы заң қайта талқылануға Парламентке келіп түсті. Оның үстіне кеше ғана Президент 18 қарашаны көші-қон күні деп белгілеу туралы ұсынысқа өз келісімін берді. Бұл да жақсылықтың нышаны.

 

Тарихи фильмдерде қазақтың моңғолдан басқа жауы жоқ

– Қазақ тарихын, ұлттық идеологияны насихаттауда қандай мәселелерге баса көңіл бөлген жөн?

– Бізде тарих ғылымында кенже қалып келе жатқан екі сала бар. Оның бірі – деректану, бірі – тарихнама. Бұрын тәуелсіздігіміз өз қолымызда болмағандықтан, басқалардың тарихнамасымен, көзқарасымен, басқалардың деректеріне сүйеніп жасалған тарихты оқып келдік. Деректану – батыста ХVIII ғасырда дамыған ғылым, Ресейде ХІХ ғасырда дамыды. Біздің елімізде кенже қалып қалды. Дерек жоқ емес, дерек бар. Олар – ауызекі деректеріміз, шежірелік деректеріміз, фольклорлық деректеріміз, кейінгі уақыттағы жазба деректеріміз, қазақ тарихы туралы шетел деректері. Құдайға шүкір, осы деректер тәуелсіздік алғаннан кейін бірнеше мемлекеттік бағдарлама аясында жинақталды, реттелді.

Қазіргі уақытта қазақ тарихының жеті томдығы жазылып жатыр. Бірақ ұйымдастыру жұмысы, ғалымдарды тарту жағы ақсап жатыр. Ертеңгі күні бұл жайт еңбектердің сапасына әсер етуі мүмкін. Біздің ғылымда белгілі бір деңгейде төрешілдік басым. Бір-екі адам бір саланы шеше салады. Ғалымдардан кім не жазып жатыр, немен айналысып жүр – олармен көп есептесе бермейді. Кейде адами факторлар да процеске әсер етеді. Бұл жұмыстың бір-екі томына мен атсалысқанмын. Қазір басқа адамдарды тартып жатыр. Президент бір сөзінде «Қазақтың тарихын өзіміздің тарихшылар жазуы керек. Ұлттық сипаты басым болуы керек. Ұлттық тарихи сананы негіз етуіміз керек» деген еді. Бірақ бұл тапсырма көбіне-көп өз деңгейінде орындалмай қалып жатыр.

Қазақ тарихы ұлттық идеологияны қалыптастыруға қызмет етуі керек. Қазақ тарихын жазуда қазақ мемлекеттілігінің тарихына басымдық беруіміз керек. Сонымен бірге сырт елдерде біздің мемлекеттілік тарихымызға күмән тудыратын көзқарастарға тойтарыс беретіндей, негізделіп жазылуы керек. Тарихнамалық, теориялық негізі күшті болуы керек.

Тарихи фильмдерді жасағанда қазақтың тек бір жауы бар – моңғолдар. Біз Ресеймен де соғыстық қой. Кенесарының күрестері ше? Сол Кенесарыны талай қазақ сатып беріп, патшалық Ресейдің отарлаушы қосындарына жол бастады ғой. Неге бет моншағымыз үзіліп, осыны айта алмаймыз? Шығыста қанша жерімізді қайтарамыз деп тайталасып, Манж-Чин империясының самсаған сары қолы келгенде алдынан Абылай хан шығып, Мамырсуда келісімге келді. Сол көріністі неге кинода айтпаймыз?!

 

Құпия деректерді тапсақ, қазақ тарихының мазмұны 60 пайызға жаңарады

– Қазақ тарихы туралы деректер дегенде шетелдегі қолжазбаларды атамай кетуге болмас. Бұларды жинақтау қазір қалай жүріп жатыр?

– Біздің тарихымыздың көп қоры Қытайда. Бұл деректер қытайдың бірінші мемлекеттік мұрағатында сақтаулы тұр. Деректер алдымен манжу тілінде жазылған, кейін қытайшаға аударылып отырған. 1644 жылдан 1911 жылға дейін Қытайды осы Манж-Чин империясы жаулап жатты. Абылай ханның Қытаймен қарым-қатынасы деген сөзді көп айтамыз. Шын мәнінде Абылай хан Қытаймен емес, Манж-Чин империясымен, соның патшасы Ежен ханмен қарым-қатынаста болып жүрді. Көп хат-хабар алысып жүрген. Тіпті Абылай хан ауырған кезінде дәрі сұратқан кездері де болыпты. Сол хаттар, дипломатиялық, экономиялық қарым-қатынастарды айқындайтын құжаттар – осының бәрі Бейжіңдегі бірінші мемлекеттік мұрағатта сақтаулы жатыр. Ол құжаттардың көшірмесін елімізге алып келіп, оны кітап етіп реттеп, аударып, жүйелеп, факсимилесімен және транскрипциясымен шығарған атақты манжутанушы Бақыт Еженхан деген ғалым бар. Бұл кісі – еліміздегі, тіпті дүниежүзіндегі манжу тілін білетін санаулы ғалымдардың бірі. Қазір архивтермен жұмыс жасап жатыр.

Жаңағы айтқандарымнан бөлек, қазақтың арғы тарихына қатысты, кезіндегі ғұн, үйсін, көне түркі, қараханид, түргеш, қарлұқ дәуірінің кезіндегі барлық деректер жинақталған. Көне қытай тілінен қазақшаға аударылған. Пайдаланам деген адамдарға бәрі қолжетімді.

Бірақ барлық деректі алып келдік деуге келмейді. Әлде де тығулы жатқан қоймаларда қаншама мәдени мұралар бар, жарыққа шықпаған құпия құжаттар бар. Соларды әлі де іздеу, зерттеу керек. Бұл деректер біздің тарихымызды байытуға септеседі. Олар ғылыми айналымға енгізілетін болса, қазақ тарихының мазмұны 60 пайызға жаңарады.

 

«Күлтегін» керексіз болып тұр...

– Біздегі ұлттық идеологияны дәріптеуде көңіліңіз толмайтын тұстар бар ма?

Бізде қазір ұлттық идеологиядан гөрі діни идеология терең тамыр тартып бара жатыр. Соған алаңдаймын. Алтынмен апталып, күміспен күптеліп, әр тасы мәрмәрдан құйылған қаншама мешіттер салынуда. Ал өз ата-бабамыздың мұралары далада жатыр. Мысалы, VIII ғасырда жазылған Күлтегін ескерткішін айтайық. Ол біздің мемлекеттілігіміздің түп дерегі. Онда көктүріктердің Түркі қағанатын қалай құрғаны, оны қалай күшейткені, орта жолда табғаштардың алдап-арбауына түсіп, ағайын арасының алалығынан тәуелсіздігінен қалай айырылып қалғаны, ұлдарының құл, қыздарының күң болғаны, осындай қиыншылықтарды елу жыл бойы кешіп келіп, тәуелсіздігін қайта алғандығы, толғанғаны, өкініштері, мемлекетті баянды ету жолындағы арман-мақсаттары, мұраттары жазылған, неден сақ болу керектігі ескертілген. Осындай конституциялық маңызға ие ескерткішті біз әлі қадірлемей отырмыз. Көшірмесін 60 миллион долларға жасатып, 2001 жылы астанамызға әкеп қойдық, қазір музейде тұр, ешкім бармайды, ешкім көрмейді, насихатталмайды. Көшірмеден көшірмесін жасатып, Еуразия ұлттық университетіне қойып қойды, бұл жерде де насихатталып жатқаны шамалы. Елорда әкімі осыған назар аударса дейміз. «Тас түскен жеріне ауыр» дейді қазақ. Ол тас осы астанаға келген. Оны әрі қарай дәріптеу, насихаттау – әкімдіктегілердің тікелей борышы. Бізбен, яғни тарихшылармен біріксе, біз бүкіл концепциясын, идеологиясын жасап берер едік. Біз қазір ұмтылып жүрген «Мәңгілік ел» идеясы сол жерде жазылады. Сол сөз жазылған киелі көк тасымызға неге көңіл бөлмейміз?! Абай «Орынсыз ыржаң, Болымсыз қылжаң... Өкінер уақытың болды ғой» дейді өлеңінде. Біз әлі ойланбай жүрміз. Соған қарным ашады.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

 

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда ержүректері