15 жасар қазақстандық Әмір Омарханов Қарағандыда төртінші санаттағы ITF Juniors турнирінің чемпионы атанды, деп хабарлады Elorda.info.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткендей, Әмір финалда отандасы Ілияс Маратұлын 3:6, 7:5, 6:1 есебімен ұтты.
Алғаш рет осындай дәрежедегі жарыста жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Бір апта бұрын ойыным жүрмеді, дегенмен бірте-бірте қалыпқа келдім. Дода барысында қарқынымды күшейте түстім, - деді Ә.Омарханов.
Қарағанды теннис мектебінің түлегі қазіргі кезде Чехияда жаттығады.
Жұптық сында қазақстандық Әдемі Аманкелді ресейлік Софья Гапанковамен бірге финалда ресейліктер Зоя Левина - Анастасия Рожкованы тізе бүктірді.