×
27.09.2022, 22:55
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

Қазақстандық боксшы Бахрейн құрамасына ауысып кетті

51 келі салмақта бәсекелестік өте жоғары

Қазақстандық боксшы Бахрейн құрамасына ауысып кетті

Бокстан Қазақстан командасының мүшесі, 51 келі салмақта ел намысын қорғаған Азат Махметов Бахрейн құрамасына ауысты. Бұл ақпаратты Қазақстан бокс федерациясы да ресми түрде растап отыр, деп хабарлады Elorda.info Bassport.kz сайтына сілтеме жасап.

Азат Махметовтің Бахрейнге ауысқаны туралы ақпарды алдымен оның ағасы Айдар Махметов әлеуметтік желіде жариялады.

Бауырым Азат Махметов биылдан бастап Бахрейн атынан сынға түседі. Ол бүгінге дейін аталған мемлекет үшін екі алтын алып үлгерді. Жекелеген спорт түрлері кей кезде өте қатал. Әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарында елдің атынан бір ғана спортшы сынға түсе алады. Мәселен, атағы алысқа жеткен Александр Карелин тұтастай балуандар буынының жолын кесті деп айтады. Өйткені, ол спорттық мансабы аяқталғанша бірде бір ел чемпионатынан сырт қалмай, бәрінде жеңіске жетіп отырған. Бокстан Қазақстан командасында да бәсекеле өте жоғары. Кейбір салмақтарда бәсекенің мықтылығы сонша, кез келген спортшы Олимпиада немесе Әлем чемпионатына бара алмайды. 31 жастағы Азат үшін 51 келіде ел құрамасында сынға түсу ауыр, өйткені, бұл салмақта сөзсіз көшбасшы бар. Ал кәсіби боксқа ауысу үшін інімнің жасы келіп қалды. Сондықтан оның әуесқой бокстағы мансабын одан әрі созып, Бахрейннен келген ұсынысты қабылдауда жөн көрдік. Түсіністік танытқан Қазақстан бокс федерациясына рахмет, – деп жазды Айдар Махметов.

Осы орайда, Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Марат Мықтыбеков аталған боксшыға ешқандай шағым жоқ екенін айтты.

51 келі салмақта бәсекелестік өте жоғары. Әлем чемпионы әрі Олимпиада жүлдегері Сәкен Бибосынов бар. Одан бөлек, бой көтеріп келе жатқан жастар көп. Сондықтан, Азаттың бұл өтінішіне түсіністікпен қарадық. Азат талантты әрі тәжірибелі боксшы. Бахрейн құрамасында оған тек сәттілік тілейміз. Бұл әзірге командаға түскен жалғыз өтініш. Одан бөлек, ұлттық құрама ауыстыру ниетінде жүрген боксшылар жоқ, – деді МаратМықтыбеков.

Азат Махметов – Қазақстан чемпионатының жүлдегері, 2017 жылы өткен Ислам ойындарының жеңімпазы, сондай-ақ, Президент кубогінің чемпионы.

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері