×
25.07.2022, 10:01
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

БАҚ өкілдері арасындағы волейбол турнирі мәресіне жетті (ФОТО)

Волейболдан БАҚ өкілдері арасындағы BAQ liga чемпионатының үшінші маусымы мәресіне жетті, деп хабарлады Elorda.info.

БАҚ өкілдері арасындағы волейбол турнирі мәресіне жетті (ФОТО)

12 команда қатысып, екі айға созылған біріншіліктің үздіктері мен жүлдегерлері анықталды.

Айта кетейік, маусым «Қазақстан» телерадиокорпорациясының қолдауымен Нұртілеу Иманғалиұлын еске алуға арналды. Ал БАҚ лиганың басты серіктесі – Қазақстан спортты қолдау қоры.

Финалда «Atameken business» телеарнасы мен «7 арна» телеарнасы кездесті. Екеуі де бір-біріне лайық мықты қарсыластар.

«Атамекендіктер» ә дегеннен-ақ 9:0 есебімен алға ұзағанымен «7 арна» жетіп қана қойған жоқ, бірінші партияны еншілеріне жазды. Екінші партия да тартысты өтіп, екі-ақ ұпай айырмашылығымен «Atameken business» телеарнасы партияны жеңіспен аяқтады да, таразы басын теңестірді. Үшінші партия да сондай қарқынмен өтіп, кім мықты соңғы сәтте ғана белгілі болды. Ал төртінші партияда «атамекендіктер» психологиялық тұрғыда қарсыластарынан басым болды. Жалпы есеп – 3:1 (23:25, 25:23, 25:23, 25:17), «Atameken business» командасы БАҚ лига үшінші маусымының чемпионы.

Ал қолаға «Қазмедиа» орталығы қол жеткізді.

Жалпы, биылғы маусымға «7 арна», «Atameken business» телеарнасы, «Еуразия» бірінші арнасы, «QazContent» агенттігі, «Қазмедиа» орталығы, «Егемен Қазақстан» газеті, Qazaq radiosy, Shalqar radiosy, «Aiqyn-Liter» газеттері, «Хабар» агенттігі, Комментаторлар құрамасы және Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қатысты.

Финалдан кейін марапаттау рәсімі өтіп, үздіктер мен жүлдегерлер марапатталды. Салтанатты рәсімге Ұлттық олимпиадалық комитеттің спорттық директоры Елсияр Қанағатов, ҚР мемлекеттік кеңесшісі хатшылығының орынбасары Ержан Байтілес, «Atameken business» телеарнасының бас директоры Қанат Сахария, «Айқын-Литер» газеттерінің бас директоры Ысқақ Егембердиев, «Qazcontent» АҚ төрағасының орынбасары Дархан Уәлиханұлы, QAZSPORT телеарнасының директоры Нағи Бақытбеков және «7 арна» бас директоры Әния Байоразова қатысты.

Ерлер арасындағы үздік ойыншы: Ермахан ҚАРЕКЕНОВ («Atameken business» телеарнасы)

Қыздар арасындағы үздік ойыншы: Әсел ӘБІЛБЕКОВА (Qazaq radiolary)

Құрмет номинациясы (+40 үздік ойыншы): Ренат АХМЕТОВ (7 арна)

Үздік шабуылдаушы: Назар НАЙЗАБЕКҰЛЫ (Қазмедиа орталығы)

Үздік тосқауыл қоюшы: Мадияр ЕРСАЙЫН

Үздік пас шығарушы: Алтынай ТУКЕНИНА (7 арна)

Үздік төреші: Еламан АКУНОВ

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері