Нұр-Сұлтан -15.8°
×
28.11.2021, 09:30
Elorda Aqparat
Elorda Aqparat
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

Елімізде алғаш рет боччадан ашық республикалық турнир өтті

Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында БЦП және тірек-қимыл мүшесі зақымданған, аутизм, Даун синдромы сияқты диагнозы бар ересектер, зағип және нашар көретіндер балалар мен жастар арасында боччадан бірінші ашық республикалық турнир өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Елімізде алғаш рет боччадан ашық республикалық турнир өтті

Жарысқа Ақтау, Атырау, Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Павлодар, Арал, Қарағанды, Ақсу қаласынан келген 95 спортшы қатысты. Қатысушылар санының көптігінен былтыр еліміздің 17 қаласында бочча секцияларының ашылуы сеп болды. Бұл игі жобаны «Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасын іске асыру шеңберінде «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қоры өзінің бас серіктесі Samruk Kazyna Trust, сондай-ақ әлеуметтік жоба серіктестері – MYD Production ЖШС және NATO Charity Bazaar жүзеге асырды. Сонымен қатар өңірлерде секциялардың ашылуына Nur Otan партиясы және жергілікті атқарушы органдар «Кедергісіз келешек» партиялық жобасын іске асыру аясында қолдау көрсетті.

Турнирдің құрметті қонағы ретінде Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, ҚР Ұлттық Паралимпиада комитетінің бас хатшысы Ерлан Сүлейменов, Samruk Kazyna Trust КҚ бас директоры Қ.Қожақов, MYD Production ЖШС, Nur Otan партиясының өкілдері келді.

Мәдениет және спорт министрі өз сөзінде бүгінгі турнир елімізде боччаның кең танылуына ықпал ететінін атап өтті.

«Бүгінде бочча паралимпиада бағдарламасындағы қарқынды дамып келе келе жатқан спорт түрінің бірі. Күн санап қызыққан азаматтар саны еселеп артуда. Дәлдікті, есеп пен мергендікті қажет ететін аталған спорттың азаматтарға пайдасы жетерлік. Қуанышымызға орай, бұл құбылыс біздің елімізге де жаңа леппен жетті. Мәселен, былтыр Nur Otan партиясының қолдауымен еліміздің 17 қаласында бочча спортына арналған секция ашылды. Осындай ауқымды жұмыстың басы-қасында болған «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорына шексіз ризашылығымды білдіремін», – деді А.Райымқұлова.

Сонымен қатар Ақтоты Райымқұлова алғаш рет ұйымдастырылып жатқан жарысқа Ақтау, Атырау, Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Арал және Ақсу қаласынан спортшылардың келуі айтулы көрсеткіш екенін айтты.

«Жалпы, мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету – мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі. Тәуелсіздігіміздің негізін қалаушы, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше мәрте мүгедектерді жұмыспен қамту, олардың проблемасын шешу жайлы тапсырып, тіпті бизнесмендерге мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа алуға кеңес бергенін білеміз. Жолдауларында кедергісіз орта құру жайлы нақты тапсырмалары осынау бастамалардың жалғасы деуге болады. Шынымен де, дана халқымыздың қағидасы бойынша, қабілеті қысқаларға қолы ұзындар пана болып, қолтықтаса, қиындықты жеңіп жатса ізгіліктің ілгері қадамы сол емес пе?», – дей келе спортшыларға сәттілік тіледі.

Бұл ашық республикалық турнир осы спорт түрінің дамуына зор үлес қосқан Нұр-Сұлтан қаласы бочча федерациясының президенті болған Сұлтанбек Орынбасаровты еске алуға арналады.

Сұлтанбек Орынбасаров 2017 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы инклюзивті мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген кезден бастап ерекше қажеттілігі бар оқушыларға ерекше қамқорлықпен қарайтын. Бочча спорт түрі жайлы білген соң, 2018 жылдан бастап «Тең мүмкіндіктер әлемі» ҚҚ-да боччадан жаттықтырушы болды. Осыдан кейін елордада бочча федерациясын құрып, балалармен бірге Паралимпиаданың алтын медалін жеңіп алуды мақсат еткен болатын. 

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда ержүректері