10-13 қараша аралығында Семей қаласында қазақ күресінен ересектер арасында Желтоқсан көтерілісі құрбандарын еске алуға арналған Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті, деп хабарлады Elorda.Info.
Ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы саламатты өмір салтын насихаттау, жастарды төл күреспен шұғылдану арқылы олардың бойында отансүйгіштік қасиетті тәрбиелеуді көздеген біріншілікке еліміздің әр өңірінен келген 300-ден астам балуан белдесіп, бақтарын сынады.
Үш күнге созылған чемпионат қорытындысы бойынша Жамбыл облысы (4 алтын, 4 күміс, 3 қола) жалпыкомандалық бірінші орынға ие болды. Ал Ақтөбе (4 алтын, 2 күміс) және Қызылорда облыстары (3 алтын, 2 күміс, 2 қола) сәйкесінше екінші-үшінші орындарға жайғасты.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен және грамоталармен марапатталды.