Астанаға ресми сапары аясында Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Джеймс Клеверли ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиевпен кездесті, деп хабарлады Elorda.info.
Тараптар Қазақстан 2023 жылдан бастап қосылатын «Экономикалық даму мүддесіндегі тиімді басқару» бағдарламасы шеңберінде ынтымақтастыққа қызығушылық танытты және өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою елдеріміз арасындағы стратегиялық әріптестік пен өзара іс-қимылды нығайтуға қосымша үлес қосады. Бүгін қол қойылған келісімнің мәні – елімізде «Экономикалық даму мүддесінде тиімді басқару» бағдарламасы шеңберінде өзара қолдау көрсету. Әріптестіктің нәтижесі ретінде тараптар бүкіл өңір бойынша реформаларды жүргізуге көмектесетін бағдарламаның бөлігі ретінде айқындаған экономикалық реформаларды тиімді және ашық жүргізу күтіледі,– деді Әсет Ерғалиев.
Бағдарлама елдердің сенімді деректерді жинаудағы күш-жігерін, оларды саясатты әзірлеу мен экономикалық реформаларды жүзеге асыру, үкімет ішіндегі үйлестіру және азаматтармен өзара іс-қимылды жақсарту үшін пайдалануды қолдайды.
Осыған байланысты, агенттіктің Ұлттық статистика бюросы статистикалық деректердің негізгі өндірушісі ретінде деректерді пайдалану бойынша сауаттылықты арттыруға жәрдемдесуді жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта бюро әртүрлі деңгейде шешім қабылдау кезінде деректерді тиімдірек пайдалануды ілгерілетуге арналған «Data literacy» оқыту курсын әзірледі.
Біз деректермен жұмыс сауаттылығын арттыруда үлкен әлеуетті көріп отырмыз. «Экономикалық даму мүддесінде тиімді басқару» бағдарламасы аясында ынтымақтаса отырып, біз мемлекеттік қызметшілер арасында да, қарапайым азаматтар арасында да сауаттылықты арттыруға жәрдемдесуді жоспарлап отырмыз. Біз бұл бастаманы бүкіл Орталық Азия өңірі үшін құзыреттілік орталығы ретінде таратуды ұсынамыз. Қазақстан деректермен жұмыс істеу бойынша білім беру жобаларының хабы болады, - деп атап өтті Ұлттық статистика бюросының басшысы Жандос Шаймарданов.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар іскерлік сұхбатқа ризашылықтарын білдіріп, Қазақстан мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі арасындағы алдағы қарым-қатынастың маңыздылығын атап өтті.