Elorda.info

Әлихан Смайылов Ресейдің ірі компанияларының басшыларымен кездесті

Екатеринбург қаласына жұмыс сапарымен барған Премьер-министр Әлихан Смайылов ресейлік ірі компаниялардың басшыларымен кездесті, деп хабарлады Elorda.info.

Әлихан Смайылов Ресейдің ірі компанияларының басшыларымен кездесті

«КАМАЗ» ЖАҚ бас директоры Сергей Когогинмен кездесу барысында жаңа жобаларды іске асыру, жабдықтарды жеткізу және коммерциялық техникаға қызмет көрсету орталықтарын іске қосу мәселелері талқыланды.

Сергей Когогин Үкімет басшысына компанияның қазіргі қызметі, бірлескен жобаларды іске асыру туралы хабарлап, «КАМАЗ» ЖАҚ-тың бұрын алған барлық міндеттемелерді орындауға дайын екендігіне сендірді.

Премьер-министр «КАМАЗ» компаниясымен бірлескен жобалардың Қазақстан-Ресей өндірістік кооперациясы саласындағы өзара іс-қимыл бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан алғашқы жобалардың бірі екенін атап өтті.

Бүгінде Қостанай индустриялық аймағының алаңында шойын қорыту зауытының және жүк көліктерінің қосалқы бөлшектерін шығаратын зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Бұл экология саласындағы үздік тәжірибелер мен стандарттарды ескере отырып жасалған жоғары технологиялық заманауи өндіріс болмақ, — деді Әлихан Смайылов. 

Бұдан басқа, компания жүк техникасы өтетін жетекші көпірлердің тіректерін локализациялау деңгейін арттыру бойынша тағы бір ірі жобаны әзірлеп жатыр.

Бұл жобалардың экономикалық және әлеуметтік әсері мол. Бірлескен күш-жігердің арқасында олардың табысты әрі уақытылы іске асырылатынына сенімдімін, — деді Премьер-министр. 

Әлихан Смайылов Қазақстанда қолайлы бизнес жүргізу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалғанын атап өтті. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар тиімді жұмыс істеп, даму институттары жеңілдікпен несие береді және лизингтік қаржыландыруды жүзеге асырады, сондай-ақ инвесторлар үшін мемлекеттік қолдау шаралары мен преференциялар заңнамалық түрде бекітілген.

«Русская медная компания» президенті Всеволод Левинмен болған кездесуде тау-кен металлургия саласында жаңа жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Мәселен, «Ақтөбе мыс компаниясы» 2024 жылға дейін шамамен 190 млрд теңгеге жерасты кеніштерін салу бойынша 4 жобаны іске асыруды жоспарлап отыр.

В. Левин РМК-ның Ақтөбе облысындағы өндірістік қызметі, сондай-ақ Жетісу облысындағы «Көксай» және Абай облысындағы «Айдарлы» кен орындарында «Қазақмыс» корпорациясымен бірлесіп жүргізілетін жобаларды іске асыру жоспарлары туралы айтып берді.

Үкімет басшысы «Көксай» және «Айдарлы» кен орындарын игерудің еліміз үшін үлкен маңызға ие екенін атап өтті. Ол Қазақстанның тек өндіруге ғана емес, сондай-ақ шикізатты одан әрі қайта өңдеуге және қосылған құны жоғары өнім өндіруге де мүдделі екенін атап өтті.

Үкімет жер қойнауын пайдаланушы ірі кәсіпорындардың айналасында өңдеу өнеркәсібінде шағын және орта бизнесті дамыту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.  “Российская медная компания” бұл бастаманы қолдап, осы бағытта белсенді түрде жұмыс істейді деп сенемін, — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

АҚПАРАТ АҒЫНЫ

Саясат