Elorda.info

Президент Мағзұм Мырзағалиевке бірқатар тапсырма берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевті қабылдады, деп хабарлады Elorda.info Ақордаға сілтеме жасап.

Президент Мағзұм Мырзағалиевке бірқатар тапсырма берді

Мемлекет басшысына «ҚазМұнайГаз» компаниясының мұнай-газ химиясы саласында жүзеге асырып жатқан жобалары жөнінде ақпарат берілді. Қазіргі уақытта Атырау облысындағы полипропилен шығаратын зауытты іске қосу жұмыстары аяқталып келеді. Бұл өндіріс орны биылғы тамыз айында іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек Президентке полиэтилен және бутадиен өндірісіне қатысты жобалардың жүзеге асырылу барысы баяндалды.

Мағзұм Мырзағалиев Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары, сондай-ақ Маңғыстау облысында әлеуметтік тұрақтылықты сақтау үшін жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде есеп берді. Оның айтуынша, әлеуметтік-еңбек қатынастарына қатысты мәселелерді шешу, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» компаниясының еншілес ұйымдары қызметінің мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдау мақсатымен Ақтауда ұлттық компанияның өкілдігі ашылған. Сонымен қатар Жаңаөзенде балаларға білім беру сапасын арттыру жобасы іске асырылып жатыр, оқушылар сарайы мен спорт алаңдарының құрылысы жүргізілуде.

«ҚазМұнайГаз» басшысы Президентке компанияның шетелдік активтерін дамыту перспективалары жөнінде баяндады.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы инвестициялық жобаларды уақытылы іске асыру және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.

АҚПАРАТ АҒЫНЫ

Саясат