Нұр-Сұлтан -11.9°
×
13.01.2022, 21:00
Elorda Aqparat
Elorda Aqparat
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

Сыртқы істер министрі елшілермен кездесті

Қазақстан билігі бейбіт тұрғындарға оқ атқан жоқ. Тек өз азаматтарын қорғап, елдің тәуелсіздігі мен тұрақтылығын сақтап қалу үшін қажетті барлық шараны қабылдады, деп хабарлады Elorda.info «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Сыртқы істер министрі елшілермен кездесті
Фото: ашық дереккөз

Премьер-министрдің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді шет мемлекеттердің Қазақстандағы елшілерімен кездесуінде осылай деді. Дипломатиялық корпус өкілдеріне жағдай неден басталып, қалай өрбігенін егжей-тегжейлі түсіндірді. Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Үкімет алдына қойған міндеттері жайлы айтты.

Бейбіт шерулер екінші қаңтар күні Маңғыстау облысында басталды. Халық әлеуметтік мәселелерді көтеріп, газдың арзандауын талап етті. Іле-шала дәл осындай шеурлер елдің бірнеше ірі қаласында жалғасты. Үкіметтік комиссия құрылып, халықпен келіссөздер жүргізілді. Басты талаптары орындалды. Президент халықты арандатуға ермеуге шақырды, – деді Мұхтар Тілеуберді.

Жиын барысында елшілерге Алматы және өзге де қалаларда болған жағдайдың бейнеролигі көрсетілді. Онда бұзақы топтың мемлекеттік ғимараттарға шабуылдап, сарбаздар мен полиция қызметкерлерін соққының астына алғаны, бір-біріне қару таратып, оқ атып жүргені көрсетілді. Сондай-ақ келтірілген шығын көлемі айтылды. Дипломатиялық корпус өкілдері жағдайды тұрақтандыру үшін қабылданған шараларды қолдайтынын атап өтті.

Қазақстанда болған жағдайды біз шын жүректен уайымдап, бақылап отырдық. Өйткені біздің еліміз саяси, экономикалық тіпті қоғамдық салада тығыз байланыс орнатқан. Студенттеріміз оқиды, кәсіпкерлеріміз бар. Қазақстандағы тұрақтылық геосаясат үшін де маңызды. Сондықтан біздің елдің министрі Қазақстандағы әріптесіне қоңырау шалып, жағдайға алаңдаушылық білдіріп отырды, – деді Польшаның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Селим Хазбиевич.

Сондай-ақ Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экиджи бауырлас Қазақстан халқына көңіл айтты. 

Бауырлас қазақ халқына көңіл айтамыз. Қазақстанның тұрақтылығы біз үшін өте маңызды. Президентіміз, Мәжіліс төрағасы және сыртқы істер министрі мұндағы жағдайға алаңдауышылық білдіріп, халқы мен Үкіметін қолдайтынын жеткізді. Қазақстан қысқа уақыттың ішінде бұл қиындықты еңсеретініне сенімдіміз, – деді елші.

 

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда ержүректері