Нұр-Сұлтан -4.8°
16.11.2021, 14:50
Elorda Aqparat
Elorda Aqparat
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

Нұр-Сұлтанда Astana Club-тың алтыншы отырысы өтіп жатыр

Нұр-Сұлтанда «Пандемиядан кейінгі жаңа әлем» тақырыбында Astana Club-тың алтыншы отырысы өтіп жатыр, деп хабарлады Elorda.info.

Нұр-Сұлтанда Astana Club-тың алтыншы отырысы өтіп жатыр

Алтыншы Astana Club ресми түрде «Коронавирус пандемиясы: қауіп жағдайында қалпына келу, COVID-19 жаңа мутациялары мен бөлінген әлем үшін салдарлары» сессиясымен ашылды.

Оған Нұрсұлтан Назарбаев Қорының директоры Дариға Назарбаева, "Thinking the Unthinkable" жобасының негізін қалаушы және директоры, Лондондағы Корольдік колледж профессоры, BBC World News жаңалықтар бағдарламасының жүргізушісі (1996-2014) Ник Гоуинг, "Еуразия таңы" бестселлерінің авторы, Flint Global-дың бас кеңесшісі, Португалияның еуропалық істер жөніндегі мемлекеттік хатшысы (2013-2015) Бруно Масаеш, "Біртұтас Грузия-Демократиялық қозғалыс" партиясының төрағасы, Грузия Президентінің міндетін атқарушы (2003-2004, 2007-2008), Грузия парламентінің төрағасы (2001-2008) Нино Бурджанадзе, Жапония Халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) президенті Шиничи Китаока (онлайн), ХВҚ Таяу Шығыс және Орталық Азия елдері департаментінің директоры Джихад Азур қатысты.

Диалог алаңы сессияларының жұмысын ашқан Нұрсұлтан Назарбаев Қорының директоры, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева:

"Біздің клубтың бұған дейінгі отырысы 2019 жылы өтті. Бұл мүлдем басқа дәуірде болғандай. Ол кезде вирустың өршуі әдеттегі өмір тәртібін "жойып", экономиканы тоқтатып, әлем елдерін оқшаулануға мәжбүр ететінін ешкім елестете алмады. Пандемия біздің бәріміздің қаншалықты өзара байланысты және өзара тәуелді екенімізді тағы бір мәрте көрсетті. Бүгінгі таңда халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін  шоғырландыру әдеттегіден әлдеқайда маңызды", - деді.

Ол қазір халықаралық аренада өзара сенім режимін қалпына келтіруге жан-жақты жәрдемдесу қажет екенін атап өтті. 

Оның айтуынша, пандемия әлемдік жүйеде бұған дейін пайда болған өзгерістерді жеделдетті.

"Бұл өзгерістер қай бағытта болуы керек деген мәселе бойынша әлемде ортақ пікір жоқ. Біз үшін бүгінде үлкен Еуразиядағы диалогты кешенді қайта жаңғырту қажет екені анық", - деді Дариға Назарбаева.        

Сессия модераторы Ник Гоуинг те бұл ойды қолдады.

Ол:

"Әлемде COVID-19-ға байланысты мұндай жағдай болады деп ешкім ойлаған жоқ. БҰҰ Бас хатшысы атап өткендей, біздің планетамыз бүгінде қиын жағдайға тап болды. Бізге мүдделер ымырасы қажет. Экономикадағы және қоғамдағы тұрақсыздықтан, климаттың өзгеруінен және т.б. өзгерістерден туындаған қайшылықтар бар. Елдер арасындағы диалог пен өзара іс-қимылды нығайту маңызды", - деді.

Ал Нино Бурджанадзе болса, өз сөзінде күш-жігерді біріктіру қажеттігіне аса назар аударды:

"Халықаралық ынтымақтастықты қолдау қажет және бұл тұста Қазақстан маңызды рөл атқарады. Мысалы, ядролық қаруға қатысты мәселелерде.  Мен Грузияда вакцинация туралы ақпараттың дұрыс таратылмағанын байқадым, бұл пандемия салдарын күшейтеді. Сондықтан Қазақстандағы Ashyq сияқты белгілі бір жүйе қажет. Бізге үкіметаралық өзара іс-қимыл, COVID-19 таратпау жөніндегі үздік тәжірибемен бөлісу және бірлескен күш-жігерді үйлестіруге мән беру керек".

Өз кезегінде Бруно Масаеш:

"Біз еуропалық және америкалық күштің құлдырауын көріп отырмыз, бірақ бұл коллапс емес. Алайда, Ауғанстанда билік қайта бөлінді. Олар сол жерден кетіп қана қойған жоқ, сонымен қатар өз күшінің шектеулі екенін көрсетіп, ауған қоғамын өзгерте алмады. Мұның бәрінің салдары бар. Бұдан не түйдік? Жаһандық тәртіптің эрозиясын көрдік. Бүгінгі таңда түрлі орталықтар өзгелерге ықпал ету үшін бәсекелеседі, ал Еуразияның ауқымды бөлігі кімнің ықпалында екені айқындалмаған. Біз бүгін әлемге тек өз тарапымыздан ғана қарай алмаймыз, басқалардың пікірін ескеру қажет. Бұл, әсіресе, қуатты державалар үшін қиын. Қазақстан қалыптасқан ахуалға жан-жақты қарауға тырысатын ел, жаһандық деңгейдегі ойыншы. Пандемия бұл трендтті күшейте түсті", - деді ол.

Айта кетері, Astana Club-тың кейбір отырыстарында талқылау «Chatham house» ережесіне сай, яғни жабық түрде өтеді. Еуразия мен әлемнің аса маңызды мәселелері жіті және ашық талқыланады.

Astana Club өз жұмысын 16 және 17 қарашада жалғастырады.

Шара аралас форматта өтіп жатыр: спикерлер офлайн және онлайн қатысады.

Astana Club алтыншы отырысы келесі негізгі бағыттарды қамтиды: жаһанданудың болашағы, әлемдік державалардың мүдделері, әлемдік дамудың сын-қатерлері, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: Орталық Азия елдерінің жаңа стратегиясы.

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда ержүректері