Мұнда 1 941 сайлаушы тіркелген
Сайлаушылар елордадағы “Jusan Bank“-те орналасқан №130 сайлау учаскесіне өздерінің азаматтық парызын өтеуге тым ерте жиналды десе де болғандай. Сайлау учаскесі ашылмай тұрып-ақ мұнда жиналған адам қарасы көп көрінді, деп хабарлады Elorda.info.
Мұнда 1 941 сайлаушы тіркелген. Учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері ерте қамданған сайлаушыларға жағдай жасады. Сайлау учаскесі ашылысымен қарттар, жастар, осы учаскеге тіркелген азаматтар бюллетеньдерін алып, азаматтық парыздарын өтеді.
№130 сайлау учаскесінің төрайымы Айжан Жұмабаева алғашқылардың қатарында дауыс берген сайлаушыларға өзіндік сый-сияпатын жасады. Қазіргі заманға қажет компьютер, ноутбукке арналған сымсыз құралын сыйлады. Сайлаушылар мұндай ықыласқа көңілдері көтеріліп, мәз-мейрам болды. Олардың қай-қайсысының да айтары елдегі тыныштық пен бірлік, бақуатты тұрмыс жайы, Жаңа Қазақстан құруға деген мақсатқа ризашылық дер едік. Бұл сайлау учаскесінде 1 941 сайлаушы дауыс беруі тиіс екен.
Учаскеде сайлаушылар тізімі көрнекі жерге ілінген. Учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері келген сайлаушыларды тізімнен тез тауып берді.
Алғашқылардың қатарында дауыс бергендердің бірі – танымал әнші Қайрат Нұртастың әйелі Жұлдыз Әбдікәрімова.
Гүлшат САПАРОВА