×
25.01.2023, 10:38
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

ОСК қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу тәртібін жариялады

Сайлауға байланысты қоғамдық пiкiрге сауал салуды жүргiзу шарттарын бұзу адамды әкімшілік жауаптылыққа тартуға негіз болып табылады

ОСК қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу тәртібін жариялады
Фото: ашық дереккөз

Орталық сайлау комиссиясы 2023 жылдың 19 наурызына белгіленген Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына байланысты қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу туралы ақпаратты жариялады, деп хабарлады Elorda.info.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабы 9-тармағының талаптарына сәйкес сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауал салуды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген, қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу бойынша кемінде бес жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар тиісті құжаттардың көшірмелерін қоса беріп, бұл туралы Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде алдын ала хабардар ете отырып жүргізуге құқылы.

Орталық сайлау комиссиясына жіберілетін хабарламада сауал салуды жүргізуге қатысатын және осы салада жұмыс тәжірибесі бар мамандар туралы, қоғамдық пікірге сауал салу жүргізілетін өңірлер туралы, қолданылатын талдау әдістері туралы мәліметтер көрсетіледі.

Сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін жариялаған кезде бұқаралық ақпарат құралдары, онлан-платформалар сауал жүргiзген заңды тұлғаны, сауал жүргізуге тапсырыс берген және оның ақысын төлеген тұлғаларды, сауал жүргiзілген уақытты, ақпарат жинау әдiсiн, сұрақтың нақты тұжырымын, сауал салынғандардың саны мен сауал салу нәтижелерінің қателiк коэффициентiн көрсетуге мiндеттi.

Қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерiн, сайлау, сайлауға байланысты өзге де зерттеулер, кандидаттарды не саяси партияларды қолдап дауыс беру нәтижелерiнiң болжамдарын дауыс берiлетін күннің алдындағы бес күн ішінде (2023 жылғы 14 – 18 наурыз аралығында) және дауыс берiлетiн күні (2023 жылғы 19 наурызда) интернет желісінде жариялауға жол берілмейдi.

Сайлауға байланысты қоғамдық пiкiрге сауал салуды жүргiзу шарттарын бұзу адамды әкімшілік жауаптылыққа тартуға негіз болып табылады (ӘҚБтК-нің 120-бабы).

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері