Нұр-Сұлтан 16°
×
11.01.2022, 22:30
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

«Митинг болып жатқанын естімедік»: Алматыдағы қақтығыста қаза тапқан екі баланың ата-анасы сұхбат берді

Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде қаңғыған оқ тиіп, қаза тапқан балалардың бірі – 12 жастағы Сұлтан Қамшыбек. Ол – үйіндегі төрт баланың ортаншысы. Кішкентайынан футболға қатысып, 30 медаль алып үлгерген, деп хабарлады Elorda.info 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасына сілтеме жасап.

«Митинг болып жатқанын естімедік»: Алматыдағы қақтығыста қаза тапқан екі баланың ата-анасы сұхбат берді

Сол күні ол жаттығуға қатысу үшін анасымен бірге қалаға келген.  

Қаланың сыртында тұрамыз. Ол жаттығуға қатысады. Футболды өте қатты жақсы көреді. Ол күні біз митинг болып жатқанын естімегенбіз,– дейді анасы Гауһар Кәрімбекова.

Жаттығу залы жабық тұрғандықтан, олар нағашыларының үйіне барған. Ал, 5 қаңтар күні кешке анасы, нағашы ағасы және жеңгесімен нан алатын дүкен іздеп, көшеге шыққан. Анасының айтуынша, сол кезде атылған оқтың даусын Сұлтан отшашу деп ойлап, видеоға түсірмек болған.

"Салют" деп біреу айқайлады. Содан кейін ұлыма "кеттік" деп айтайын деп қарасам, телефонын шығарып, видеоға түсіріп үлгеріп жатыр екен. Басына тиді. Өйткені, мен бұрылып, кеттік деп айтайын дегенде, балам құлады. Басында сары шапкасы болды. Бетін көрген жоқпын. Құлаған кезде басының тұсынан қан кеткенін көрдім,–  дейді анасы.

Бейбіт күнде басына оқ тиіп қаза тапқан жеткіншектің жақындарының қаңғыған оқтың қайдан келгені туралы өз болжамы бар. Өйткені, балаға оқ тигенде қасында болған. Жеңгесі Жанна Қапарованың айтуынша, бала жерде қансырап жатқанда құтқаруға ұмтылса да, қасына жолай алмаған. Өйткені, оқ тоқтаусыз атылып жатқан.

Жедел жәрдем шақырсақ, не жедел жәрдем келген жоқ,– дейді ол.

Сол маңдағы жатақхана тұрғындары жүгіріп шығып, баланы көтеріп, жолдағы көліктердің бірін тоқтатып, ауруханаға апаруға тырысқанымен, үлгермепті.

Ал, Айдос Мелдыхан есімді азамат бораған оқтан төрт жастағы қызын жоғалтқанын айтады. Тағы бір қызы жансақтау бөлімінде жатыр.

Ол 6 қаңтар күні төрт баласымен бірге көлікпен Сәтбаев-Наурызбай көшелерінің қиылысына дүкен іздеп шыққан. Тоқтаған кезде қатар тұрған екі көліктің біріне оқ бораған.

Бірінші көлікке тиіспеді. Тек біздің көлікті ғана ата бастағанда салонда төрт бала болған. Біреуіне оқ тиіп, үшеуі жарақат алды. Қызымнан айырылып қалдым. Ең кенжем болатын. 16 жастағы қызым қазір жансақтау бөлімінде жатыр, – дейді әкесі. Айтуынша, көлікке 20 оқ тиген.

Қазір Алматы ауруханаларының бірінде тағы бір 8 жастағы қыз бала жатыр. Басқа қанша баланың зардап шеккені әзірге белгісіз. Ал баласынан айырылған ата-аналар оқ тиіп қайтыс болған бүлдіршіндердің ісі дұрыс тергелуін талап етіп отыр.

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері