Нұр-Сұлтан -8.2°
×
29.11.2021, 20:32
Elorda Aqparat
Elorda Aqparat
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

Қауіпсіздік қызметкерлеріне арналған мерейтойлық кітаптар жарыққа шықты

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылғанына 30 жыл толуына орай, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мемлекетіміздің шептерін қорғау ісіне лайықты үлес қосқан жедел қызметкерлер мен шекарашылардың қызметі туралы «Отандық арнаулы қызметтік хроникалары. Адамдар, оқиғалар, фактілер туралы хикаялар» және «Мемлекеттік шекара» атты мерейтойлық кітаптар жарық көрді, деп хабарлайды Elorda.info.

Қауіпсіздік қызметкерлеріне арналған мерейтойлық кітаптар жарыққа шықты

Тарихи еңбектердің тұсаукесері сала қызметкерлері және ардагерлерінің, сонымен қатар қызметте жүріп қаза тапқандардың жақын туыстарының қатысуымен еліміздің барлық Ұлттық қауіпсіздің комитеті аумақтық органдарында бір мезгілде өткізілді.

ҚР ҰҚК Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департамент бастығы, ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры Асхат Төлеуов пен «ҰҚК органдарының ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, отставкадағы полковник Кенжеболат Бекназаров кітаптың тұсаукесер рәсімінің лентасын қиды. Кітаптардың шығу тарихы, мазмұны туралы комитет төрағасы Кәрім Мәсімовтің сөзі арнайы бейнежазба арқылы жеткізілді.

«Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында комитет басшыларымен бірге еліміздің барлық аймақтарын және мемлекеттік шекараны араладық. Жұмыс сапары аясында жедел қызметкер мен шекарашының ерен еңбегі туралы халықтың аз білетінін байқадым. Сондықтан борышын мінсіз орындап жүрген жандар туралы айтатын уақыт келді деп ойладым. Негізін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қалаған, нығайту бағытын Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жалғастырып келе жатқан мемлекет егемендігіне олардың қосқан үлесін айтқымыз келді. Азаматтардың бейбіт өмірі үшін біздің қызметкерлер күні-түні, ыстық-суыққа қарамай қызмет атқарады. Оларбіздің батырларымыз! Бұл кітап солар туралы жазылған. Оның негізінде нақты адамдар, құпиясы ашылған оқиғалар мен деректер бар. Кітап өз оқырманын табады деп сенемін», – деп атап өтті ол.

Басылымдарға қазіргі уақытта құпиясыздандыруға болатын жайттар ғана енгізілген. Еңбектер нақты адамдар, оқиғалар мен фактілер, құпия және қауіпті операцияларға тікелей қатысушылардың эмоциясын жеткізетін қатаң деректі стильде жазылған.

«Кітаптарда ұлттық қауіпсіздік қызметкерлерінің сәтті жүзеге асырған операциялары туралы баяндалады. Бұл ерліктің бәрі бізге, комитет адамдарына аян, ал кітап елге жаппай тарағаннан кейін біздің батырларымызбен бүкіл Қазақстан мақтанатын болады. Әрбір қазақстандық үшін қасиетті саналатын ел шебін күзету кезіндегі бастарынан кешірген шиеленіске толы оқиғалары ашып айтылады. Кітапты қолына алып, беттерін ашқан сәттен бастап оқырман өзін кейіпкерлермен бірге ел шебінде жүргендей, біресе жаяу, бірде атпен, тағы бірде итпен бірге қаруын серт ұстап, тау асып, тас басқандай, су кешіп, теңіздің толқындарына қарсы жүзгендей әсерге бөленеді. Шекарадан өткізуге қатаң тыйым салынған есірткі затын тасымалдаушыны құрықтап, таудың ішінде мал бағып бұйығы тіршілік кешіп жатқан шопанның жанұясын кепілге алған қылмыскерден тайсалмаған шекарашыны су да, өрт те алған бетінен қайтара алмайтынын айтып береді», – деді өз сөзінде ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры Асхат Төлеуов.

Салтанатты жиында «Отандық арнаулы қызметтік хроникалары. Адамдар, оқиғалар, фактілер туралы хикаялар» кітабында жазылған операцияларға қатысушы қызметкерлер мен қауіпті тапсырмалар кезінде қаза тапқандардың туыстары «Ұлттық қауіпсіздік комитеті» кеуде белгісі, алғыс хаттар және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Олардың ішінде генерал-майор Есенгелді Мұстафетовтің жұбайы, полковник Тайбек Белесовтің балалары, отставкадағы генерал-майор Өміртай Мақашұлы, генерал-майор Михаил Дауеновтің ұлы, ҰҚ майоры Азамат Дауенов және тағы басқа сала қызметкерлері бар. Қалың оқырманға арналған кітаптың 8000 данасы жарық көрді. Оларды «Меломан» кітаптар дүкендері желісінен 3 мың теңгеге сатып алуға болады.

Райхан Рахметова

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда ержүректері