Нұр-Сұлтан -15.4°
×
29.11.2021, 14:25
Elorda Aqparat
Elorda Aqparat
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

«Көңілдің асыл пернесі» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Елбасы кітапханасында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған «Көңілдің асыл пернесі...» халықаралық шығармашылық байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлады Elorda.info.

«Көңілдің асыл пернесі» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Байқау қазақ халқының музыкалық мұрасы мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың сүйікті әндерін зерделеу және насихаттау арқылы жас таланттардың шығармашылық белсенділігін қолдауды арттыруды, олардың музыкалық-теориялық пәндерге қызығушылығын күшейтуді көздейді.

«Елімізде дарынды жастар өте көп. Қызығы, сайысымыз арнайы музыкалық білім беретін мекеме емес, жалпы білім беретін мектеп оқушыларының арасында өтті. Балалардың шығармашылыққа деген ұмтылысын қолдаған қарапайым мектеп мұғалімдерінің көзқарасы, өнерге деген құрметі бізді қуантады. Алтыншы рет ұйымдастырылып жатқан байқау халықаралық форматта биыл екінші рет өтіп жатыр. Оның деңгейі де, географиясы да өсіп келеді. Бүгін топ жарған жеңімпаздарды жеңісімен құттықтаймыз!» - деді Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова.

Байқауды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы Нұрсұлтан Назарбаев қоры, Халықаралық түркі академиясы және М. Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен бірлесіп ұйымдастырды.

«Қазақ музыкасының маржандарын қайта жаңғыртумен айналысып келе жатқан байқау жастармен басымызды тағы да қосты. Оның аясында біз өнер саласының аға буыны мен дарынды жастардың арасына көпір орнатып, ұрпақтар сабақтастығын қамсыздауды көздейміз. Бұл сабақтастықтың арқасында жаһанданған әлемде қазақ жастары ұлттық бірегейлікті сіңіріп, рухани болмысты дамыта түспек. Осы орайда жеңісті қанжығасына байлаған жастардың ата-аналары мен ұстаздарына ұйымдастырушылардың алғысы зор», - деді Нұрсұлтан Назарбаев қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұлан.

Шараға Қазақстанның саяси және қоғам қайраткерлері, мәдениет және өнер саласының көрнекті өкілдері, танымал қазақстандық орындаушылар қатысты.

«Біз – өнерді сүйген кемеңгер ұлттың ұрпағымыз. Бүгін құлағымыздың құрышын қандырып, даусымен жүрегімізді баураған дарындар – бұл ақиқаттың дәйегі. Жастарымыздың жұлдызы жана берсін деп тілегім келеді», - деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Светлана Айтбаева.

Биыл байқауға түскен 167 өтінімнің арасында Индонезия, Ресей және Өзбекстан елдерінің азаматтары да бар.

Жас ерекшелігіне қарай бөлінген (12-14 жас және 15-17 жас) 2 топтың төрт номинация бойынша I, II, III орын және гран-при иегерлері анықталды.

«Елбасымыздың сүйікті әндері толқынында» номинациясының жеңімпаздары:

І орын – Толғанай Біржанқызы (Нұр-Сұлтан қаласы), Алиса Сухоносова (Павлодар қаласы);

ІІ орын – Еңлік Байзақ (Шымкент қаласы), Сағатбек Жарқынай (Алматы қаласы);

ІІІ орын иегерлері – Эльзара Кураисова (Нұр-Сұлтан қаласы), Виолетта Ткаченко (Нұр-Сұлтан қаласы).

«Қасиетті домбыра» номинациясының жеңімпаздары:

І орын – Ақнұр Махмұтова (Нұр-Сұлтан қаласы), Шыңғыс Асығатұлы (Павлодар облысы);

ІІ орын – Аружан Өміртайқызы (Нұр-Сұлтан қаласы), Жанболат Олжабай (Нұр-Сұлтан қаласы);

ІІІ орын – Ерсұлтан Ерсайын (Нұр-Сұлтан қаласы), Айым Сақы (Маңғыстау облысы).

«Әсем әнім сырнайдай...» номинациясының жеңімпаздары:

І орын – Джессика Аурелия (Индонезия), «Габен» дуэті (Индонезия);

II орын – Алекс Кунг (Индонезия), Дастанбек Тауыпалдиев (Өзбекстан);

ІІІ орын – Юлия Евтеева, София Решетняк, Алина Толочилина (Ресей).

«Бабамнан қалған кең дала» номинациясының жеңімпаздары:

І орын – Данияр Смағұлов, Гауһар Мұзафар, Жансая Амантаева (Павлодар қаласы), Ағаділ Увайдулла (Түркістан облысы);

Байқаудың гран-при иегері – Рамазан Мансұр (Нұр-Сұлтан қаласы).

Жеңімпаздар дипломдар мен сыйлықтармен марапатталды.

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда ержүректері