Нұр-Сұлтан 16.7°
×
07.10.2021, 14:30
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

Ақтоты Райымқұлова Қазақстанның халық артисін мерейтойымен құттықтады

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова белгілі театр және кино актері, Қазақстанның халық артисі Досхан Жолжақсыновты 70 жасқа толуымен құттықтады, деп хабарлайды Elorda.info.

Ақтоты Райымқұлова Қазақстанның халық артисін мерейтойымен құттықтады

«Құрметті Досхан Қалиұлы!

Сізді мерейлі 70 жасқа толуыңызбен шын жүректен құттықтаймын!

Егемен еліміз əлемдік қауымдастық алдында сан салада қарқынды дамуда. Осы орайда Сіз театр мен кино сынды екі алып өзенді бір арнаға тоғыстырып, Ұлы Дала елінің мәдениетін байытуға ұшан-теңіз еңбек сіңіріп келе жатқан қажырлы қайраткерсіз. Сахна төріндегі талай образ арқылы талғампаз көрерменнің ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленіп келесіз. Ғұмыры ізгілікке толы Біржан сал, Құнанбай сынды тұлғалардың бейнесін шебер сомдап, қазақ кинематографиясының көмбесін толтыруға атсалысып жатырсыз. Тәңір тарту еткен қасиеттің қадірін біліп, ұлт руханиятын жаңа деңгейге көтеру жолындағы еселі қызметіңіз үшін Сізге алғыс айтамын.

Алдағы уақытта да елдің есінде сақталатын туындыларыңыздың көп болуына тілектеспін. Лайым осы жолда қанатыңыз талмай, қажыр-қайратыңыз арта берсін.

Осынау ерекше сəтті пайдалана отырып, Сізге ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, қызметте табыс, отбасыңызға амандық пен ортаймас несібе-дəулет тілеймін!» – деп жазылған министрдің құттықтау хатында.

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері