Нұр-Сұлтан 28.4°
×
28.09.2021, 13:10
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

Сақ қорғандарынан табылған алтындар – Кембридж университетінде

Кембридж университетінің Фицуильям музейінде «Ұлы дала алтыны» көрмесі ашылды. Оған Шығыс Қазақстан облысындағы ежелгі сақ қорғандарынан табылған алтын артефактілер қойылған. Бұл – біздің дәуірімізге дейінгі VIII-III ғасырларда Орталық Азияда, атап айтқанда Қазақстанның Алтай тау жүйесінде үстемдік еткен скиф өркениетінің жәдігерлері, сақ қорғандарынан табылған құнды дүниелер, деп хабарлады Elorda.info 24.kz-ке сілтеме жасап.

Сақ қорғандарынан табылған алтындар – Кембридж университетінде

Көрмеге Берел, Шілікті және Елеке Сазы сияқты үш түрлі қорымнан шыққан жүзге жуық археологиялық олжалар қойылған. Экспозиция ежелгі сақтардың көшпелі мал шаруашылығы, тау-кен өндірісі және металлургия салаларында бірегей мәдениеті мен терең білімі болғанын көрсетеді. Бұл кезеңді ежелгі қазақтар тарихындағы «алтын ғасыр» деп те атайды. Ең бағалы экспонаттардың бірі – киімдері 15 мың алтын заттан тұратын «Алтын адам».

«Бұл Ұлыбританияға және әлбетте бүкіл әлемге Қазақстанның ежелгі мәдениетін танытуға арналған ерекше мүмкіндік. Меніңше, жаһан тарихын қайта жазатындай тарихи жағдай. Ішіне талай сырды бүккен археологиялық қазбаларды зерттей отырып, біз талай ғылыми жаңалықтарды бірге ашамыз деген ойдамын», - дейді Фицуильям музейінің директоры Люк Сайсон.

Шығыс Қазақстан және Фицуильям музейі арасындағы әріптестік көпірі бұған дейін орнағаны белгілі. Отандық археологтар қорғандардан табылған жәдігерлерді британиялық әріптестерімен бірге зерттеп келеді. Кембридж университеті жанындағы Макдональд археологиялық зерттеу институтының ғалымдары жаңа инвазивті емес технологияларды қолдана отырып, бірегей артефактілердің құпияларын ашып жатыр.

«Біз микроанализдер жасайтын боламыз. Заманауи микроскоптың көмегімен ежелгі сақтардың қандай технологиялар пайдаланғанын және қолөнер бұйымдарын қалай жасағанын зерттей аламыз», - дейді көрме кураторы Ребекка Робертс.

Бұл бірегей алтын артефактілердің еуропалық аудиторияға алғаш рет ұсынылуы. Оларды британиялық БАҚ халықаралық археологиялық сенсация деп атап, шара туралы жарыса жазып, таспаға түсіріп жатыр. Көрмеге кіру тегін. Экспозиция Фицуильям музейінде келесі жылдың 30 қаңтарына дейін өтеді.

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері