×
18.04.2022, 10:21
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

Астаналық оқушы атақты хирург болуды армандайды

Нұрайым Қабдыл – №74 Мұқағали Мақатаев атындағы мектептің 8-сынып оқушысы. Кішкентайынан музыкаға жақын. Флейта аспабында ойнайды, деп хабарлады Elorda.info.

Астаналық оқушы атақты хирург болуды армандайды

Нұрайымның әнге қызығу­шылығы 3-4 жасында бас­талған. Алғаш кәріс әндерін айтқан.

Ағам әнге қызығушылы­ғымды байқап, ата-анама бұл өнерімді дамытуға кеңес берді. Сахнаға 7 жасымда шығып, байқауға қатыстым. Қатты қобалжығаныммен, сахнада көрерменнің жылы лебізін сезіндім. Кейін ұстазым Анар апай «ән айтқан кезде демді дұрыс алу үшін үрмелі аспаптарға барған дұрыс» деген соң флейтаны таңдадым. 6 жыл қатыстым. Флейта ағаш немесе жезден, күміс, алтын металдардан да жасалады. Жеке орындауда, ән сүйемелдеуде және басқа аспаптармен бірге ансамбльде қолданылады. Флейтаның әуені, негізі, әдемі әрі күйзеліске түскен жандарға пайдалы. Сыртынан қарасаңыз да өте нәзік аспап екені байқалады. Бірақ ата-­анам мекенжай ауыстырған соң, музыка мектебіне қатысу қиындау болды. Бұл сабағыма да әсер етті. Сол үшін қазір флейта аспабына қатысып жүрген жоқпын. Болашақта жалғастыру ойымда бар, – деді ол.

Анасы Гүлжанның айтуынша, Нұрайым осы уақытқа дейін түрлі шараларға қатысқан. Сахнаға қатты қызығады.

Үйдегі диплом, медальден үй салуға болады. Сахнаға шыққанды жаны сүйеді. Әкесі журналист болған соң ба, сөз саптау шеберлігі де жақсы дамыған. 9 жасында «Балапан» телеарнасында «Ойлан, тап» бағдарламасын жүргізді. Арнайы кастингтен өтіп, таңдап алынды. Эфир жүргізген оған қатты ұнады. Мектепте де олимпиадалардан қалмайды, өте алғыр. Біз оның болашағына сенеміз, – деді анасы Гүлжан.

Нұрайым уақытын пайдалы өткізгенді жақсы көреді. Содан болар, бұрын музыкалық қабілетін дамытса, қазір түрлі тілдерді үйреніп жүр.

Ғылыми жоба қорғап, белгілі бір тақырыпты зерттеп жүрмін. Бұл болашақта өз саламда нағыз маман болу үшін керек. Одан бөлек, сурет салу, ағылшын тілі, жүзу үйірмелеріне барамын. Ағылшын тілінен IELTS және SAT сынақтарына дайындалып жүрмін. Себебі бұл – маңызды сынақтар. Оған қазірден бастап дайын болу керек деп ойлаймын. Оның үстіне 11-сынып бітірген соң қай оқу орнында оқитынымды әрі мамандығымды қатты ойланамын. Себебі мамандық таңдау – ең маңызды әрі қиын шешім. Қызығушылығым өте тез ауысып жүргендіктен, әлі бір нақты шешімге келмедім. Қазіргі жүрек қалауым – хирург болу. Адамдардың жан жарасын емдеп, еліміздегі медицинаны дамытқым келеді, – деді Нұрайым.

Мектепте сүйікті пәндерінің бірі – Қазақстан тарихы. Алаш партиясы, халқымыздың рухани мәдениеті оны өте қатты қызықтырады. Әлемдік кино туындыларды да жиі қарайды.

Ең соңғы рет «Бэтмен» фильмін көрдім. Бірақ өте ұзақ болғандықтан маған ұнамады. Жақында «Джейн Эйр» кітабын оқып бітірдім. Шығармада ата-анасыз қалған Джейннің өмірі сипатталады. Мектепте оқып, білімін жетілдіріп, мұғалім болып қызмет еткен оның көптеген қиыншылықтан өтіп, соны жеңген қайсарлығы тәнті етті. Қазір «Дориан Грейдің портретін» оқып жатырмын. Жалпы әлемдік классикалық шығармаларды қалдырмай оқуға тырысамын, – деді Н.Қабдыл.

Әкемді үлгі тұтамын. Кез келген ісіме үнемі қолдау көрсетіп отырады. Балаға ата-ананың қолдауы мен махаббатынан асқан қымбат нәрсе керек емес қой. Сол үшін де болашақта ата-анамның маған деген сенімін ақтағым келеді, – деді ол.

Нұрайымның жүрегі жұмсақ. Хирург мамандығын таңдап, өз клиникасын ашқысы келеді. Ал түскен қаржының бір бөлігін балалар үйіне немесе көмекке зәру отбасыларға бергісі келеді.

Егер мемлекет басшысы болсам, елімізде ғалымдарға жағдай жасауды қарастырар едім. Себебі қазір ғылыммен айналысуға құрал-жабдық, түрлі кітап, оқулық, оқу орындары жетіспейді. Солардың орнын толтырар едім. Оқу сапасын жақсартуды көздер едім. Сонда ғана еліміз сапалы мамандармен толығып, білім сапасы жақсаратынына сенімім мол, – дейді ол.

Айзада Жайыққызы

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері