×
02.12.2022, 17:18
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!
Мақалада:

Астана әкімдігі инватакси қызметіне күн сайын 1,3 млн теңге жұмсап отыр

Бүгінгі таңда қала бойынша 26 174 мүгедектігі бар адам тіркелген

Астана әкімдігі инватакси қызметіне күн сайын 1,3 млн теңге жұмсап отыр
Фото: Ашық дереккөз

Астана қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб бір адамға тәулік ішінде көрсетілетін инватакси қызметінің санын шектеуді ұсынды, деп хабарлады Elorda.info.

Астана кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі кеңестің кезекті отырысында инклюзивті білімге мұқтаж студенттерді инватакси қызметімен қамтамасыз ету мәселесі қаралды.

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб аталмыш қызметтің неге үнемі қолжетімді емес екенін түсіндірді.

Бүгінгі таңда қала бойынша 26 174 мүгедектігі бар адам тіркелген. Оның 7 188-і балалар, яғни, 18-ге толмағандар. Ал инватакси қызметін ұсыну мәселесіне келсек, негізгі проблема арнайы жабдықталған көліктердің аздығында. Мүгедек арбасын көтеріп алатын қондырғымен жабдықталған көліктер аз. Біз көлік емес, көліктің қызметін сатып аламыз. Қызметке ақшаны көбірек бөле аламыз. Бірақ көлік ұсынушыларда ондай машиналар аз. Қала бойынша 6 арнайы мамандандырылған көлік қана бар. Бұл теңізге тамған тамшыдай ғана, - деді бөлім басшысы.

Сондай-ақ ол аталмыш қызметке бюджеттен қанша қаражат кетіп жатқанын айтты.

2021 жылы бізде 50 инватакси көлігі болған. Оларға бір жылда 266 млн теңге жұмсаған болатынбыз. Биыл олардың саны 78 болды. Жыл соңына дейін солардың қызметін жалдап алуға 480 млн теңге жұмсауымыз керек. Яғни, күн сайын инватаксиге 1,3 млн теңге шығындаймыз. Мәселе сонда да шешіліп жатқан жоқ. Қала бойынша 1900-дей адам қызмет алады. Бұл жерде бізде ешқандай шектеу жоқ. Яғни, бір адам күніне 5-10 рет инватакси шақыруы мүмкін. Ал тағы бір адам күні бойы кезекке тұра алмауы ықтимал. Демек, кім бірінші тапсырыс беріп үлгереді, сол отырады деген сөз. Алдын ала кезекке жазылу тәулік бұрын басталғанның өзінде осылай.

Бір адамның инватакси арқылы күніне жасайтын сапарының санына шектеу қоюды ұсынғанбыз. Бірақ оны мүгедектігі бар тұрғындар қолдамай отыр. Бұл құқықты шектеу деп есептейтіндер бар. Сондықтан инвактаксидің қызметі бәріне теңдей беріліп отырған жоқ, - деді Илья Скуб.

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері