×
11.11.2022, 16:40
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

Астана әкімдігі қолдау білдіріп отыр – нан қалдығынан мал азығын дайындайтын кәсіпкер (ВИДЕО)

Кәсіпкердің айтуынша, бағасы қымбаттаса да, қоқысқа тасталатын нан азайған жоқ

Астана әкімдігі қолдау білдіріп отыр – нан қалдығынан мал азығын дайындайтын кәсіпкер (ВИДЕО)
Фото: Гүлжан Уалиева

Астаналық кәсіпкер Руслан Уббиниязов нан қалдығын өңдеп, мал азығын шығарады. Алайда бұл салада бірқатар мәселе бар екенін жасырмаған ол таяуда қала әкімі Алтай Көлгіновпен кездескен, деп хабарлады Elorda.info.

Руслан Уббиниязов көгерген нанды залалсыздандырып, жем жасайтын құрылғыны Қостанайдан тапсырыспен алдыртқан.

Биыл қала көшелеріне нан мен ұннан әзірленген өнімдерді салуға арналған 1500 бөшке қойдық. Бөшкелерді сатып алуға шамамен 35 миллион қаражат жұмсалды. Бұған қалталы кәсіпкерлер болмаса Үкімет тарапынан қаржылай көмек болған жоқ, - деді ол.

Кәсіпкер кей тұрғындардың бөшкеге нанмен араластырып гигиеналық заттардың қалдықтары мен басқа да қоқыстарды салып жіберетінін де жеткізді.

Қазіргі кезде Руслан Уббиниязов наннан 4 түрлі жем жасалатынын айтты. Оларды төрт түлік малға, қойға, қара малға, жылқыға және үйректерге беруге болады.

Қиындық көп. Бізде мәдениет жағы - төмендеу. Көпке топырақ шашудан аулақпын. Алайда кей тұрғындар қоқысты сұрыптап салғысы келмейді. Сондықтан мектеп бағдарламасына аптасына 2 мәрте тәрбие сағатын өткізу бойынша Үкіметке ұсыныс дайындап жатырмын. Тәрбие сағатында оқушыларға нан қалдығы, қоқыс жайлы мағлұматтар айтып отырса, нұр үстіне нұр болар еді. Нәтижесінде бала сұрыптап үйренеді, - дейді Р.Уббиниязов.

Кәсіпкердің айтуынша, бағасы қымбаттаса да, қоқысқа тасталатын нан азайған жоқ.  

Жаз айларында күніне 800-1000 келі  нан қалдығы жиналады. Ал күн суыта бастағаннан бері бұл 1 – 1.5  тоннаға дейін бара жатыр. Себебі адамдардың нанға дейін сұранысы артуда. Сондай-ақ бізге наубайханалар мен әскери бөлімшелерден де хабарласады, - деді ол.

Руслан Уббаниязов осы кәсіпті бастау үшін 150 млн теңге қаражат салған. Кәсіпкер өнімнің әр келісін 100-130 теңгеден сатады. Алайда ол шығынды жаппайды екен.

Бұл кәсіптің саудасы – маусымдық. Өйткені жаз айларында жем онша сатылмайды. Тек күн суыта бастағанда жемге сұраныс артып, сауда да қыза түседі. Әлбетте, басында біраз қиналдық. Себебі сатылым онша болған жоқ. Ал қазіргі кезде күніне 10-20 тоннаға дейін тапсырыс түседі. Алайда біз күніне тек 8 тонна шығарып беруге шамамыз жетеді. Одан артық шығара алмаймыз. Себебі оған физикалық және техникалық тұрғыдан күшіміз жетпейді, - деді Р. Уббиниязов.

Ол бұған Үкімет тарапынан қаржылай қолдау керек екенін айтады.

Бір адамның қаражатымен өндірісті үлкейту қиынға соғады. Бұған Үкімет тарапынан қолдау қажет. Әуелі нанды қоқыстан бөлу жұмысын бір жолға қою қажет. Нанды ас атасы дейміз. Алайда оған Үкімет жағындағылардың ешқандай құрметі жоқ. Осы уақытқа дейін біраз депутатпен және министрлермен кездестім. Бір қызығы, олар нанды халықтың  қоқысқа тастайтыны не тастамайтынынан хабары жоқ, - деді ол.

Оның айтуынша, күн сайын қоқысқа тастаған қалдықтан шамамен 4 тонна таза нан ұнтағын шығаруға болады.

Үкімет әуелі нанды қоқыстан ажыратуы қажет. Қынжылтатыны, Үкімет басындағылар нан жемейтін секілді. Нан – қоқыс емес. Оны өңдеп, қайтадан іске асыруға болады. Оған субсидия бөлінген кезде өңірлерде нан жерде шашылып жатпаушы еді. Мәселен, қазіргі кезде көп кәсіпкер бұл іспен айналысқысы келмейді. Себебі субсидия жоқ. Яғни бұдан пайда болмаған соң қалталы кәсіпкерлер бұл істен бас тартады, - деді елорда тұрғыны.

Жақында ол Астана қаласының әкімі Алтай Көлгіновпен кездесті.

Қала әкімі Алтай Көлгінов мені өзі шақырды. Кездесу барысында қандай көмек керек екенін сұрады. Мен осы бойынша нақты мәселелерді айттым. Біріншіден, қоқыстардың жанына қоятын арнайы нанға арналған бөшкелер жағынан көмек сұрадым. Неге? Себебі Астана бойынша 5 мың данадан артық қою керек. Ал бұған менің бір өзімнің шамам келмейді. Ілгеріде айтқанымдай, мен 1500 данасын ғана қойдым. Әкім бұл мәселе бойынша көмектесетінін айтты. Сол бойынша қаланың 4 ауданының әкімдеріне хабарласып, тапсырмасын берді. Енді жауап күтеміз, - деді ол.

Сондай-ақ кәсіпкер кездесу барысында жер мәселесін көтерген.  

Екінші мәселе – жер мәселесі. Біз цех салуға жер сұрадық. Бұл  алдағы екі-үш күнде шешіледі деді. Әкім жерді қала маңынан берілетінін айтты. Сондай-ақ мектептерде тәрбие сағатын өткізу бойынша мәселені қозғадым. Оған қатысты да әкім министрлікке өз ұсынысын берді. Ал министрлік қазіргі уақытта менімен хабарласып, бірге жұмыс істеп жатырмыз. Бұл мәселелер оң нәтижесін береді деген ойдамын, - деп сөзін түйіндеді елордалық кәсіпкер Руслан Уббиниязов.

 

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері