×
16.08.2022, 13:40
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

Бос орындар жәрмеңкесі: елордадағы ХҚКО-ға 50 адам жетіспейді

Елордада кезекті қалалық бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Тұрғындардың жұмысқа орналасуына көмектесу мақсатында ұйымдастырылған жәрмеңкеге 60-қа жуық жұмыс беруші қатысты, деп хабарлады Elorda.info.

Бос орындар жәрмеңкесі: елордадағы ХҚКО-ға 50 адам жетіспейді
Фото: Сұлтан Сейітов

Жұмыс беруші 50 мекеме жалпы азаматтар үшін, ал 9 мекеме пробация қызметі есебіндегілер және жазасын өтеп келген жұмыссыз азаматтарға бос жұмыс орнын ұсынды. Білім, сауда, қаржы, құрылыс саласындағы мекемелер жұмыс іздеп жүрген азаматтарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, түйіндемелерін қабылдады.

Қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары жыл соңына дейін әлі осындай 8 бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтетінін айтты.

Соңғы екі жылда карантин талаптарына байланысты қалалық бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткен жоқ. Біз осы жылдың соңына дейін жалпы 10 жәрмеңке ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі жәрмеңкеге қатысып отырған мекемелер 300 жұмыс орнын ұсынып отыр, - дейді орталық директорының орынбасары Талғат Есимов.

Жәрмеңке арқылы жұмыс табуға ниетті азаматтардың бірқатары еңбекке енді араласатын жас мамандар болса, енді бірі тұрмыстық жағдайға байланысты жұмыс орнын ауыстыруды көздейді. Елордаға қоныс аударған қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Алтынгүл Өңей өз еркімен жұмыс таппаған соң, жәрмеңкеде жұмыс табуға үмітті.  

Мен Аршалы ауданы Сарыоба орта мектебінде 17 жыл қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бердім. Биыл отбасылық жағдайға байланысты елордаға көштік, бірақ әлі жұмыс таппадым. Қала бойынша 30 мектепке барып көрдім, бірақ мұғалім жеткілікті. Мысалы, қалалық бір мектепке конкурсқа қатысып жатырмын, бір жұмыс орнына 55 мұғалім үміткер. Осы жәрмеңкеде бірнеше мекемеге түйіндеме тапсырдым, жақсы хабар күтемін, – дейді мұғалім А.Өңей.

Жәрмеңкеде жұмыс берушілер қатарында қалалық Халыққа қызмет көрсету орталығы да болды. Орталық 5 бағыт бойынша бос жұмыс орындарын ұсынды. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Нұр-Сұлтан қалалық филиалының өкілі елордадағы орталықтарға 50 адам жетіспейтінін атап өтті.

Елордада 9 ХҚКО бар. Қазір қызмет көрсету орталығына жұмысқа кіру жеңілдеді. Үміткерлер психологиялық тест тапсырмайды, жұмысқа әңгімелесу арқылы қабылданады. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды да жұмысқа алу жағы ойластырылған. Бүгінгі жәрмеңкеде түйіндемелер көп түсті, біз олармен танысып, барлық талапқа сәйкес келетін азаматтарды жұмысқа қабылдаймыз, – дейді Бақтияр Әлиақпаров.

Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласында жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыз, яғни қала бойынша 25 мыңға жуық жұмыссыз азаматтар бар. Осы көрсеткішті төмендету мақсатында әлі де қалалық бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтеді.

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері