Шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ көші-қон саласында делдалдық қызмет көрсететін азаматтар тарапынан құқыққа қарсы әрекеттердің алдын алу және олардың жолын кесу мақсатында 27 маусым мен 4 шілде аралығында Нұр-Сұлтан қаласының аумағында «Нелегал» жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр, деп хабарлады Elorda.info.
Іс-шараны жүзеге асыруда Полиция департаментінің көші-қон қызметі, криминалдық полиция, жергілікті полиция қызметі және басқа да жедел қызметтердің қызметкерлерінен тұратын арнайы жұмыс тобы құрылды.
Аталған шараға жұмылдырылған қызметкерлердің мобильді топтары адам саудасы фактілерін, заңсыз көші-қон арналарын анықтау және қылмыскерлерді іздестіру бойынша базарларда, салынып жатқан объектілерде, шаруа қожалықтарында, шетел азаматтарының уақытша болу орындарында рейдтік іс-шаралар өткізеді.
Сондай-ақ, мобильді топ елорда тұрғындарына қолданыстағы көші-қон заңнамасын түсіндіру бойынша жұмыстар жүргізеді.
Атап өтетін жайт, полиция қызметкерлері «Нелегал» жедел алдын алу іс-шарасы аяқталғаннан кейін де уәкілетті органның рұқсатынсыз шетелдік азаматтардың еңбек қызметін жүзеге асыру бойынша бұзушылықтарды анықтау үшін тұрақты түрде жұмыс жүргізеді.
Полиция департаменті шетел азаматтарын көші-қон тәртібін бұзбауға және тиісті құжаттарды уақтылы ресімдеуге шақырады.