Нұр-Сұлтан 22.9°
×
22.05.2022, 11:35
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

Елордада «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысуға өтінімдер қабылдау жүріп жатыр

Нұр-Сұлтан қаласында 15 мамырдан бастап «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңіне қатысуға өтінімдер қабылдау жүріп жатыр, деп хабарлады Elorda.info қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елордада «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысуға өтінімдер қабылдау жүріп жатыр
Фото: қалалық әкімдік

«Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 6 желтоқсандағы № 250 өкіміне сәйкес Қазақстанда жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы өткізіледі.

Аталған байқаудың негізгі мақсаты – отбасы институтын, адамгершілікті, руханиятты нығайту, жауапты ерлі-зайыптылықтың маңызын тану, ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру, отбасылық құндылықтарды, кәмелетке толған балаларының еңбекке қабілетсіз және егде жастағы ата-аналарына қамқорлығын дәріптеу, және кеңінен насихаттау және қазақстандық отбасының жағымды имиджін насихаттау.

Байқауға қатысу үшін «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын өткізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 5 наурыздағы № 181 қаулысының Қосымшасына сәйкес, нысан бойынша өтінім электрондық нұсқада мынадай құжаттармен қоса беріледі:

1) ата-аналардың (қорғаншылардың, қамқоршылардың) жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері, балалардың туу туралы куәліктерінің көшірмелері;

2) асырап алушы (қорғаншы) отбасылар үшін — жергілікті уәкілетті органның кәмелетке толмаған балаға қорғаншылықты (қамқоршылықты) белгілеу туралы шешімінен үзінді көшірме;

3) неке қию туралы куәліктің көшірмесі;

4) ата-аналарының біреуі қайтыс болған жағдайда, қайтыс болу туралы куәліктің көшірмесі (бар болса);

5) балаларды тәрбиелегені үшін мадақтаулардың, белгілі бір жетістіктері үшін алған мадақтаулардың бар екенін куәландыратын құжаттардың көшірмелері;

6) заңды және (немесе) жеке тұлғалардың ұсыным хаттары (кемінде екеу);

7) отбасы мүшелерінің еңбектегі, спорттағы, шығармашылық, зияткерлік, ғылыми жоғары жетістіктерін куәландыратын құжаттардың көшірмелері;

8) қоғамдық пайдалы қызметке (волонтерлік, қайырымдылық, меценаттық, тәлімгерлік) қатысуды растайтын құжаттардың көшірмелері;

9) дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім.

Құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған жағдайда, комиссия өтінім берілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттарды конкурсқа қатысуға ниет білдірген отбасына қайтарады.

Конкурсқа қатысуға ниет білдірген отбасы ұсынылған құжаттар қайтарылған күннен бастап үш жұмыс күн ішінде пысықталған өтінімді қайта береді.

Конкурсқа қатысуға өтінімдер 15 мамырдан бастап 15 маусымға дейін электрондық поштаға қабылданады: mereyliotbasy2022_ns@mail.ru (pdf форматында). Қатысу шарттары туралы толық ақпаратты келесі телефондар арқылы білуге болады: 8 7172 55 67 01, 8 7172 55 67 08.

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері