Нұр-Сұлтан 10.1°
×
20.05.2022, 08:33
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

Ақбұлақ өзенінің жағалауы астананың көрікті орындарының біріне айналады

Шағын сарқыраманы тамашалау алаңы, ойын және спорт аймағы, көше кітапханасы, түрлі тақырыпқа арналған фотозоналар. Міне осының бәрі жақын арада Пушкин көшесі бойында Амман көшесіне дейінгі аралықтағы Ақбұлақ өзенінің жағасында ашылады, деп хабарлады Elorda.info.

Ақбұлақ өзенінің жағалауы астананың көрікті орындарының біріне айналады

Абаттандырылатын аумаққа өзеннің жағалауы мен жаяу жүргіншілер бөлігі кіреді. Өзге аудандар секілді ауқымды жөндеуге кіріспес бұрын Байқоңыр ауданы әкімдігінің және қаланың урбанистика орталығының қызметкерлері қыс мезгілінде жергілікті тұрғындармен бірнеше кездесу өткізген болатын. Осы кездесулерде ауданның белсенді тұрғындары балалар алаңдарының, зейнеткерлерге арналған демалыс орындарының болмауы мәселесін, мүмкіндігі шектеулі жандардың да емін-еркін жүріп-тұруына кедергісіз орта құруды, қараусыз қалған саябақты ретке келтіруді, сол сияқты аумақтарды көгалдандыруды сұраған болатын. Осының негізінде қалалық орталықтың урбанистері жағалауды дамыту тұжырымдамасын әзірледі. Урбанистер мен қала тұрғындарының бірлескен жобасына сәйкес, аталған аумақта көше кітапханасы, арт-нысандар, от жағып, серуен құруға болатын аумақ, қосымша жарықтандыру, су жанындағы әткеншек-орындықтар, ғашықтардың кездесу орны ашылады. Сол сияқты Еуразия ұлттық университетінің жанындағы көпір асты кеңістігінде ойын алаңы орнатылады.

Нұр-Сұлтан қаласының Урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкеннің айтуынша, мұнда ландшафтық ұйымдастыру жұмыстарын орындау үшін аумақтың, отырғызу материалының, жаяу жүргіншілер жолдарының, қолданыстағы инфрақұрылымның жай-күйіне талдау жүргізілді. Көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінеді. Мұнда 97 ағаш пен 912 бұта отырғызу жоспарланып отыр. Абаттандырудың жалпы ауданы 10 000 шаршы метрді құрайды.

Амман көшесіндегі көпірдің астында жаяу жүргіншілер жолы құрылатын болады. Осылайша саябақ кластерлері біріктіріледі. Бір сөзбен айтқанда, астананың дизайн-кодына сәйкес жайлы қалалық ортаны құрудың барлық элементі ескеріледі.

Қаланың дизайн-коды – қолайлы ортаны қалыптастыру құралы. Артық шудың, жаяу жүргіншілердің жүруіне қиындық тудыратын кедергілердің болмауы, жарықтандыру, көгалдандыру және демалыс орындарының жеткілікті болуы. Міне осының бәрі қаланың көркін арттыра түседі, - деді Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев.

Естеріңізге сала кетейік, биыл «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында 200-ден астам аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандыру жоспарланып отыр. Сол сияқты қаланы жаппай көгалдандыруға да ерекше көңіл бөлінеді.

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері