Нұр-Сұлтан 10.1°
×
19.05.2022, 15:33
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

Елордалық жастар конституциялық реформаларды түсіндіру бойынша кездесу өткізді

Бүгін Astana IT University-де конституциялық реформаларды түсіндіру бойынша Республикалық қоғамдық қолдау штабының мүшелері елордалық жастар бірлестіктерінің өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлады Elorda.info.

Елордалық жастар конституциялық реформаларды түсіндіру бойынша кездесу өткізді
фото: ашық дереккөзден

Кездесуде Республикалық волонтерлер Фронт-офисі жобасының үйлестірушісі Айбек Досымбетов, Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының мемлекеттік органдармен жұмыс жөніндегі менеджері Әлішер Құмарғалиев, BIRGEMIZ республикалық волонтерлік фронт-офисінің үйлестірушісі Перизат Қайратқызы, Қазақстан студенттері альянсының атқарушы директоры Азат Теңгебаев сынды белсенді жастар қатысты.

Республикалық волонтерлер Фронт-офисі жобасының үйлестірушісі Айбек Досымбетовтың сөзінше, еліміздің дамуы үшін референдумның маңызы зор.

Референдум халыққа әділетті, дамыған Қазақстанды құруға алып келеді. Референдум билік өкілдерін немесе партиялардың мүддесін қолдау үшін емес, халықтың мүддесін қорғауға бағытталып отыр. Бұл еліміздің дамуына үлкен серпін береді. Халықтың құқығы қорғалатын болады. Заңдардың ішінде атап өтер болсам, өлім жазасын алып тастау, яғни бұл – адам құқығының сақталуы. Референдум арқылы халықтың емін-еркін, әділетті ыңғайлы өмір сүруіне бірден бір жағдай жасалатын болады. Өзімізден кейінгі ұрпаққа әділетті Қазақстанды құрып, аманат етіп қалдырып кетуіміз керек, – дейді А. Досымбетов.

Ал Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының мемлекеттік органдармен жұмыс жөніндегі менеджері Әлішер Құмарғалиевтың айтуынша,  жастарға мүмкіндер жасалуы үшін конституциялық реформалар маңызды.

Мен не үшін референдумға барамын деген сұраққа жауап берер болсам, біз сияқты жастарға өзгеріс керек. Ең бастысы, демократиялық құндылықтар. Біз сіздермен басқа ұрпақпыз. Тәуелсіз елде туып, өстік. Сондықтан бостандық, сөз бостандығы, демократия деген терминдерді жақсы түсінеміз. Бізге өзімізді және армандарымызды жүзеге асыру үшін тең құқылы мүмкіндіктер қажет. Сондықтан референдумға қатысып, өз дауысымды беремін, – деді Ә. Құмарғалиев.

Жиын қатысушылары Конституцияның ел дамуындағы рөлі мен конституциялық реформаның «Жаңа Қазақстанды» құрудағы маңыздылығын талқылап, өздерінің белсенді азаматтық ұстанымдарын білдірді. Сол сияқты көкейкесті мәселелерді қозғап, ұсыныстарын да айтты.

Айта кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты ХХХІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынған болатын.

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері