×
06.05.2022, 10:16
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

Астанада соғыс ардагерлеріне арналған «Естелік тақтасы» ашылды (ФОТО)

Отан қорғаушы және Жеңіс күні қарсаңында Ішкі істер министрлігінің Мемориалдық кешені ашылды, деп хабарлады Elorda.info Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Астанада соғыс ардагерлеріне арналған «Естелік тақтасы» ашылды (ФОТО)
Фото: polisia.kz

Іс-шараға Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, елорда әкімі Алтай Көлгінов, Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов, ішкі істер органдары және Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлері, ведомство қызметкерлері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қатысты.

Мемориалдық кешен Жеңістің 77 жылдығына орай және Отанын қорғап, ерлік көрсеткен ішкі істер органдарының қызметкерлері – қазақстандық жауынгерлердің құрметіне салынды.

Бұны сұрапыл Екінші дүниежүзілік соғысының кезінде елі үшін, халқы үшін жанын пида еткен, өмірін қиған талай қазақ батырларына, сол Екінші дүниежүзілік соғысына қатысқан азаматтардың бәріне, соғыста жеңіске жету үшін тылда еңбек еткен, ерлік жасаған біздің халқымыз үшін қойылған үлкен ескерткіш деп қарастыруымыз керек деп ойлаймын, – деді Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов.

Айта кету керек, Екінші дүниежүзілік соғысқа бір жарым миллионнан астам қазақстандық қатысты, олардың жартысынан көбі майдан даласынан елге оралған жоқ. 500-дей отандасымыз Кеңес Одағының батыры атанып, 124-і – “Даңқ” орденінің толық иегері болды.

Отан үшін от кешкен бабалардың рухына қызмет ету – әрқашан да біздің парызымыз. Толқынды толқын қуады дейді. Қазақ айтады “тұлпардың дүбірін естімеген тай арғымақ бола алмайды” деп. Сондықтан бүгінгі іс-шара – болашақ ұрпаққа үлгі. Еліміздің тыныштығын, құқықтық тәртіпті, қауіпсіздікті сақтауға бүкіл күш-жігерімізді саламыз, – деді Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.

Жиналғандар мемориалға гүл шоқтарын қойып, батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Құрметті ардагерлер! Сіздер осы батыр бабаларымыздың ерлігін ары қарай осы бейбіт өмірде жалғастырып, біздің тәуелсіздігімізді нығайтып, халқымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, еңбек еттіңіздер. Сіздерге үлкен ризашылығымызды білдіреміз. Сіздердің қызметтеріңізді қазіргі саптағы полиция қызметкерлері жалғастыруда. Бұл – абыройлы қызмет, – деп атап өтті қала әкімі Алтай Көлгінов.

Батырлардың есімі өскелең ұрпақтың жүрегінде мәңгілікке қалары сөзсіз.

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері