Нұр-Сұлтан 19.7°
×
30.11.2021, 12:45
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

Елордада 600-ге жуық үлескер баспаналы болды

Сарыарқа ауданындағы «Жеті жол» тұрғын үйі пайдалануға беріліп, 600-ге жуық адам баспаналы болды, деп хабарлады Elorda.іnfo.

Елордада 600-ге жуық үлескер баспаналы болды
фото: Сұлтан Сеитов

«Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС басқарушы директоры Мақсат Шаяхметовтың сөзінше, «Жеті жол» тұрғын үйінің құрылысы 2013 жылы басталған.

«ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғый үй құрылысы бағдарламасының аясында салынып бітті. Бүгін, Тұңғыш Президент күні қарсаңында үлескерлерге үй кілтін табыстап жатырмыз. 600-дей адам баспаналы болып отыр. Олар бұл күнді 8 жыл күтті», – деді М.Шаяхметов.

Баспаналы болған елорда тұрғыны Құралай Аманбекқызы болса қуаныштан көз жасын тыя алмай, үй алуға көмектескен жандарға батасын берді.

«Осы үйді тұрғызып берген балаларға рақмет! Оларға бар жақсылықты тілеймін! Үй аламын деп қатты қиналдым, көрмеген қиындығым қалмады. Көшеде қалдым. Не үйім, не қаражатым жоқ. Ақырында әкімдік үй алуға көмектесті. Қала әкімдігіне алғысымды білдіремін! Дендері сау, өмірлері ұзақ болсын! Бақытты болсын», – деді әжей.

Гүлнар есімді тұрғын да бұл жаңалыққа сенгісі келмейтінін айтып, ұзақ күтіп, ақырында үйлі болған қуанышын жеткізді.

«Өте қуаныштымын! Біз бұл үйді ұзақ күттік. Мемлекеттік бағдарламаның аясында, әкімдіктің қолдауымен баспаналы болдық. Сондай-ақ, «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС-не алғысымды білдіремін. Біз өте бақыттымыз», – деді қала тұрғыны. 

Айта кетейік, «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ведовствоаралық комиссиясының ұсыны бойынша бас қаладағы проблемалық нысандар құрылысын қаржыландырумен айналысады. 2021 жылдың соңына дейін 57 үйдің мәселесін шешу тапсырылған. Бүгінде оның 31-і орындалып, 4,3 мың үлескерге баспана кілті беріліп жатыр. Аталған мәселе бойынша 2022 жылдың соңына дейін үлескерлер мәселесі мен проблемалық үйлер салынып бітетін болады.

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері