Нұр-Сұлтан 19.1°
×
29.11.2021, 15:15
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

Елордада республикалық STEM-олимпиадасы өтті

Нұр-Сұлтанда 8-11-сынып оқушыларының қатысуымен екі күндік республикалық STEM-олимпиадасы өтті. Іс-шараға еліміздің барлық өңірінен 200-ден астам оқушы қатысты, деп хабарлады Elorda.info.

Елордада республикалық STEM-олимпиадасы өтті

Олимпиада қатаң санитарлық нормаларды сақтай отырып гибридті форматта өтті.

STEM – бұл техникалық білім беру саласындағы барлық соңғы жетістіктерді қамтыған инновациялық білім беру олимпиадасы. Олимпиада инженерлік робототехника, бағдарламалау, 3D модельдеу және жобалық тапсырмалар сияқты пәндерді қамтиды.

"Біз STEM олимпиадаларын өткізудің ескі дәстүрін жалғастырудамыз. Ондағы мақсат – бірінші кезекте, оқушылардың әлеуетін ашу, білімдерін кеңейту және әрқайсысын ғылымдағы, оқудағы инновациялық тәсілге шабыттандыру. Сонымен қатар, мұндай олимпиадалар Қазақстанда IT-саласын дамыту үшін іргетас қалайды. Себебі балалар – еліміздің болашағы", – деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласы Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Ботагөз Қасабек.

Олимпиада қорытындысы бойынша ұйымдастырушылар мен серіктестерден 14 жеңімпаз Playstation 5, ойын лэптопы, GoPro, планшеттер, ұялы телефондар және кинокуб сыйлықтары ретінде марапатталды. Қатысушылар ынталандыру сыйлығы ретінде Ардуино робототехника жиынтығын алды.

Бас жүлдені Қарағанды облысының оқушысы Алмаз Асанәлі жеңіп алды, елордалық оқушылар Сәрсеке Еділ мен Божанов Алдияр 1 және 2-орынға ие болды. Сондай-ақ, 2-орынды Алматыдан келген Балғабай Шыңғысбек иеленді. 3-орынды Қарағанды және Павлодар облыстарының оқушылары – Сабдалы Еділ және Елтай Айдар иеленді.

"Бізде балалардың білімін тексеру мақсаты жоқ. Олимпиада кезінде қатысушылар интернетті пайдаланады. Ең бастысы, бала сол білімді қалай пайдалана алады. Білімді бизнесте қолдану дағдысы – сол ең маңыздысы. STEM-олимпиадада біз бірінші кезекте мәселені шешудің емес, оны шешудің жолын қолдаймыз", - деп атап өтті STEM Academia әзірлеу жөніндегі директоры Мағжан Қыстаубаев.

Ұйымдастырушылар STEM-олимпиадалар ҚР БҒМ республикалық олимпиадаларының тізіліміне енеді деп үміттенеді, содан кейін жеңімпаздар бағалы сыйлықтарды ғана емес, сонымен қатар еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында белгілі бір мамандықтарға гранттар алатын болады.

Естеріңізге сала кетейік, STEM олимпиадасы 2018 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді. 4 жыл ішінде іріктеу мен олимпиаданың финалдық кезеңіне Қазақстанның түкпір-түкпірінен 14 мыңнан астам оқушы қатысты.

Екі күндік олимпиаданы Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі, "Астана Innovations" АҚ, "Stem Academia" халықаралық ғылыми-өндірістік орталығы және Stem school Quantum ұйымдастырды.

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері