Астаналық тәртіп сақшылары жедел іздестіру іс-шаралары барысында пәтерге ұрлыққа түсті деген күдікпен 42 жастағы ер адамды ұстады, деп хабарлады Elorda.Info.
Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің мәліметінше, күдікті тұрғындардың ізін ала подъездге кіріп, пәтерлердің есігін тартып көре бастаған. Сөйтіп, құлыптанбаған пәтерлердің біріне кіріп, кіре берісте тұрған «Xiaomi» маркалы ұялы телефон мен рюкзакты алып кеткен.
«Күдікті уақытша оқшаулау орнына қамалды. Ұрланған 400 мың теңгенің телефоны тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктінің бұған дейін жасалған осындай қылмыстарға қатысы тексерілуде», - деді ведомство өкілдері.
Сонымен қатар, полиция департаменті елорда тұрғындарына сақ болуды және құнды заттарын қараусыз қалдырмауды ескертеді.