Elorda.info

Елордалық үздік дәрігерлер марапатталды (ФОТО)

Медицина қызметкерлері күніне орай Нұр-Сұлтанда салтанатты іс-шара өтіп, онда қала медицинасын дамытуға қосқан үлесі үшін денсаулық сақтау саласының 30-дан астам қызметкері марапатталды, деп хабарлады Elorda.info.

Елордалық үздік дәрігерлер марапатталды (ФОТО)

Сол сияқты еңбегімен көзге түскен медицина саласының қызметкерлері 8 номинация бойынша марапатталды, оларға 1 млн теңгеден табыс етілді.

Үздік дәрігерлерді марапаттау кезінде пациенттердің қажеттіліктеріне прагматикалық және тиімді көмек көрсету қабілеті ескерілді. Себебі халыққа медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасына ерекше мән беріледі. Сондай-ақ кейбір номинациялар бойынша үздіктерді анықтау барысында COVID-19 кезеңіндегі дәрігерлердің үйлесімді жұмысы мен науқастарды емдеудегі қиындығы атап өтілді.

Биыл «Үздік» атағын елорданың медицина қызметкерлері 8 номинация бойынша алды: «Үздік МСАК ұйымы», «2022 жылдың тиімді менеджері», «Үздік жалпы практика дәрігері», «Үздік орта медицина қызметкері», «Үздік хирург», «Үздік акушер-гинеколог, «Үздік жедел жәрдем бригадасы» және «COVID-19 пандемиясының жеңімпазы».

«Үздік МСАК ұйымы» номинациясы бойынша №9 қалалық емхана жеңіске жетті. Марапат емхананың директоры Сәуле Смағұловаға тапсырылды.

«2022 жылдың тиімді менеджері» номинациясы бойынша №2 көпсалалы қалалық ауруханасының директоры Нұрбол Тұрсынбаев жеңіске жетті.

Медицина қызметкерлерін марапаттау тарихында биыл алғаш рет арнайы номинация – «COVID-19 пандемиясының жеңімпазы» берілді. Бұл номинация инфекция жұқтырған науқастардың өмірін қорғап қалу үшін тоқтаусыз күрескен екі дәрігерге берілді. Номинация қалалық фтизиопульмонология орталығының директоры Анна Цепка мен №3 көпсалалы қалалық ауруханасының директоры Жұлдыз Данбаеваға тапсырылды. Себебі ауруханаларда коронавирустық инфекциясы бар алғашқы науқастарды анықтап, негізгі соққыны өздеріне қабылдады.

Екі жарым жылға созылған пандемия кезінде біз түрлі сынақтардан өттік. Тек сіздердің жанқиярлық еңбектеріңіздің арқасында мыңдаған адам сауығып шықты. Бұл үшін сіздерге деген алғысым шексіз. Осындай қиын-қыстау кезеңде Мемлекет басшысы еліміздің бүкіл медицина қауымын, оның ішінде елорда дәрігерлері мен медицина қызметкерлерін жеке бақылап, қолдау көрсетті. Еліміздің бас қаласына барлық өңірлерден адамдар емделуге көптеп келеді. Медициналық құрал-жабдықтар жаңарып, жалақы өсіп, инфрақұрылым жаңғыртылғандықтан, біздің медициналық кластеріміз жаңа деңгейге шықты. Тек елордада екі жыл ішінде медициналық жабдықтарды жаңартуға және медициналық мекемелерді күрделі жөндеуге 12 миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ, жаңа перзентхана мен емхана құрылысын жобалау жұмыстары жүргізілуде, – деді А.Көлгінов.

Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов өз сөзінде инфекциямен күрестегі қысылтаяң уақытта республикалық және ведомстволық денсаулық сақтау ұйымдарының әріптестері үлкен көмек көрсеткенін айтып өтті. Олардың көмегімен коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарды емдеу үшін қосымша 800-ден астам төсек-орын орналастырылды. Оларға көмек көрсеткені және қосқан үлесі үшін Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің атынан алғыс хаттар табыс етілді (Академик Н.Д. Батпенов атындағы Травматология және ортопедия ұлттық ғылыми орталығы, Ұлттық ғылыми медициналық орталық, Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы, Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық, ҰОС мүгедектеріне арналған орталық клиникалық госпиталь, емханасы бар орталық госпиталь, Бас травматология және ортопедия ғылыми орталығы, Әскери клиникалық госпиталь және т.б.).

«Жедел медициналық жәрдемнің үздік бригадасы» атағына жедел медициналық жәрдем станциясының №10 бригада ұжымы аталды: Рустама Құрманаева (дәрігер), Нұржан Ешімбетов (фельдшер), Дулат Ультраков (жүргізуші).

Тағы бір номинация – «Үздік жалпы тәжірибелік дәрігер» №4 қалалық емхананың дәрігері Шолпан Мұқышеваға берілді.

Ал «Үздік хирург» атағына №2 Көпбейінді қалалық аурухананың жүрек-қан тамырлары хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Алексей Смоленский ие болды.

№3 көпсалалы қалалық аурухананың перзентхана бөлімінің меңгерушісі Эльмира Әлімжан «Үздік акушер-гинеколог» атанды.

№ 11 қалалық емхананың учаскелік мейірбикесі Бибігүл Шоқыбасова «Үздік орта медицина қызметкері» номинациясын жеңіп алды.

АҚПАРАТ АҒЫНЫ

Елорда үздіктері