Elorda.info

Қызды суицидтен құтқарған елордалық полицейлер марапатталды

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қызды суицидтен құтқарған елордалық полицейлерді марапаттады, деп хабарлайды Elorda.info.

Ішкі істер министрі патрульдік полиция полкі взводының командирі Алмаз Құлтановқа, полк қызметінің инспекторлары Асылхан Нұрмұхамбетов пен Нұрсұлтан Сариевке жедел әрі үйлесімді іс-әрекеттері үшін жеке алғысын білдіріп, полицейлерді ІІМ-нің "Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін" медалімен марапаттады.

"Күн сайын бүкіл ел бойынша мыңдаған полиция қызметкерлері азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін қызмет атқарады. Оларды қылмыстық қол сұғушылықтан қорғайды және өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға көмектеседі. Біздің қатарымызға кірген әрбір адам полиция қызметі жанқиярлықты, батылдықты және адамдар үшін өмір мен денсаулығын қатерге тігуге дайын болуды талап ететінін түсінеді", - деді марапаттау рәсімі кезінде ІІМ басшысы.

Ол өз сөзінде осындай сыни жағдайларда полиция қызметкерлері бірнеше секунд ішінде жауапты шешімдер қабылдауға мәжбүр екенін, кейде мұндай шешімдер адамның тағдырын шешіп жататынын атап өтті.

"Тек кәсібилікпен және өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарау, әр адамның проблемаларына назар аудару арқылы ғана сенімге қол жеткізуге болады. Сіз және сіздің әріптестеріңіз алдағы уақытта да өз қызметтік борышын үлгілі және жанқиярлықпен атқаратынына сенімдімін", - деді Ерлан Тұрғымбаев марапатталғандарға.

Еске сала кетейік, 3 қазан күні елордалық полицей Алмаз Құлтанов Қабанбай батыр даңғылында қызмет атқарып жүрген кезінде Есіл өзені арқылы өтетін көпірде "Рамстор" сауда үйінің маңында өзін біртүрлі ұстаған қызды байқап қалады. Қыз жолда тез шешініп, көпірден секіруге оқталған.

Қызметкер бұл факт туралы ЖБО кезекшісіне хабарлайды да, өзі оқиғаның алдын алу үшін бірден көпірге қарай бет алды. Бірақ бұл кезде қыз суық суға секіріп кетеді. Полиция қызметкері Құлтанов бір секунд бөгелместен 10 метр биіктіктен секіріп, оның қасына жүзіп барады да, киімінен ұстап, жағаға қарай бет алады.

Оның серіктестері Асылхан Нұрмұхамбетов құтқару құралдарының жиынтығынан құтқару шеңберін лақтырып, оны жағаға қарай тарта бастады. Ал Нұрсұлтан Сариев әріптесіне көмектесу үшін суға секіреді.

Айта кету керек, құтқару құралдарымен қазіргі уақытта әрбір патрульдік автокөлік жабдықталған.

Қабылданған шаралардың арқасында полицейлер өзіне-өзі қол жұмсау әрекетінің алдын алып, қызды одан әрі көмек көрсету үшін медицина қызметкерлеріне тапсырады.

Бөлісу!

АҚПАРАТ АҒЫНЫ

Елорда үздіктері