Нұр-Сұлтан 20.6°
×
30.12.2021, 17:45
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

Мақсат Халық: Әр отбасы жалақының 50%-дан астамын азық-түлікке жұмсаса, демек, ол кедей ел деген сөз

Өтіп бара жатқан 2021 жыл елімізге экономикалық тұрғыдан қандай болды? Ең бастысы, халықтың әл-ауқаты жоғарылады ма, әлде керісінше нашарлады ма? Неліктен елдегі әлеуметтік жағдай дұрыс сипатталмайды,  жұмыссыздар саны дұрыс көрсетілмейді, ал инфляция деңгейі, ресми деректерге сүйенсек, 10%-дан аспайды?

Жалпы экономикамызға қатысты ресми мәліметтер шындыққа жанаспайтыны баршамызға мәлім. Саяси шешімдерді ескермегенде, белгілі экономист Мақсат Халықтың айтуынша, оның бірден-бір себебі – біздің мемлекеттік органдар мен сарапшылар экономикалық көрсеткіштерді талдағанда Кеңес заманынан қалған бұрынғы әдістерді әлі де пайдаланып отыр.

Мақсат Халық: Әр отбасы жалақының 50%-дан астамын азық-түлікке жұмсаса, демек, ол кедей ел деген сөз
фото: nur.kz

– Егер Ұлттық экономика министрі болып тағайындалсаңыз, Сіздің ең бірінші іске асыратын шараларыңыз қандай болады?

– Ең алдымен, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға байланысты шараларды бірінші қолға алар едім. Ол бірінші кезекте елдегі ең төменгі күнкөріс шегі бар, ең төменгі жалақы бар. Осыларды есептеу методикасын қайта қарастыратын едім. Қазіргі уақытта ең төменгі күнкөріс шегі 34 мың теңге. 2022 жылдан бастап 36 мың теңге болады. Бірақ бір адам 36 мың теңгеге өмір сүре алмайды! Бұл – ақылға сыймайды! Ұлттық экономика министрлігінің Тағамтану академиясымен бірлесіп жасаған кестесі бар, ол бойынша 36 мың теңге жеткілікті. 36 мың теңге, басқасын былай қойғанда, азық-түлік сатып алуға жетпейді. Сондықтан да осы көрсеткіштер методикасын қайта қарап, есептеу қажет. Проблеманың бәрі осыдан шығып отыр. Сол себептен кедейшілік деңгейі пандемияға дейін 4,2% болған, қазір 4,8%. Бірақ бұл да дұрыс көрсетілмей отыр.

Бұған қоса тұтынушы себеті деген бар, онда азық-түлік тауарларының 43 түрі, яғни ең қажетті деген тауар түрі ғана қарастырылған. Ал әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Ресейдің тұтынушы себетінде 150 тауар түрі болса, Еуропа елдерінде 250 тауардан басталады. Оларда  адамның бүкіл тұрмыс-тіршілігіне қажетті барлық тауарды қосады. Мәселен, азық-түліктен бөлек, шаштаразға бару, дәрі-дәрмек алу, транспорт және канцеляриялық шығындар.

Ең қызығы, Қазақстандағы тұтынушы себеті соңғы рет 2006 жылы өзгертілген. Өздеріңіз білетіндей, одан бері баға қаншама рет өсті. Дегенмен Еңбек министрлігі  осы тұтынушы себетін 2018 жылы қайта жаңартқанын айтып отыр. Қарастырған болса, неге 43 тауар сол күйі қалады?! Меніңше, тұтынушы себетіне негізгі тауарлар түрін өсіру қажет деп ойлаймын.

Әлемдік банк өткен жылы пандемияға байланысты «Қазақстан дағдарысты еңсеру жолында» деген баяндама жазды. Сонда егер де Қазақстан осы пандемияның салдарымен дұрыс күреспейтін болса, кедейшілік деңгейі 14%-дан асып кетуі мүмкін деген болжам жасады. Кеңес заманынан қалған бұрынғы методикалардың бәрі ескі. Оны қазіргі шынайы өмірде пайдаланудың ешқандай қажеті жоқ. Мәселен, әлемдік стандарттарға қарайтын болсақ, күніне 5,5 доллардан төмен табысы бар адам кедей деп есептеледі, бір айда бұл ақша - 72 600 теңге. Бізде 2 есе аз болып тұр. Ал енді қараңыз, егер де Үкімет осы жоғарыда айтылған статистиканы шығаратын болса, әлемдік рейтингтен түсіп кетуіміз мүмкін. Өйткені, кедейлердің саны көбейіп кетеді. Біздің шенеуніктерді сол халықаралық рейтинг алаңдатады деп ойлаймын. Қазір рейтинг қуатын заман емес, керісінше халықтың шынайы жағдайын көтеру керек.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі елдегі әлеуметтік мәселені шешуге күш салып, Жұмыспен қамту орталықтарын ашып, проблеманы шешуге бағытталған шараларды жасағысы келеді. Бірақ оларға басынан Ұлттық экономика министрлігінің көрсетіп отырған кедейлердің саны дұрыс болмаса, олар мәселелерді қалай шешуі мүмкін?  

Бізде халық көбіне Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігін сынайды. Соларды тілге тиек етіп, оларға бүкіл ренішін, ашу-ызасын айтады. Бірақ мәселенің бәрі Ұлттық экономика министрлігінің беретін есептемелерінде болып отыр. Сондықтан үлкен кінә - соларда.

Ал олардың ең сүйікті жауабы - бюджетте онсыз да тапшылық бар, әлемдік стандарттарға сай күнкөріс шегін өсірсек, әлеуметтік төлем алатын халықтың саны ұлғайып кетеді. Яғни қоғамда масылдық сана кеңінен тарайды.

– Сарапшы ретінде бұл жағдайларды реттеу үшін қандай кеңес ұсынасыз?

– Менің ойымша, бізде шығындар статьясы бойынша жұмыс істелуі керек. Өйткені көптеген қаражат халыққа пайдасы жоқ жобалармен квазимемлекеттік сектор, соның ішінде «Самрұқ Қазына» АҚ-тың еншілес компанияларына жұмсалады. Солардың бәрін дұрыс қадағалау керек. Көлеңкеде жатқан ақшалардың бәрі сонда. Оның бәрін реттесе, сол жаққа жіберген қаражатты осындағы халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге, әлеуметтік осал топтарға төлемдердің қадірін қашырмай, екі есе көбейтіп төлеуге мүмкіншілік болады деп есептеймін. Неге мен тағы да бұлай айтып отырмын? Себебі егер де реалды жағдай дұрыс сипатталмаса, халықтың жағдайы дұрыс көрсетілмесе, оған қатысты қабылданып жатқан бүкіл мемлекеттік бағдарламалар бұрынғыша қалады.

Мемлекеттік бағдарламаларға байланысты айтсам, Президентіміз 9 ұлттық жобаны бекітті ғой, оған бюджеттен 32 трлн теңге қарастырылған. Соның үшеуін осы Ұлттық экономика министрлігі жасады, бұл - халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жобалар. Оның ішінде «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу», «Кәсіпкерлікті дамыту», сонымен бірге «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» секілді ұлттық жобалар бар. Осы үш жобаның бюджеті 15,9 трлн теңге. Оған ішкі бюджеттен және сырттан инвестиция тартылады. Егер де осы жобаларды жүзеге асыруға нақты бір адамдар нақты жауапкершілік алмаса, онда сырттан тартылған инвестиция, мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражат та ертең өзін ақтамайды. Оның барлығы шөл далаға құйылған су сияқты. Неге десеңіз, бұған дейін де қаншама бағдарламалар қабылданды, мысалы, Индустрияландыру бағдарламасы, оған соны 2003 жылы әзірленген Қайрат Келімбетов жауап берді. Одан кейін 2010-2020 жылдарға арналған екінші индустрияландыру бағдарламасы қабылданды. Ол жерде көбіне Әсет Исекешевтың фамилиясы жүрді. Бірінші 5 жылдықтан кейін Әсет Исекешев жақсы есеп берді. Екінші 5 жылдықта көп дүние жасалуы керек еді. Бірақ кім оған жауап берді? Әсет Исекешев мырза кейін әкім болып кетті. Яғни жауапты адамның жоқтығы. Мемлекеттік бюджеттен ақша бөлінді деген кезде сол ақшаны жеп қалғысы келетін адамдар көп. Ондай фактілердің бар екені ақиқат. Жалпы тұтастай мемлекеттік бюджетті алып қарайтын болсақ, бюджеттің бір жылдық шығыны - 15 трлн!

Салыстырмалы түрде айтсам, Еуропадағы жай ғана бір ауылдың бюджеті бар. Сол бюджетте келер жылға жоспар құрған кезде, сол жердегі шенділер халықпен кеңеседі. Бүкіл халықпен болмаса да, халықтың сенімді өкілдері болады. Солармен кеңес жүргізеді. Алдын ала талқылайды, мінекей, бюджетімізде қаражат бар, оған мектеп саламыз ба, жоқ әлде балалар ойнайтын алаң саламыз ба деп ашық дауысқа салады. Яғни, халықтың өзі бюджетті қалыптастыруға алдын ала атсалысады.  Ал бізде бюджетті қалыптастыру жабық есік форматында өтеді. Оны қалыптастыруды белгілі бір топ өкілдері ғана шешеді.

– Осы жылы халықтың кредитке батуынан Алматыда болған қантөгіс оқиғасы бүкіл Қазақстанды алаңдатқаны рас. Мұндай жағдай қаржылық сауаттылық пен жауапкершіліктің төмендігінен бе, жоқ әлде елдегі қаржылық-экономикалық механизмдердің дұрыс істемеуінен болып отыр ма?

– Меніңше, екі фактордің де әсері бар. Қайсысы көбірек деген сұраққа жауап берсек, біріншіден, қаржылық механизмдердің дұрыс жұмыс істемеуі. Екіншіден, халықтың қаржылық сауаттылығына байланысты дер едім. Ең негізгі фактор, біздегі әлеуметтік жағдайдың толық сипатталмауы. Яғни азаматтардың жұмыссыздығы туралы нақты ақпарат жоқ. Тек Халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген адамдарды ғана айтады. Ал енді тіркелмеген қаншама адам бар. Оларды ешкім айтпайды. Өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз еткен 2 млн-нан астам халық бар, Еңбек министрлігі соның  200 мыңы табыс таппайтындар (10%) деп есеп берді. Бұл жерде де нақты мәлімет келтіріліп отыр деп есептемеймін, реалды жағдай тағы да белгісіз. Тіпті солай-ақ болсын, 200 мың адам табыс таппайды делік, егер бұлай болатын болса, жұмыссыз жүрген 500 мыңға жуық адамға қосып есептеу керек емес пе? Демек Үкімет келтірген деректердің өзімен 700 мың халық жұмыссыз деп танылуы керек. Шын мәніндегі статистика бұл көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары екені анық.

Сосын әлеуметтік жағдай, өкінішке қарай, халқымызда төмен. Неге десеңіз, жаңағы статистикалық мәліметтер анық емес. Шынайы жағдайды қарасақ, 2015-2018  жыл аралығында халықтың жалақысы өскен жоқ. Тек қана 2018 жылдан кейін ғана өсе бастады. Бірақ та сол жылдарда жалақының өсімі болмағандықтан, енді қазір инфляцияның өсімін қуып жете алмай жатыр.  Өйткені елімізде тауарлардың бағасы тым жылдам өседі де, ал халықтың табысы баяу көтеріледі. Азаматтарымыз әлі де табыстан табысқа дейін қарызға кіріп, жан бағып жүр. 

Экономикада неміс ғалымы Энгельдің шығарған заңы бар. Неғұрлым халықтың табысы төмен болған сайын, оның азық-түлік шығындары жоғары болады. Ал табысы жоғары болған сайын демалыс шығындары артады. Демек отбасылық шығындарды негізгі екі категорияға бөліп қарастыруға болады: азық-түлік шығындары және демалыс (немесе өзін-өзі дамыту) шығындары. Дамыған елдерде азық-түлік шығындары 10-12%-ды құрайды. Алдыңғы қатарлы елдерде тіпті ол - 8%.  Қалған қаражатының 20-30%-ы несиеге жұмсалуы мүмкін. 10-20%-ын жинаққа аударады немесе инвестициялайды. Қалған қаражатын балаларына, оқуға, спортпен, музыкамен айналысуға, әлемді шарлап, демалуға жұмсауы мүмкін. Ал бізде ол 50% үстінде, өткен жылы 56% болған. Экономикалық заң бойынша, егер орташа есеппен әр отбасы жалақының 50%-дан астамын азық-түлікке жұмсаса, демек ол кедей ел деген сөз. Бұл халықтың табысын арттыру қажет дегенді білдіреді. Ал бізде тапқанын азық-түлікке ғана жұмсап отырған көптеген отбасы бар. Тіпті азық-түлікті алу үшін қарыз алып жатқандар да бар.

Сондықтан да ел тұрғындары тұрмыс-тіршілігінің нашарлығына байланысты шағын несиелік ұйымдарды жағалап кетеді. Ашынып отырған кейбір азаматтардан «несиеңізді уақытында неге төлей алмай қалдыңыз» деп сұрағанда, жағдайының нашарлауына байланысты өтей алмай қалғандарын айтады. Оны жабамын деп тағы несие алып, одан сайын қаржылық қиындыққа тіреліп отырған азаматтар бар. Жығылғанға жұдырық болып, коллекторлар мен сот орындаушылары қысым көрсеткен кезде, әлеуметтік сипаттағы ашынуларын білдіріп жатыр. Мемлекет өз азаматтарын қорғамаса, олар не істейді, басқа қайда барады?! Бұл мәселені шешу өте қиын. Себебі бізде жеке тұлғаның банкроттығы туралы заң жоқ. Жалпы осындай жағдайлар қаржылық-экономикалық механизмдердің дұрыс жұмыс істемеуінен болып отыр.

Сосын еліміздегі қаржылық-экономикалық механизмдердің дұрыс жұмыс істемеуінен туындап отырған тағы бір мәселе - еліміздегі ақша-несие саясаты. Егер Ұлттық банк 2025 жылға дейін инфляцияны 4%-ға түсіру жоспарын орындайтын болса, базалық пайыздық мөлшерлеме 5%-ға түседі. Сонда біздегі бүкіл банктер төмен пайызбен яғни 7%-бен ипотекалық несие бере алады. Бизнесте төмен пайызбен несие ала алатын болады. Ол іскерлік белсенділікті жандандырып, экономиканы дамытады. Ұлттық банк бір өзі инфляцияны 4%-ға дейін түсіре алмайды. Оған Үкімет пен Ұлттық банктің үндескен жұмысы қажет.

фото: businessmir.kz

– Кез келген мемлекеттегі бағаның өсуі инфляцияға байланысты екені баршамызға белгілі. Экономист ретінде алдағы жылғы инфляцияға қандай болжам айтасыз?

– Бізде инфляцияның көп бөлігін импорттық инфляция құрайды. Сырттан көптеген затты сатып аламыз,  бізге ол қымбат болып келеді. Салдарынан бұл жағдай еліміздегі инфляцияны одан сайын күшейтеді. Сондықтан да Үкіметтің стратегиялары мен мақсаттары нақты жүзеге аспай, Ұлттық банк бір өзі ештеңе істей алмайды.

Өткен жылы инфляцияны таргеттеу саясатына пандемияны кінәлай салды. Менің пайымымша, келер жылы инфляцияда өзгеріс болады. Неге десеңіз, жаппай қымбатшылық. Бұл өз кезегінде эффект домино сияқты. Яғни бір зат қымбаттаса, басқа заттар да қымбаттайды.

Ресми деректерге сәйкес, қазір инфляция 8,7%. Ал азық-түлік инфляциясы -11,5%. Бірақ шын мәнінде азық-түлік инфляциясы 20%-дың үстінде. Себебі кейбір азық-түлік өнімдерінің бағасы 2 есеге дейін өсті. Меніңше, келесі жылы да 20%-дың үстіндегі сол қымбатшылық қалады. Үкіметтің қабылдаған «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы» бағдарламалары іске аспай, импорттан келетін қарапайым заттарды өзімізде шығармай, өндірістік қуатымызды арттырмай, қымбатшылықты жеңу, инфляцияны ауыздықтау мүмкін емес.

– Сарапшылар «зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігін алу туралы шешім нарық жағдайын одан сайын ушықтырып жіберді, баға одан сайын шарықтады» дейді. Сіз мұны экономикалық тұрғыдан алғанда зерттелмей, ойланбай жасалған қадам деп айта аласыз ба?

– Жан-жақты, толық ойланбай жасалған қадам деп есептеймін. Меніңше, сауатты экономистер жетіспей қалған сияқты. Жауапкершілік осы саясатты жасаған, шешім қабылдаған адамдарда. Ел тұрғындары зейнетақы қорындағы шеткілікті шегінен артылған қаражаттарын тек бірінші нарықтағы жаңа салынған үйлерді сатып алуға ғана рұқсат болсын деген ұсыныс айтқан едік, дегенмен ол ескерілмей қалды. Егер бірінші нарықтағы үйлерді сатып алуға жұмылдырылатын болса, ол жаңа жұмыс орындары, жаңа құрылыс объектілері пайда болып, экономиканың дамуына оң әсерін беретін еді.  Азаматтар үй алған кезде екінші нарықтан да алды, салдарынан бұл жағдай сұранысты арттырып, тұрғын үй бағасының шарықтауына әкелді. Бұдан бөлек өз жақын туыстарынан да үй сатып алғандар болды. Әбден жыл ортасына қарай жақындарынан үй алуға болмайды деген талап қойылды. Ал ол уақытқа дейін біраз азамат өздерінің атасының, апасының немесе бауырының үйлерін құжат жүзінде ғана сатып алған болып, ақшаны шығарып алды. Олар шығарып алған ақшаларын мүлдем басқа мақсаттарға жұмсай бастады. Сондықтан да осы жағдайлар тек қана тұрғын үй бағасының қымбаттауына емес, басқа да нарықтағы тауарлардың бағасының өсуіне өз септігін тигізді деп айта аламын.

– Халық өздерінің жинаған ақшасын құнсызданудан қалай сақтай алады?

– «Ешқашан барлық жұмыртқаңызды бір себетке салмаңыз» деген қаржыгердің заңы бар. Яғни бір сәтсіз жағдай болса, бәрінен айырыласыз. Сондықтан оны әр жерге бөліп сақтаған жөн. Валютада сақтаймын десеңіз, кемі үш валютада (еуро, доллар, теңге) сақтау қажет. Мәселен, 1 млн теңгені 330 мыңнан 3 валютада сақтаған тиімді. Себебі, теңге күнделікті өміріңізге бәрібір қажет. Ал алдағы 6 ай ішінде теңге керек болмаса, долларға айырбастап, сақтап қоюыңызға болады. Өйткені ол ұзақ мерзімде бәрібір күштілігін көрсетіп келе жатыр. Алтынға келер болсақ, ұзақмерзімге сақтағыңыз келсе, сонда салсаңыз болады. Қаражатыңызды үш жерде сақтау арқылы доллар өсіп кетсе немесе түсіп кетсе, соған бола көңіліңізді түсіріп, жүйкеңізді құртпайсыз, өзіңіздің психологиялық жағдайыңызды дұрыс сақтайсыз. Яғни сенімді тәсіл деуге болады.

– Теңгенің үздіксіз инфляцияға ұшырауына қандай сыртқы және ішкі факторлар әсер етеді?

фото: 1prime.ru

– Алдымен сыртқы факторларға тоқталсақ, бірінші - мұнай бағасы. Мұнай бағасы түсіп жатса, теңгеміз құнсызданады. Ал мұнай бағасы өссе, теңгеміздің құны қатты көтерілмейді, дегенмен тұрақты болады. Екінші фактор – АҚШ-тың Федеральдық резервтік жүйесі доллардың құнын арттырады. Доллардың пайыздық мөлшерлемесін көтереді. Ол кезде дамушы елдерден ақша кетеді. Көптеген инвестор АҚШ-тың қазыналық құнды қағаздарын сатып ала бастайды, себебі ол дамушы елдерге тәуекелге барып инвестиция жасаудан әлдеқайда тиімді қаржылық инструмент болып есептеледі.  Сол кезде дамушы елдерден капитал АҚШ-қа қарай кетіп, доллар  тапшылығы пайда болып, шетел валютасына сұранысты арттырады. Салдарынан сол дамушы елдердің валютасын құнсыздандырады. Үшінші фактор – төлем балансы. Ол дегеніміз, импорт пен экспорттың айырмасы, сонда егер Қазақстанның сырттан сатып алғаны көп болса, онда бізге бәрібір шетелдік валюта керек болады. Сонда шетелдік валютаға тапшылық пайда болады. Ол теңгемізге қысым жасайды. Төртінші фактор  - рубль. Олар да кей уақыттарда әсерін тигізіп жатады. Қазірдің өзінде Ресей мен Украинаның арасындағы жағдай Ресейге жаңа санкциялар салыну қаупін тудырып тұр. Егер рубль қатты құласа, біз теңгемізді күшті етіп ұстап тұра алмаймыз. Егер ұстап тұратын болсақ, онда 2014 жылдағыдай жағдай болады. 2014 жылы 1 рубль 2 жарым теңгеге дейін құнсызданған еді. Сол кезде біздің көптеген азаматымыз Ресейден көлік, тауар тасыды, үй сатып алды, балаларын М.В. Ломоносов атындағы МГУ-ға оқуға түсірді. Яғни ондағы баға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан арзан болып қалды. Сондықтан да біз теңгені мұндай кезде  күшті қылып ұстап тұра алмаймыз, өйткені, тауар айналымында Ресейдің үлесі жоғары.

Ішкі факторларға келсем, біріншіден, Ұлттық банк жасайтын интервенция. Бұл – өктемділік саясаты. Егер долларға деген сұраныс күшейіп, долларға сұраныс артып жатса, онда Ұлттық банк алтын резерв қорынан долларларды шығарып, төмен бағада сата бастайды. Нәтижесінде, бәрі төмен бағамен долларды сатып ала бастайды, тиісінше, доллардың құнын өсіріп отырған ойыншыларды төмен бағаға қайтарады. Өйткені нарықта қосымша сұранысты қанағаттандыратын долларлар пайда болады. Базалық пайыздық мөлшерлеме де әсер етеді. Егер Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені көтеретін болса, онда ол теңгенің құнын да арттырады. Өйткені, теңгелік инструменттер, ол депозиттер болсын, құнды қағаздардар болсын, пайыздары өседі. Сонда көп адам теңгені депозитте ұстағанды жөн көреді. Өйткені, доллармен салып, жылына 1% алғанша, теңгемен салса 10% алады. Инвесторлар үшін теңгелік инструменттер қызықты болады.

Ішкі факторға халықтың көңіл күйі де жатады. Халықтың девальвациялық күтімі. Егер теңгеге деген сенім болмаса, бәрі девальвация болады деп ойлайтын болса, онда  бәрі долларды сатып ала бастайды. Нәтижесінде ол да біздің теңгемізді құнсыздандырады.

– «Қазақстан экономикасына Ресей мен Қытай қатты әсер етеді» деген кеңінен таралған пікір бар. Осыны түсіндіріп бере аласыз ба?

– Иә, шынын айту керек, Қытай, Ресей Қазақстан экономикасында үлкен рөл ойнайды. Мысалы, 2020 жылы Қытай мен Қазақстанның тауар айналымы 15,4 млрд долларды құрады. Биыл Қазақстан мен Ресейдің арасындағы тауар айналымы тіпті 23 млрд. Долларға жетуі мүмкін деген болжамдар бар. Біз олардан көп тауар сатып аламыз. Сондықтан да бұл мемлекеттердің біздің экономикасына әсері күшті. Егер ол жақта белгілі бір тауарлар қымбаттаса, бізде де қымбатшылық пайда болады. Мәселен, неге тұрғын үй бағасы қымбат? Себебі арматура мен бетонның көп бөлігін Ресейден тасымалдаймыз. Енді құрылыс материалдарының бағасы қымбаттағандықтан біздегі тұрғын үй шаршы метрінің  де бағасы өсіп жатыр.

– Ғаламторда Зимбабве мемлекетінің валютасы күлкіге айналып, «мем» болды. Әлемдік желіге сүйенсек, олардың 1 млрд долларына әжетхана қағазы келмейді екен. Құдай сақтасын, теңгенің тағдыры осының күйін кешпей ме?

– Құдай сақтасын ондай жағдайдан. Иә, ол рас, бір затты алу үшін бума-бума ақша алып жүру керек деп айтады. Ол халыққа да, орталық банкке де тиімсіз. Ондай қылғанша ұлттық валютадан бас тарта салу керек! Жалпы, экономикада деноминация деген ұғым бар. Бұл дегеніміз – артық нөлдерін алып тастау. Естеріңізде болса, Германия, Түркия елдері деноминация жасаған болатын. Аталған мемлекеттерде бір кезде қатты инфляция болған. Валюта қатты құнсызданса, айналымда көп қағаз ақша жүреді. Тура сол сияқты Қазақстанға да сондай ұсыныс болған, екі нөлін алып тастайық деген, мысалы, қазір доллар 440 болса, ол 4,4 теңге тұратын болады,  жүз теңге тұратын нан 1 теңге тұратын болады. Бір жағынан күшті болады деп ойлайсың, бірақ оның жұмысы көп, онда барлық бағадан нөлдерді алу керек болады. Шартты түрде 200 000 теңге жалақыңыз болса, онда 2000 теңге алатын боласыз. Ал ол болса жақсы емес қой. Маман ретінде айтсам, әзірге Қазақстанға деноминация жасаудың қажеті жоқ. Оны инфляция жоғары болып жатқан кезде жасамаған дұрыс. Себебі, одан сайын инфляцияны қарқындата береді. Құдайға шүкір, төл теңгеміз бар, бұл да егемендігіміздің бір нышаны. Екінші жағынан теңгеміз алдағы уақытта әлде де көп заман талабына сәйкес, трансформациядан өтуі керек. Яғни теңге әлемнің сын-қатерлеріне дайын болуы қажет. Қазір цифрлық теңгені шығарып жатқаны бар. Келер жылдың ортасына қарай ол ақшаны да пайдаланатын боламыз. Осы ретте, басты мақсат - инфляцияны 4% ету үшін Үкіметтің сөз жүзінде емес, іс жүзіндегі жұмыстары керек.

Тағы да айта кетсем, ұлттық валюта құнсызданып жатса, оған көңіл күйді түсірудің қажеті жоқ. Оның өзіндік балансы бар. Егер де қандай да бір елдің валютасы құнсыз болса, онда сол елдің тауары бәсекеге қабілетті болады. Сондай мысал Жапонияда бар, олар әдейі валютасын құнсыздандырып, компанияларын бәсекеге қабілетті болсын деген мақсатпен жасайды. Егер де валютасы төмен болса, онда олардың тауары арзанырақ тұрады. Осы жағы да бар. Ол деген құнсыздануды жақтаймын деген сөз емес, теңгенің құнды болғаны халық үшін жақсы ғой, төлем қабілеті жоғары болады. Дегенмен экономикада теңгерімділікті сақтау керек, бәсекеге қабілеттілікті де жойып алмауға тырысу қажет.

 

Сұхбаттасқан Назерке Еркінқызы

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері