Нұр-Сұлтан 17.1°
×
23.12.2021, 17:00
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

Құрылыс материалдарының қымбаттауына не себеп

Құрылыс материалдарының қымбаттауына импортқа тәуелділік себеп болып тұр. Бұл туралы ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин айтты, деп хабарлады Elorda.info.

Құрылыс материалдарының қымбаттауына не себеп

Серік Жұманғарин жыл басынан бері Қазақстанда құрылыс материалдарының қымбаттап кеткенін мойындады әрі бұған импорттық материал бағасы әсер ететінін алға тартты.

«Біз импортқа тәуелдіміз. Біз бұл мәселені қолға алған кезеңде қазақстандық құрылыс материалдарының бағасы айтарлықтай төмендейді. Бізде импорттық материалдарға ықпал етуге еш мүмкіндік жоқ», - деді Серік Жұманғарин.

Сонымен бірге ол тұрғын үй бағасын реттеу үшін еліміздің ірі құрылыс компанияларымен сәйкестік-шартына қол қойылғанын айтты.

«Біз нақты тұрғын үй кешендері бойынша келісімшарттарға қол қойдық, құрылыс салушы оның бағасын «құлатты», біз жағдайды бақылап отырмыз. Жаңа тұрғын үй кешенін салу кезінде баспананың бағасы ондағы жағдайға байланысты болады. «Нарықтағы баға осы болуы керек» деп айта алмаймыз. Әрбір тұрғын үй кешені бірегей, әр аймақтың өзіндік тәсілдері бар», - деді Серік Жұманғарин.

Жалпы, оның мәліметінше, өңірлер бойынша пәтер бағасының құбылмалылығы байқалады: ең арзан пәтерлер Тараз бен Ақтөбеде болса, ең қымбаты Алматы мен Нұр-Сұлтанда.

«Бұл құрылыс салушыларға, сол жерде кезінде қалыптасқан бағаға байланысты. Біз нарықты талдау жұмысын жүргізіп жатырмыз. Сондықтан бағаға қатысты сұрақ бізге қойылмауы керек. Құрылыстың өзіндік құны жоғары болғандықтан, баға да қымбат», - деді агенттік төрағасы.

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері