Нұр-Сұлтан -15.9°
×
29.11.2021, 13:00
Elorda Aqparat
Elorda Aqparat
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

Мамин Ашхабадта экономикалық ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысты

ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Ашхабад қаласына жұмыс сапарымен барып, Экономикалық ынтымақтастық ұйымының (ЭЫҰ) XV саммитіне қатысып, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердымухамедовпен келіссөз жүргізді, деп хабарлады Elorda.info.

Мамин Ашхабадта экономикалық ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысты

ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Экономикалық ынтымақтастық ұйымының саммитінде сөйлеген сөзінде Қазақстанның ЭЫҰ елдерімен жиынтық тауар айналымының биылғы 9 айда 31%-ға $8,2 млрд-қа дейін өскенін атап өтті. Бұл пандемияға дейінгі 2019 жылдағы көрсеткіштен 22%-ға жоғары.

Үкімет басшысы АӨК саласында бірлескен өндірістік үдерістер құруды, азық-түлік тауарларының өзара саудасында оффтейк келісімшарттарды қолдануды кеңейтуді және басқа да шараларды көздейтін сауда ағындарын арттыру жөніндегі жол картасын және ЭЫҰ азық-түлік қауіпсіздігі бағдарламасын әзірлеуді ұсынды.

Премьер-министр ЭЫҰ кеңістігінде тиімді және өзара толықтырылатын бағыттарды қалыптастыру жөніндегі жұмысты одан әрі жалғастыру қажет екенін атап өтті. Осы жылдың аяғына дейін Қазақстан аумағы арқылы Орталық Азия, Парсы шығанағы елдері, Қиыр Шығыс бағыттары, сондай-ақ Транскаспий бағыты бойынша шамамен 1 млн контейнер тасымалданады, бұл өткен жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда 25%-ға артық.

«ЭЫҰ кеңістігінде бір-бірімен бәсекелеспейтін, бірін-бірі толықтыратын көліктік транзиттік дәліздерді қалыптастыру елдеріміздің орнықтылығын арттыру мен экономикаларын болашақта дамытудың негізгі шарттарының бірі», — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы сондай-ақ ЭЫҰ елдерінің жоғары деңгейдегі көлік-транзиттік саясат жөніндегі арнайы кеңесін құру бастамасын көтерді, оның шешімдері аталған саланың өзекті мәселелері бойынша келісілген саясатты әзірлеуге негіз болады.

А. Мамин COVID-19 сын-тегеуріндерін және пандемиядан кейінгі кезеңнің стратегиялық міндеттерін ескере отырып, ЭЫҰ экономикаларын кооперациялық дамыту стратегиясын әзірлеуді ұсынды.

ЭЫҰ саммитіне Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердымухамедов, Әзербайжан Президенті Ильхам Алиев, Иран Президенті Ибрагим Раиси, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, Пәкістан Президенті Ариф Алви қатысты.

Саммит қорытындысы бойынша Ашхабад декларациясы қабылданды, сондай-ақ 5 номинация бойынша ЭЫҰ марапаттау рәсімі өткізілді. «Тарих, мәдениет, әдебиет және бейнелеу өнері» санатында Қазақстандағы антропологияның негізін қалаушы, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі, Болон ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Оразақ Смағұлов жеңімпаз атанды.

ҚР премьер-министрі А. Маминнің Түрікменстан Президенті Г. Бердымухамедовпен кездесуі барысында екі елдің сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, транзиттік-көлік және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастығының өзекті мәселелері талқыланды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 24-25 қазандағы Түрікменстанға мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға ерекше назар аударылды.

Карантиндік шараларға және әлемдегі қазіргі жағдайға қарамастан, Қазақстанның Түрікменстанмен сауда деңгейі тұрақты өсімді сақтап қалды — 2021 жылғы қаңтар-қыркүйекте тауар айналымы ҚР экспортының 78,1%-ға өсуі есебінен 43,6%-ға $144 млн-ға дейін ұлғайды. Таяу жылдары тауар айналымын $500 млн деңгейінде қамтамасыз ету міндеті қойылды.

2021 жылдың 10 айында Қазақстан мен Түрікменстан темір жолдарының, соның ішінде Ауғанстан мен Иранға транзиттік жолдардың қатысуымен жүк тасымалының көлемі 1 млн тоннадан асты.

Сондай-ақ Ашхабад қаласына сапары аясында ҚР премьер-министрі А. Мамин Түрікменстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасарлары Сердар Бердымухамедовпен және Шахым Абдрахмановпен жекелеген келіссөздер жүргізді, олардың барысында экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетудің практикалық шаралары қаралды.

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда ержүректері