Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілік істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты белгілі дәрігер Айна Бакееваға қатысты үкім шығарды, деп хабарлады Elorda.info қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дәрігер Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 434-бабы 1-бөлімімен («Ұсақ бұзақылық») кінәлі деп танылып, 10 тәулікке қамауға алынған. Сот үкімін Шымкент қаласының Полиция департаменті орындайды. Шешім заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетсек, екі күн бұрын желіде елордадағы №58 мектепте 3-сынып оқушысына дәретханада жасырын вакцина салынғаны туралы видео тараған еді. Одан Айна Бакееваның жанындағы әйелдермен бірге мектепке баса-көктеп кіргенін көруге болады. Онда балаларға ата-анасына айтпай вакцина салынып жатқаны сөз болады. Кейіннен мектеп басшылығы мен баланың анасы ондай жағдайдың болмағанын, видеоның провокация екенін мәлімдеді.