Нұр-Сұлтан 17.1°
×
26.10.2021, 17:10
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

Елімізде ірі бизнестен салық түсімі артты

Жыл басынан бері ірі бизнес субъектілерінен мемлекеттік бюджетке 3 трлн теңгенің салығы түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 36 пайызға көп. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті ірі салық төлеушілер департаментінің директоры Ануар Сүлейменов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды Elorda.Info.

Елімізде ірі бизнестен салық түсімі артты

«Мониторингте тұрған 343 салық төлеуші ірі бизнес субъектілері болып саналады. Оның ішінде 99-ы – жер қойнауын пайдаланушылар, 244-і – экономиканың әртүрлі секторларындағы ірі салық төлеушілер. Оларға мемлекеттік бюджетке 44 пайыз және республикалық бюджетке 51 пайыздан астам салық түсімдер тиесілі. Мәселен, үстіміздегі жылдың 9 айының қорытындысында ірі бизнес субъектілерінен мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдер 36 пайызға ұлғайып, жалпы 3 302,3 млрд теңгені құрады», - деді департамент директоры.

Баяндамашының айтуынша, республикалық бюджетке түсімдер 840,1 млрд теңгеге немесе 50 пайызға ұлғайып, 2 520,7 млрд теңге болды. Көтерме және бөлшек сауда 26 пайызға немесе 274,8 млрд теңгеге, өңдеу өнеркәсібі 17,4 пайызға немесе 184,8 млрд теңгеге өскен. Қаржы және сақтандыру қызметі, жылжымайтын мүлікпен операциялар 14,2 пайызға немесе 151 млрд теңгеге, ал құбыржолы арқылы тасымалдау 38,7 пайызға немесе 33 млрд теңгеге артты.

Түсімдердің ұлғаюы пандемиядан кейін экономиканы қалпына келтіру және салықтық әкімшілендіру сапасын жақсарту кезеңіне келген. Әкімшілендіру сапасының жақсаруына тәуекелдерді бағалау жүйесі ақпараттық жүйесін пайдалана отырып, салықтық тексерулерді тағайындау әсер етті. Осы жүйені қолдану тәуекел дәрежесін бағалау көрсеткіштері негізінде салықтық тексерулер үшін ірі бизнес субъектілерін нақты іріктеуге мүмкіндік берді.

Жалпы, биылғы жылдың 9 айында ірі салық төлеушілерге 34 салықтық тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 46,5 млрд теңге салықтар мен өсімпұлдар қоса есептелді.

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері