Нұр-Сұлтан 16.7°
×
28.09.2021, 19:00
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

Биыл Қазақстанда 15 млн тонна астық жиналды

Биыл ауа райының қолайсыздығынан еліміздің агроөнеркәсіптік кешені үшін күрделі жыл болғанымен, егін жинау науқаны уақытылы басталды. Бүгінде егін жинау қарқыны былтырғыға қарағанда жоғары. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді, деп хабарлайды Elorda.info.

Биыл Қазақстанда 15 млн тонна астық жиналды

Вице-министрдің айтуынша, бұған шаруалардың бірқатар бағыт бойынша негізгі ресурстармен толық көлемде қамтамасыз етілуі септігін тигізген. Атап айтқанда жанар-жағар май, техника, тұқым, тыңайтқыш уақытылы әзірленген. 

«Егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін астық жинау комбайндарының паркі жеткілікті. Жаңару қарқыны жылдан-жылға артып келеді. Биылғы 6 айда «ҚазАгроҚаржы» АҚ желісі бойынша аграршылар 83 млрд теңге сомасына 4,5 мың техника сатып алды, бұл былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 2 есе көп. Отандық техниканы субсидиялаудың жаңа бағдарламалары есебінен жаңа техника сатып алу көрсеткішінің өсуіне қол жеткізілді. Бұрын инвестициялық субсидия 25% болатын, себебі машина құралдары мен металл қымбаттап, инвестициялық субсидия 30%-ға дейін өсті. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 400 мың тонна кепілдендірілген және арзандатылған жанар-жағар май бөлінді. Шілде айынан бастап өндірушілер кестеге сәйкес дизель отынын алды, қыркүйек айында жеткізілімдер бойынша іркілістер болғанын мойындау керек. Бүгінгі таңда мәселе шешілді. Жөнелту кестеге сәйкес жүргізілуде», – деді вице-министр. 

Егінге келер болсақ, биыл егіс алқабы 23 млн гектарды құрады, бұл былтырғы алаңнан 322 мың гектарға артық. 

«Жедел деректерге сәйкес, қазіргі таңда республика бойынша 15,5 млн гектар дәнді және дәнді-бұршақты дақыл жиналды. Орташа өнімділік гектарына 9,7 центнерді құрайды, 15 млн тонна астық бастырылды, оның ішінде 11,7 млн тоннасы – бидай. Сондай-ақ қазіргі уақытта көкөніс, картоп, бақша, майлы дақылдар мен мақта жинау жүргізілуде», – деді ведомство өкілі. 

 

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері