×
18.06.2022, 12:15
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

Дәрігерлер династиясы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып жатыр

Дәрігер – адам өміріне араша болатын қастерлі мамандық иесі. Ақ халатты абзал жандардың барлық ғұмыры адамзаттың тыныс-тіршілігімен сабақтас. Гиппократ антына адал дәрігерлер династиясы – Сұлтангереевтер әулетінің келіні гинеколог Дина Нұрланқызымен сұқбаттасып көрдік, деп хабарлады Elorda.info.

Дәрігерлер династиясы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып жатыр
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

«Әр науқаспен қоса ауырдым»

Мен 1995 жылы Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы медицина университетіне оқуға түстім. Әкем де дәрігер болған. Әке жолын қуып, анамның айтуымен осы мамандықты таңдадым. Сол университетте оқып жүргенімде, 5-курста қазіргі жолдасыммен таныстым. Ол менен екі жас үлкен, травматология бағытында оқыды. Біз де травматология циклін өтіп жатқан болатынбыз. Бос кезімде таңу бөлмесінде науқастарды қабылдап, көмек көрсететінбіз. Бір күні жолдасым әлгі бөлмеге пациент апара жатыр екен. Оған көмек керек болды. Пациентке әрі-бері қарап жүрсем, ол кісі маған келіп: «Көмектес» деді. Мен оны оқытушы не дәрігер екен деп ойлап қалдым. «Аяғын ұста» деп айғайлады, қорыққанымнан көмектестім. Осылайша, біздің алғашқы таныстығымыз басталды. Бірақ біз танысқан жоқпыз, «ананы былай істе, сөйтіп жаса, бүйтіп жаса» деп тапсырма ғана беріп отырды.

Күндердің күнінде сабақ аяталғанда, әлгі жігіт сіріңкенің қорабын беріп, нөмірімді жазып беруімді сұрады. Атымды емес, нөмірімді сұрағанына аң-таңмын. Осылайша, таныстық басталып, қыз-жігіт болып жүріп кеттік. Ата-анасы жайлы айтты. Олар да дәрігерлер екен, әкесі – травматолог, анасы – перзентханада акушер. Мен қалада туысымның үйінде жатып оқыдым. Демалыс күндері ауылыма, анама баратынмын. «Сен әрлі-берлі кетіп қаласың, мен шаршадым, саған хабарласу да қиын болып кетті. Үйленемін» деп аяқасты шешім қабылдады. 2-3 айдың ішінде үйлене салдық. Дәрігерлер отбасына келін болып түстім.

2002 жылы интернатураны бітірдім. Ол травматолог болып жұмыс істеді. Жас дәрігер, жас отбасы болғандықтан, біраз қиындықтар да болды. Күндіз өз жұмысын, кешкісін такси жүргізушісі болып, қосымша жұмыс істеді. Күйеуім аспирантураға түсіп, біз Семейге көштік. Ата-енем бізді қолдады. Үйленер кезде жолдасым бір шарт қойды. «Тұрмысқа шыққанда ауруханада жұмыс істемейсің, тек емханаларда ғана істейсің, өйткені балаларға ана керек» деп нығыздап айтты. Мен стационарда, сен емханада істейсің деген талап қойды. Бастапқыда баламен үйде отырдым. Жалпы дәрігерлер бір-біріне қолдау көрсетеді. Семейде 2009 жылға дейін жұмыс істедік.

Акушерлік-гинекология бағыты өзіме жақын болды. Семейде тұрғанымызда әйелдерге кеңес беру орталығында жұмыс істедім. Онда балалар гинекологы жетіспейді, тапшы. Семей қаласында бір ғана маман болды. Ұстазым маған осы салада оқуды ұсынды. Балалар гинекологы курсынан өтіп, сертификат алып, жұмысқа кірісіп кеттім. Дәрігерлердің өзара сөйлесетін тілдерін бастапқыда түсінбей, елді біраз ду күлдіргенім бар. Үлкендерді де, балаларды да қарадым. Әр науқаспен қоса ауырдым. Одан кейін астанаға көштік. Еңбек өтілім – 22 жыл. Медицина мамандары жан-жақты болады, шығармашыл да болады, пациентпен тіл табысып, психолог та болады, коммуникация жағын да меңгереді. Қазір дәрігерлер компьютермен де жұмыс істейді, яғни техниканы да меңгеріп шығады.

Күйеуім қызықты конструкция ойлап тапты

Практикада көптеген қызықты жайт болды. Мен үшін қызық жағдай жолдасымның диссертация жұмысын жазуы болды. Оның тақырыбы иықтың сынуына қатысты еді. Иық сынған жағдайда, адамдар көбіне қолмен жұмыс істей алмай, қолын көтере алмай қалады. Жолдасым конструкция ойлап тапты. Оның басында каскасы болатын. Касканы жауырынмен бір баумен қосып байлап қоятын. Оны маған кигізіп, сынақтан өткізіп, тексеріп, әзірлеп шықты. Үйде қолымды көтеріп қойып жүретінмін, қолым талып қалатын. Біресе онысы дұрыс шықпай, әбігерге түсті. Одан басқа касканы әзірледі, қолды артқа қойып, байлап қоятын түрін ойлап тасты. Ыңғайлы ма, қалай болды деп менімен ақылдасып, кеңесіп, ойлап шығарды. Пациентіне барып, кигізсе, ол қолын түсіре алмайды екен. Қайтадан оны жөндеп, өзгертті. Сөйтіп, қызықты конструкция болып шықты.

«Дәрігерлер отбасында ауызбіршілік мол болады»

Дәрігерлер династиясы болғанымызды мақтан тұтамын. Бір мәселені түсінбесең, пациенттерге көмек керек болса, травматолог не хирург керек болса, ақылдасамыз. Сол жағынан жеңілірек. Отбасында барлығымыз дәрігер болғандықтан, бір-бірімізді түсінеміз. Атам келіндерін, күйеулеріміз әйелдерін түсініп, еш ренжіместен көмектесе береді. Дәрігерлер отбасы болғандықтан, бәріміз үшін тазалық бірінші орында. Перфекционистпіз, яғни бәрін дұрыстап жасау, уақытымен жасау деген дүниелерге аса мән береміз. Әулетіміз – уақытқа, тәртіпке үйренген мықты отбасы. Біреу кешірек келіп жатса, тамағын дайындап көмектесе берді. Кезекшіліктен келгенде де ұйықтап ал, демалып ал деп жағдайымды жасайды. Маған келінсің деп қараған емес, қызындай көреді. Дәрігерлер отбасында ауызбіршілік мол болады. Жан-жақтан туған-туыс, дос-жаран, таныстар барлығы хабарласып, көмек, кеңес сұрап жатады. Біздің отбасымызда травматолог та, гинеколог та, хирург та, эндокринолог та бар. Атам мен күйеуім – травматолог, енем – акушер, мен – гинекологпын, үлкен қайным – хирург, кіші қайындарым – кардиохирург, абысыным – эндокринолог. Қайын атамның әкесі де, яғни үлкен қайын атам да дәрігер болған. 2017 жылы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Дәрігерлер әулеті деген марапат алдық. Сондай-ақ әке жолын жалғап, үлкен ұлым да медицина бағытына бет бұрды. Ол генетикалық кодтарды зерттеп, генетика бағытында жұмыс істегісі келеді.

Гинекология саласында қандай аурулар жиі байқалып жүр

Мен – гинеколог-эндокринологпын. Қазіргі таңда бедеулік, жиі түсік тастау белең алуда. Күніне 10-15 пациент қабылдайтын болсам, соның жартысынан көбісі бедеулік мәселесімен келіп жатады. Қазір ЭКО бағдарламаларға көңіл бөлініп жатқандықтан, соған жүгінеді. Кейбіреулеріне ол бағдарламалардан теріс нәтижелер келіп жатады. Гормондық өзгерістермен, семіздікпен, тіпті 10-12 жастағы қыз балалар жиі келеді. Балалар гинекологы қазір тапшы. Қазіргі таңда көптеген әйелдер тез шаршап, көңіл-күйлері құбылмалы болып, депрессияға түсіп, осындай шағымдармен көптеп келуде. Олардың арасында жастар да, 35-40 жастан асқандар да бар. Ондай аурулардың таралуына ең бірінші себеп – қыз-келіншектердің дәрігерге уақытылы қаралмауы, өз денсаулықтарына көңіл бөлмеуі. Түнімен жұмыс істейді, демалмайды, ауыр нәрсе де көтере береді. Күйзеліс факторлары да көп. Стресс жағдайлары, тіпті, мектеп оқушыларында да кездеседі. ҰБТ  тапсырамын, Назарбаев университетіне түсемін деп өздерін қинап жатады. Өз тәжірибемнен айтар болсам, бір күні маған бір әйел қызын алып келді. Алопеция ауруына шалдыққан. Оның тырнағы, шашы, кірпіктері, қастары түсіп қалған. Баланы анасы Назарбаев зияткерлік мектебіне түсіруге дайындаған, бірақ қызы түспей қалған. Салдарынан ол депрессияға түсіп, осындай ауруға тап болған. Мұндай жағдайлар ерте күйзеліс жағдайларына ұшыратады.  Одан гормондық өзгерістер болады. Көптеп кездесетін жағдайлардың бірі – буллинг. Қыздарға сен әдемі емессің, толықсың деген сынды кемсіту сөздері жиі айтылады. Қыз балаларды аналары түсінбейді. Таңертеңнен кешке дейін жұмыста болады. Балалар өз проблемасымен өзі қалады. Депрессияға жиі түседі. Үйде өзімен-өзі болу, ешкіммен араласпау бәріне әсер етеді. Содан да қыз балалар қатты толып кетіп жатыр. Сондай-ақ ҰБТ тапсыруда да балалар қатты қысымға түседі. «Грантқа түспесең қайда түсесің, айналаңдағының барлығы түсіп жатыр» деген ата-ананың қысымы болады. Оның бәрі гормондық өзгерістерге әсер етеді.

Өз практикаңызда бедеуліктен зардап шегіп жүргендерге қаншалықты көмектестіңіз? Нәтиже шығарғандар бар ма?

Қабылдауға келетін 10 әйелдің ішінде 6-7 әйел көтеріп кетеді. 3-4-еуі көтере алмайды, оған ер адамдар тарапынан болатын мәселелер себеп. Алғашқы пациентім отбасын жоспарлау орталығында жұмыс істеп жүргенімде  2009 жылы келді. «Сізге келіп, бірінші, екінші баламды көтердім» деп алғысын айтқан. Бала көтере алмай жүрген келіншектер жиі келіп тұрады. Оларды өз баламдай қабылдаймын. Қазақта «баланың санын айтпайды» деген сөз бар емес пе?! Аллаға шүкір, балаларым көп. Маған халықтың алғысынан артық марапат жоқ.

P.S.Түн ұйқысын төрт бөліп, науқастардың айығып шығуына себепші болып жүрген ақ халатты абзал жандарды мерейлі мерекелерімен құттықтай отырып, халық денсаулығын жақсарту жолында қайраттарыңыз қажымасын дегіміз келеді.

 

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері