×
12.01.2022, 15:00
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

Тұңғыш рет адамға шошқаның жүрегін орнатты (ВИДЕО)

Мэриленд университетінің (АҚШ) дәрігерлері гендік модификацияланған шошқаның жүрегін тұңғыш рет адамға орнату операциясын сәтті аяқтады, деп хабарлады Elorda.info аталмыш білім ұйымына сілтеме жасап.

Шошқаның жүрегін адамға ауыстыру операциясы сәтті өтті

57 жастағы науқас Дэвид Беннет жазылмайтын жүрек ауруына шалдыққан екен. Операция сәтті өтті, бүгінде реципиент өзін жақсы сезінуде. 

Мамандардың айтуынша, Беннет үшін бұл операция оның өмірін сақтаудың ақырғы мүмкіндігі болыпты. Жуырдағы бірнеше апта бойы пациент дәрігерлердің бақылауында болады.

Мэриленд университетінің медициналық орталығы науқасқа адам жүрегін ауыстырып салудан бас тартқан. Пациенттің медициналық баянымен танысқан өзге трансплантология орталықтары да бұған қарсы қарсы болған. Жасанды жүректі қолдану да науқастың өміріне арашашы болатын шешім деп қабылданбапты. Тек Жаңа жылға қарай ғана АҚШ-тың тамақ өнімдері мен дәрі-дәрмектердің сапасын санитариялық қадағалау басқармасы (FDA) тәжірибелік операция жасауға шұғыл рұқсат берген.

Беннет алда болатын хирургиялық отаның тәжірибелік сипатта болатынынан және оның белгісіз салдарлары болуы мүмкіндігінен хабардар болыпты. Операцияны медицина ғылымдарының докторы, трансплантациялық хирургия профессоры Бартли П. Гриффит (Bartley P. Griffith) жасаған.

 

Жануарлардың органдары донор-адамдарды алмастыра алады

Әралуан түрге жататын организмдердің органдарын өзара ауыстыру ксенотрансплантация деп аталады, ол реципиент үшін қауіпті болуы әбден мүмкін. Дәрігерлердің сөзінше, жүргізілген операцияларға қарап, генетикалық модификацияланған жануарлардың органдарын адамның иммундық жүйесі қабылдап, соның нәтижесінде олар донор-адамдарды алмастыра алады. Бұл жайт донорлық органдардың жетіспеушілігі проблемасын шешуі, сондай-ақ донор адамдардың органдарын трансплантациялау рұқсат берілмеген қаншама пациенттің өмірін сақтауы мүмкін.

 

Неге адамға шошқаның органын қолданған?

Адамның иммундық жүйесі кері “итеріп” тастамас үшін мамандар Kiniksa Pharmaceuticals компаниясы шығарған эксперименттік препаратты қолданған. Донор-шошқаның үш гені жойылған, өйткені, зерттеулер көрсеткендей, оларды адам ағзасы қабылдамауы мүмкін. Сондай-ақ шошқаның жүрек тіндерінің шектен тыс өсуіне мүмкіндік беретін ген де жойылды.

Одан бөлек, жануар геномына пациенттің иммундық жүйесіне бөтен органды қабылдауға көмектесетін алты адам гені салынған. Генетикалық модификацияланған шошқанын органдары ксенотрансплантолог арасында ерекше назарға ие болуының себебі – шошқалар мен приматтардың, оның ішінде адамдардың физиологиялық ұқсастықтары бар.

 

Ғалымдар ксенотрансплантацияны 30 жыл бойы жетілдіріп келеді

Мэриленд университетінің медицина мектебі генетикалық модификацияланған шошқалар мен бабуиндардың (маймылдың түрі) органдарын алмастыру кезіндегі қауіптерді бағалауға 15,7 млн доллар көлемінде грант алған. Доктор Мухаммад Мохиуддин (Muhammad M. Mohiuddin), доктор Гриффит және олардың әріптестері соңғы бес жыл бойы шошқаның жүрегін приматтарға (адамнан бөлек) ауыстырып салудың хирургиялық техникасын жетілдірген.

Доктор Мохиуддинның ксенотрансплантация саласындағы зерттеу тәжірибесі 30 жылдан асады, бұл уақытта ғалым генетикалық модификацияланған шошқаның жүрегі үш жыл бойы жұмыс істеу алатынын дәлелдейтін зерттеулер жасады. Оның зерттеулерінен белгілі болғандай, отаның сәтті-сәтсіз болуы эксперименттік шошқа мен иммундық жүйенің “кері итеріп” жіберуіне қарсы препараттардың қаншалықты үйлесетініне байланысты.

 

ГМ-шошқа жүрегінің жұмыс істеу мерзімі көп дегенде 1000 күнді құраған

2016 жылы Nature Communication журналында Мохиуддиннің мақаласы жарияланды, онда шошқаның жүрегін бабуинге сәтті ауыстырып салғаны көрсетілген. Эксперименттің арқасында бабуин өзіне қондырылған бөгде органмен 945 күн өмір сүрген. Әдетте ксенотрансплантация жасалған түрлердің орташа өмір сүру ұзақтығы 180-400 күнге тең. Эксперимент барысында маймылдың қанайналым жүйесіне екінші жүректі қосқан, бірақ өз жүрегін алып тастамаған.

 

Бұрын сәби өлімі кесірінен дәрігерлер ксенотрансплантациядан бас тартқан

Ксенотрансплантация органға мұқтаж адамдарды құтқару әдісі ретінде көптеген маман-трансплантологтың сынына ұшырап келеді. Бұл әдіске алғаш рет 1980 жылдары сынақ жасалған, бірақ Стефани Фэй Боклер есімді кішкентай қыздың өлімінен соң бұл әдістен бас тартқан. Жазылмас жүрек ауруымен өмірге келген Стефаниге бабуиннің жүрегін қондырған, алайда сәбидің иммундық жүйесі бөтен жүректі қабылдамаған соң, бір айдан кейін бала көз жұмған.

 

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері