×
17.03.2023, 12:10
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!
Мақалада:

«Ағылшын тілін тез меңгеріп шығады»: Ауыл балалары қандай мектепте білім алып жатыр

Оқушылар ұлттық құндылықтарды бойына сіңіреді және  IELTS тестіне дайындалады

«Ағылшын тілін тез меңгеріп шығады»: Ауыл балалары қандай мектепте білім алып жатыр
Фото-коллаж: Елтай Нұрғазин/Elorda.info

Астанадан 200 шақырым жерде орналасқан IQanat High School of Burabay мектебінде республиканың түкпір-түкпірінен жиналған ауыл балалары білім алады. Ұлттық колоритке негізделген білім ордасы Абайдың талап, еңбек, терең ой, қанағат және рақым секілді бес жақсы істі оқушылардың бойына сіңіруді мақсат еткен. Қазақстандық ауыл балалары қазіргі кезде қандай мектепте білім алып жатыр? Осы сұрақтың жауабын білу мақсатында Elorda.info тілшісі білім ошағында болып, мектеп директорымен және оқушылармен әңгімелесіп қайтты.

Бұл мектепте еліміздің өңірлерінен арнайы тест арқылы жоғары нәтиже көрсеткен 15 пен 18 жас аралығындағы ауыл балалары білім алады. Білім ордасында қазіргі кезде 300-дей оқушы бар. Солардың бірі – 15 жастағы Альбина Серік. Ол былтыр мұнда Атырау облысы Жылыой ауданы Тұрғызба ауылынан келген.

Қазіргі кезде 10-сыныпта оқитын Альбинамен жылдам тіл табысып кеттік. Ол - өте ашық әрі білім алуға өте құштар жасөспірім екен.

Бұл мектептің ауыл балаларына беретін мүмкіндіктері өте көп. Мәселен, бізді алдын ала ҰБТмен IELTS-қа дайындайды. Оқу процесі кезінде түрлі жоғары оқу орнынан өкілдер келіп, ақпарат береді. Ұстаздарымыз әр пән бойынша қиын тақырыптарды меңгеру үшін  қосымша сабақтар өткізеді. Тіпті олар тәулік бойы біздің жанымызда болады. Әр оқушының жағдайын біліп отырады, - деді ол.

Альбина мектептегі бір күні қалай өтетінін де айтып берді.

Біз таңғы сағат 7:00-де ұйқыдан оянамыз. Кейін дене жаттығуын жасап, таңғы асқа барамыз. Ал сағат 9:00-де сабағымыз басталады. 14:30-да түскі ас ішкен соң қайтадан сабағымызды жалғастырамыз. 16:30-да бесін астан соң әр оқушы ұнатқан үйірмелеріне барады. Мәселен, мен IELTS-қа дайындайтын курстарға барамын. Кешкі астан соң волейбол ойнауға барамын. Біз кешкі сағат 20:00-де ұялы телефондарымызды тапсырамыз. Өйткені әр оқушы миды алдын ала ұйқыға дайындауы қажет. Телефон таңғы сағат 7:30-да беріледі, - деді Альбина.

Ауыл баласы мұнда келген соң өмірдегі кей дүниеге көзқарасы өзгергенін айтты.

Мен ауыл мектебінде оқыған уақытта шетелдік университеттер мен IELTS тесті жайында көп біле бермейтін едім. Тіпті мен үшін бұл арман болатын. Оқу бітірген соң Астанадағы Еуразия ұлттық университетіне құжат тапсырамын деп ойлаушы едім. Ал мұнда келген соң көзқарасым толық өзгерді. Тіпті үлкен мүмкіндіктер ашылды. Адамның ойы жететін жерге қолы да жететінін түсіндім, - деді 10-сынып оқушысы.

Ол болашақта экономист болғысы келеді екен. Қазіргі кезде Назарбаев Университеті және шетелдік жоғары оқу орындары ұсынған тегін гранттарға құжат тапсыруға дайындалып жатыр.

Бұл мектепке оқуға түскеніме еш өкінбеймін. «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» демекші, көбірек армандаңыздар. Өйткені мақсатыңыз айқын болса, армандар орындалады. Ал қазіргі кезде осы мектепте оқуға түсуге ниеттеніп жүрген өзім секілді ауыл балаларына айтарым, бастысы – өздеріңізге сеніңіздер. Дайындық болса, нәтиже де болады. Ал олимпиада кезінде әр оқушы өз жауаптарына сенімді болса, сынақтан сүрінбей өтуге де мүмкіндік көбірек болады, - деді Альбина Серік.

Бір ерекше атап өтерлігі, мектеп тұтастай ұлттық стильде жабдықталған. Мәселен, мектепке кіреберісте оқушылардың демалатын орындарында құрақ көрпешелер төселген. Қазақтың ою-өрнектерімен безендірілген.

Ал екінші қабатта бірнеше блок бар. Мәселен, гуманитарлық, физика-математикалық блоктар, ұстаздар  және психолог кабинеттері және т.б бар.

Ал екінші қабатта кітапхана орналасқан. Ол заманауи стильде жасалған. Мұнда қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде кітаптар бар.

Кітапхана қорында қазіргі кезде 4 мыңға жуық кітап бар. Соңғы уақытта оқушылар, әсіресе, көркем әдебиет пен фантастика жанрындағы кітаптарды жарыса оқиды.

Бір қызығы, мұнда қарапайым мемлекеттік мектептердегі секілді кітапханашы мамандар атымен жоқ. Бірақ әрдайым тәртіп болуы үшін оқушылар кезектесіп волонтер ретінде кітапханашының міндетін атқарады.

Сондай-ақ  әр қабаттан шәкірттер үшін арнайы демалатын орындарды кездестіресіз.

Мектеп директоры Арнұр Мәденовтың айтуынша, білім ошағы ағылшын тіліне көбірек көңіл бөледі екен.

Бұл - физика-математика бағытындағы мектеп. Жалпы білім беретін бағдарламадан тыс біз физика, математика, биология, химия пәндерін ағылшын тілінде оқытамыз. Сондай-ақ, өздеріңіз байқағандай, мектебіміз ұлттық нақышта безендірілген. Тағы бір ерекше атап өтерлігі, мектеп бағдармаласында қазақ күресі, асық ату, атқа міну, киіз үй құру,  тоғызқұмалақ, қолөнер бар, - деді Арнұр Мәденов.

Директордың айтуынша, мектепте «сынып» деген ұғым жоқ. Оның орнын «орда» алмастырған. 20 адамнан құралған әр ордада 10 және 11-сынып оқушылары бар. Олар жыл бойы бір-бірімен білім деңгейі бойынша сайысады. Ал жыл соңында жеңімпаз ордаға сыйлықтар табыс етіледі. Әр орда бір-бірінен түс арқылы ерекшеленеді.

Бұл мектептің өзгеге ұқсамайтын тағы бір заңдылығы бар. Мұнда әр оқушы мұғалімді «ұстаз» деп айтуы қажет.

Республиканың әр өңірінен жиналған балалар мектепке алғаш келген уақытта ұяң, ұялшақ болатынын байқадық. Ал біз ондай балаларды ашық, тез тіл табысқыш, әңгімешіл болуға бейімдейміз. Мектептегі балалардың ауыл не қаладан екенін айыра алмайсыз, - деді ол.

Сондай-ақ мектепте психолог кабинеті бар. Психолог балалардың әлеуетін ашуға көмектеседі. Оған қоса, мамандар оқушыларға тест сынақтарына дайындық  кезінде психологиялық кеңестер берумен айналысады.

Сөз соңында Арнұр Мәденовке «Мектепті бітірген оқушының бойында қандай қасиеттер болады?» деген сауал қойдық.

Ең алдымен, оқу ордасын тәмамдаған әр оқушы ұлттық құндылықтарды сіңіреді. Сол бағытта балалармен жұмыс істейтін арнайы мамандар бар. Әр баланың таным-көкжиегі одан сайын кеңейе түсіп, өмірге деген қызығушылығы еселене түседі. Сондай-ақ мектеп түлектері ағылшын тілін тез меңгеріп шығады. Өйткені ұстаздарымыз тілді жетік біледі. Біз, барлығымыз ағылшын тілінде сөйлесеміз, - деп сөзін түйіндеді мектеп директоры Арнұр Мәденов.

Жақында Iqanat мектебінің ауласында жаңа кампустың іргетасына алғашқы бетон құйылды. Құрылысы аяқталған соң, республиканың түкпір-түкпіріндегі ауыл балаларының заман талабына сай білім алуы және жан-жақты дамуы үшін есігін айқара ашпақ.

Сабина КӘКІМЖАН

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері