×
11.07.2022, 14:39
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

Шәкіртақының өсуі – мемлекет тарапынан білім алушыларға жасалған қамқорлық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басынан бері білім саласына бірқатар жаңашылдық енгізді. Солардың бірі – жоғары оқу орны студенттерінің шәкіртақысының өсуі, деп жазады Elorda.info.

Шәкіртақының өсуі – мемлекет тарапынан білім алушыларға жасалған қамқорлық
Фото: ашық дереккөзден

Мемлекет басшысы шәкіртақы мәселесіне баса назар аударып, нақты тапсырмалар берді. Президент тапсырмасының қалай орындалғанын назарларыңызға ұсынамыз:

Президент тапсырмасына сәйкес, шәкіртақы 2020 жылдан бастап 25 пайызға көтерілді. 2017 жылы студенттер үшін шәкіртақы көлемі 20 949 теңге болса, 2022 жылы 36 660 теңге болмақ. Магистранттар 5 жыл бұрын 53 530 теңге алса, енді 86 987 теңге алады. Докторанттардың стипендиясы 2017 жылы 81 998 теңге болса, 1 қыркүйектен бастап 195 000 теңгені құрамақ. 5 жылда шәкіртақы динамикасы қалай өскенін төмендегі кестеде көрсетілген:

Биыл бакалаврларда шәкіртақы 20%-ға, магистранттар мен докторанттарда 15%-ға артады. Мемлекет жастарды жоғары білім алуға осылайша ынталандырып жатыр.

Енді осы жылдың қыркүйек айынан бастап педагогика мамандарын даярлау бағыты бойынша оқитын студенттер 58 мың теңгеден астам, басқа бағыттар бойынша білім алатындар 37 мың теңгеге жуық шәкіртақы ала бастайды. Магистранттардың шәкіртақысы 86 987 теңгеге дейін, докторанттардың шәкіртақысы 195 000 теңгеге дейін өседі.

Еске сала кетейік, 2021 жылдың қыркүйек айында бакалаврлар стипендиясының мөлшері 20%-ға, магистранттар мен докторанттар стипендиясының мөлшері 15%-ға артқан болатын. Осылайша, 2021 жылдың қыркүйегінен бастап студенттердің шәкіртақысы 31 423 теңге, педагогика бағытында оқитын студенттердікі 50 400 теңге, магистранттардыкі – 76 950 теңге, докторанттардыкі 172 500 теңге болатын.

Жасыратыны жоқ, студенттер осы жаңалықты көп күтті және білім қуған жастар үшін бұл үлкен қолдау болды. Бакалавр, магистрант, докторанттарды қоса алғанда олардың арасында ұлғайтылған стипендия алатындар да бар. Бір топ білім алушының қуанышымен бөлісіп, әңгімеге тартқан едік.

2019 жылы оқуға түскенде, алатын шәкіртақымыз 20 949 теңге болатын, одан 2020 жылы 26 186 болды, 2021 жылдан бері 31 423 теңге. Ұлғайтылған көлемде 36 мың теңгедей аламын. Енді 2021 жылдан бастап 36 660 теңге болады деп жатыр. Ал ұлғайтылған көлемде 42 мыңға жуық болмақ. Қарапайым студент үшін бұл – үлкен қолдау, мотивация. 3 жылдың ішінде шәкіратқымыз едәуір өсті. Осындай қамқорлық жасаған Мемлекет басшысына, министр Асхат Аймағамбетовке алғысымды білдіргім келеді. Жыл сайын 15-20 пайыздан көтеріліп келе жатыр. Шәкіртақының өсуі оқуға деген құлшынысымды арттырады, - деп қуанышын бөлісті Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Журналистика және саясаттану» факультетінің 3-курс студенті Гүлнар Серікбаева.

Ал магистранттардың шәкіртақысы 86 987 теңгеге дейін өсті. Қыркүйектен бастап осындай мөлшердегі стипендия алатын магистранттардың бірі – Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Халықаралық қатынастар» факультетінің 2-курс магистранты Әсел  Бақытқызы. Ол осындай жақсы жаңалық өзіне тың серпін бергенін айтады.

Мұндай ақжолтай жаңалықты естіп, көңілім көтеріліп, мәз болып, қуанып қалдым. Стипендияның өсуі – білім алып жүргендер үшін үлкен мотивация. Бұрынғы алып жүрген ақшамыз шынымен аз болатын. Өйткені азық-түлік, пәтер жалдау бағасы күн өткен сайын көтерілуде. Сонымен қатар біздің басқа да шығындарымыз өте көп. Шәкіртақының көбейгені өте дұрыс болды. Ал ұлғайтылған шәкіртақы мемлекеттік шәкіртақыдан едәуір көп. Сондықтан алдағы уақытта үздік оқуға ұмтыламын, - дейді ол.

1 қыркүйектен бастап докторанттардың шәкіртақысы 195 000 теңгеге дейін өспек. Бұл – бір айлық жалақымен пара-пар дейді Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Журналистика және саясаттану» факультетінің 3-курс докторанты Нұржан Көшкенов.

Шәкіртақының өскені жақсы. Докторанттарға жұмыс істемей, тек ғылыммен айналысуына мүмкіндік береді. Докторантураға түскендердің көбі – отбасылы жандар. Сондықтан докторанттар шәкіртақысының жоғары болуы орынды. Осы қыркүйек айынан бастап 195 000 болмақ. Бұл – бір айлық жалақы көлемі. Докторанттар жұмыс істеу керек деп алаңдамай, оқуына барып, зерттеуімен айналыса береді. Бұл – жас зерттеушілерге жасалған үлкен көмек. Ғылым саласындағы осындай игі бастамалар мен мемлекеттің қамқорлығы мұнымен тоқтап қалмай, жалғасын тапса екен, - дейді докторант.

Бүгінгі таңда әлем нарығында барлық елдер өзінің ғылымы мен мықты кадрлары арқылы ғана бәсекелестікке төтеп бере алады. Мемлекетіміз білім қуған жастарымызға шәкіртақыны көбейту арқылы ғылымға және білім алушыларға қамқорлық жасап отыр. Ал ғылымның болашағы – бүгінгі жастар!

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері