×
15.11.2022, 09:41
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!
Мақалада:

Халықтың барлық несиесі кешірілсе, Үкімет ұтылмайды – Ғалым Байназаров

Теңге деген тек қана валюта емес, Қазақстанды экономикалық егемендікке жеткізген алтын арқау

Халықтың барлық несиесі кешірілсе, Үкімет ұтылмайды – Ғалым Байназаров

Ұлттық валютасыз экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізу әсте мүмкін емес еді. 90-жылдардағы ауыр кезеңде дағдарыстан шығып, Кеңес Одағының рубльдік аймағында болған Қазақстанның экономикалық саясатын қалыптастыру оңайға соқпады. Ол үшін төл теңгенің ауадай қажет екенін дәлелдеп, оны айналымға енгізу жұмыстарының басы-қасында болғандардың бірі әрі бірегейі Ұлттық банктің тұңғыш төрағасы, экономика ғылымдарының докторы, профессор, КСРО Мемлекеттік банкінің үздігі Ғалым Байназаров. Төл теңгеміздің тарихын парақтаған Ғалым Байназаров Elorda.info тілшісіне арнайы берген сұхбатында валютамыздың бүгінгі жай-күйін айтып, қордаланған мәселелерді шешу жолдарын ұсынды. 

Бізде бұрын жұмыссыздық деген болмаған

Ұлттық банктің тұңғыш төрағасы 29 жыл бұрынғы теңгенің қазіргі ахуалы жайлы сөз қозғады. Оның айтуынша, теңге деген тек қана валюта емес, Қазақстанды экономикалық егемендікке жеткізген алтын арқау.

1992 жылдың басында мен Ұлттық банкке келдім. Ол кездегі жағдай өте қиын болатын. Капиталистік елдер 14 рет үлкен дағдарысқа ұшыраған еді. Соның ішіндегі ең ауыры – Кеңес Одағының құлауына байланысты болған жаңа дағдарыс. Оның зардабы 1926 жылғы Америкадағы ұлы дағдарыстан да зор болды. Кеңес Одағы 1991 жылдың аяғында құлап, екі жылдың ішінде Е.Гайдар үкіметі бағаны бетімен қоя берді. Соның кесірінен тауардың құны 55 есе өсіп кетті, елдегі инфляция 5500 пайыз болды. Бұл Кеңес Одағынан қалған жақсы экономиканың, жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарының, ауыл шаруашылығының құлдырауына алып келді. Сөйтіп, 1995 жылы өнеркәсіптің 52 пайызынан айырылып қалдық, бізде 48 пайызы ғана қалды. Ауыл шаруашылығының 49 пайызынан айырылдық. Мұндай жағдай, тіпті, кешегі Екінші дүниежүзілік соғысты басынан өткізген Германияда да болған емес. Олар үлкен соғыста өздерінің өнеркәсіптерінің тек 40 пайызын жоғалтты. Ал біз соғыс жоқ, бейбіт күнде осындай үлкен ауыртпалыққа душар болдық.  

Бұрын бізде, әрине, банк жүйесі болған. Бірақ ол келген клиенттерге қызмет көрсету деңгейінде ғана болды. Мәскеудегі бас банктің жергілікті жерлердегі филиалы есебінде ғана қызмет атқарды. Біз егемендік алдық, бірақ өндіріс тоқтап қалған жоқ қой. Сол кезде Қазақстан 160 елмен сауда жасайтын. Оның есеп-қисабын жүргізетін жүйе болған жоқ, инфрақұрылым болмады. Осындай кезде уақытқа қарамай күндіз-түні жұмыс істеп, банк жүйесінің инфрақұрылымын жасау қажет болды. Бізде ақша және несие саясаты жүргізілген жоқ. Шетелмен байланыс, төлем жүйесінің барлығы сол Мәскеуден басқарылып отырды. Бізде банкнотты фабрика, ақша сарайы, корреспонденттік қатынастар, шетелдегі банктермен байланыс болған жоқ. Шетел бізге толығымен жабық болды. Сондықтан осыларды жасау қажеттігі туындады. Осындай қиын жағдайда тауар бағасы 55 есе өсіп кеткеннен кейін біздегі ең жақсы өнеркәсіп орындары оған төтеп бере алмай, тұралай бастады. Мысалы, 90-жылдары Қазақстанда 19 мың өндіріс орны болды. Ал 1995 жылы осының екі мыңнан астамы жоғалып кетті. Бізде бұрын жұмыссыздық деген болмаған, тіпті ондай көрсеткіш те болмаған. 2,5 мың өндіріс орны тоқтап қалған кезде 1991-1993 жылдары жұмыссыздық деңгейі қаулап өсіп кетті. Елге жалақы төлеу қиынның қиынына айналды. Өйткені 55 пайызға өсіп кеткен бағаны қуып жету қиынға соқты. Оған бюджеттің де шамасы келмей қалды. Үкімет оны бірте-бірте шамалап көтеріп еді, алайда халықтың табысын жан басына шаққанда құлдыратып жіберді. Халықтың өмір сүру деңгейін 80 пайызға түсіріп жіберді. Осындай қиын жағдайда жұмыс істеуге тура келді. Бірақ соның көпшілігін 1992-1993 жылдары жеңіп шықтық, - деді Ғалым Байназаров 90-жылдарды еске алып.

Бүгінде 1990 жылғы зейнетақыдан 13 доллардай кем аламыз

Банкирдің айтуынша, сол кезде басталған қиыншылықтар бізде әлі де бар. Толығымен жойылған жоқ.

Себебі біздегі экономика моделі – нарықтық жүйе, яғни, капиталистік жүйе. Ал капиталистік жүйеде әлеуметтік теңдік болмайды. Халықтың жағдайы нашар, жалақы, зейнетақы неге төмен деп у-шу боламыз. Неге? Біздің ішкі жалпы өнім 1990 жылмен салыстырғанда 4 есе өсті. Доллармен есептегенде, 1990 жылы біздің жалпы ішкі өнім 39 млрд доллар болды,  ал 2021 жылғы есепті қарасақ, 197 млрд доллар. Сонда 4,5 еседей өсіп тұр. Жан басына шаққанда табыс, халықтың табысы 1990 жылы 271 доллар болды, 2021 жылдың қорытындысында 309 доллар болды. Сонда 31 жылдың ішінде 14-ақ пайызға өсіп тұр. Зейнетақы 1990 жылы 181 доллар болған, қазір – 158 доллар. Бүгінде 1990 жылғы зейнетақыдан 13 доллардай кем аламыз. Доллармен есептегенде 1990 жылдың зейнетақы деңгейіне әлі жеткен жоқпыз. 31 жыл болды әлі қуып келе жатырмыз. Ал жалақы 1990 жылы 537 доллар болатын, 2021 жылдың қорытындысында – 587 доллар. 34 долларға ғана өсіп тұр. Біз капиталистік жүйе құрдық. Ал мұндай жүйеде міндетті түрде байлар мен кедейлер болады. Өкінішке қарай, бізде олардың арасындағы арақашықтық үлкен. Қазір 2,5 млн зейнеткер бар. Санасақ, олардың зейнетақысы күніне 5 доллардан төмен. 2 миллиондай өзін-өзі жұмыспен қамтығандар бар. Олардың табысы күніне 3 доллардан төмен. Сонда 8 миллиондай жұмыс істейтін адам бар. Соның тең жартысына жуығы кедейшілікте деген сөз. Табиғи байлығымыз мол, бірақ біз табыс таппаймыз, - дейді Ұлттық банктің тұңғыш төрағасы.

Енді халық несиені кемі 20 пайызбен алады

Ғалым Байназаровтың айтуынша, базалық мөлшерлемені жоғарылату банкирлерге тиімді болғанымен, халық үшін тиімсіз. Базалық мөлшерлеменің үстіне екінші деңгейлі банктердің қосатын пайызы бар. Ал бұл қарапайым халыққа ауыр болатыны анық.

Базалық мөлшерлеме қазір 16 пайыз. Екінші деңгейлі банктер кемінде 3 пайыз қосады. Сонда халық несиені кемі 20 пайызбен алады. Қазір инфляциямен күресуде. Алайда инфляция өршіп бара жатыр, тоқтап тұрған жоқ. Ақша-несие саясаты инфляциямен, бағаның өсуімен, экономиканың дамуымен, халықтың табысымен байланысты. Себебі ол Ұлттық банктің валюта бағамымен байланысты. Біздің қазір жүргізіп отырған ақша-несие саясатымыздың аты – инфляцияны таргеттеу. Оның 4 түрі болады:

1) инфляцияны таргеттеу;

2) валюта бағамын таргеттеу;

3) монетарлық таргеттеу;

4) номиналды кірісті таргеттеу;

5) несиені таргеттеу.

Дүние жүзінде 256 мемлекет бар болса, соның 39-ында ғана инфляцияны таргеттеу саясаты жүргізіледі. Бұл дүние жүзі елдерінің 16 пайызында ғана бар дегенді білдіреді. Қазақстан нарықтық экономика жолына түсіп алған соң байыбына бармай жатып, бүкіл алпауыт капиталистік елдерге тән жүйені көшіріп алуға тырысып келді. Қазақстанға келе ме, келмей ме, онда ешкімнің шаруасы жоқ. Негізі бұл идея бұдан 100 жыл бұрын шыққан. Бірақ 100 жыл бойы ешқандай мемлекет инфляцияны таргеттемеген. Мұнда үлкен сұрақ бар. Өйткені инфляцияны таргеттеудің пайдасы да бар, сонымен қатар осал жерлері де көп. Осыған байланысты төрт кезеңнен өтті. Мұны Жаңа Зеландия бастады, 2014-2015 жылдары Қазақстан, Ресей, Испания, Уругвай, Венгрия, Филиппин барлығы соған кіріп кетті. Инфляцияны таргеттеу саясатын жүргізе бастадық. Бұл кезде осы саясатты жүргізу мәселесінде ұлттық валютаны еркін айналымға қоя береді. Қазір Қазақстанда теңгенің бағамына ешқандай мемлекеттік орган жауап бермейді. Ең ауыр соққы – теңге бағамының долларға қарағанда күрт төмендеуі. Осының барлығы – инфляцияны таргеттеу саясатынан туындаған нәтижелер. Инфляцияны таргеттуге дейін бізде оның жылдық көлемі 6,4 пайыз болған (2013-2014 жылдары). Бұл саясатты 2015 жылы кіргіздік. Сонда инфляция көлемі орта есеппен 5 жылдың ішінде 7,8 пайыз болған, яғни өсті. 2015-2021 жылдың арасында 8 пайыз болды. Ал биыл 9 пайыз болып отыр. Сонда біз инфляцияны таргеттеп, кредиттің пайызын оқтын-оқтын өсіріп жатырмыз. Бірақ нәтиже жоқ. Инфляция өсіп бара жатыр. Қазан айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция бізде 18 пайызға жуық (17,7). Ал несиенің пайызын 16 пайызға көтерді, бір жылда 4-5 рет өзгертті. Бірақ инфляция оған қарамайды. Инфляция қайдан пайда болады? Біріншіден, бізде саудаға қарайды. Қарап отырсақ, дүкен сөрелерінде тек шетелдік өнімдер ғана. Бізде 40 пайыз азық-түліктік тауарлар, бөлшек саудада сол импортпен жабылады. Халыққа сататын еттің 25 пайызын, сүт өнімдерінің 20 пайызын шетелден әкелеміз. Өндіріс орындары аз, өспей отыр. Себебі өндірісті көркейтуге берілетін несиенің пайызы өте жоғары, сондықтан біздегі тамақ өндірісінде өзіміздің қазақстандық өнімдер азайып бара жатыр, - деп экономикаға алаңдаушылық білдірді Ғалым Байназаров.

Инфляцияны таргеттеу – экономиканы тежеп отыр

Оның айтуынша, инфляцияны таргеттеу саясаты экономиканың дамуына кедергі келтіріп отыр. Экономист бұл саясаттан бас тарту қажет екенін айтады.

Бізде экономика ғылымы өзгеріп кетті, түрлі «ақылдысымақ» ғалым-докторлар бар. Олардың айтуынша, Қазақстанға ет бермеуіміз керек, оны экспортқа шығаруымыз қажет көрінеді. Бұл – есі дұрыс емес, адасқан, надан адамның сөзі. Біз әуелі өз халқымызды жарылқап алуымыз керек. Содан кейін Үкімет оны жіті қадағалауы тиіс. Экспортқа шығып кетіп жатса, керісінше, оны тоқтату қажет. Инфляцияны таргеттеудің есебінен өндіріс орындары құлдырап, экономиканың даму үрдісі екі есеге төмендеп кетті. Осы олқылық біздің өсуімізге үлкен кедергі болып отыр. Мысалы, біздің жалпы ішкі өнім 2010-2014 жылдары 6 пайызға өскен, ал 2015-2020 жылдары ол 2 пайызға түсіп қалған. 2021 жылы да солай. Орташа есеппен кейінгі жеті жылды қарасақ, ол да 2 пайыздан аспай тұр. Сонда 2014 жылдан бастап инфляцияны таргеттеу саясатын  жүргізіп, жақсы жетістіктерге жетсек, біздің экономикамыз неге өспей тұр? Демек мұның үлкен зияны бар деген сөз. Енді халықтың табысына келейік, қазір доллармен есептегенде ол да 2010-2014 жылдардың деңгейінен 38 пайызға төмендеп кетті. Өйткені теңгенің долларға шаққандағы бағамы күрт төмен түсті. 1993 жылы теңгені біз 4,75 қылып кіргіздік. Қазір ол 101 есе түсіп, өзінің сатып алу қабілетін жоғалтты. Осының барлығы – экономикалық саясаттың, ақша-несие саясатының дұрыс еместігі. Оның сыртында қазір банктер экономикаға несие бөлуді қойды. Бұлар тек елге тұтынушылық несие береді, осы несиелердің саны 2010 жылғымен салыстырғанда 12 есе өсті. Бұл да халықтың тұрмысына елеулі әсер етіп отыр. Несиелік портфельдегі тұтынушылық пен ипотекалық несиелердің үлесі – 52 пайыз, ол банктерге жақсы. Шаруашылыққа несие беру үшін банктер өндіріс орнына тәуекел етеді. Мына жерде халыққа 20-30 пайыздан беріп жатыр. Сөйтіп, жұмыс істейтін 6 миллион халықтың 5 миллионнан астамы қарыз. Осылайша, біз қарызға батып жатырмыз. Тойды жақсы көретін халықпыз. Несие алып, той жасаймыз, үйді де, түрлі көлікті де несие алып, сатып аламыз. Ақша-несие саясатының осалдығын осыдан-ақ көруге болады. Мұндай жағдайлар капиталистік елдердің іс-тәжірибесінде болған. АҚШ-ты алып қарайық. 2008 жылы онда үлкен дағдарыс болды. Өйткені осындай ипотекаға берілген қаншама трлн несиені америкалықтар қайтара алмады. АҚШ банктері ашкөздікке салынып, олардың табыстарына қарамай, өлшеусіз бере берді. Бұл – тоқтамайтын жағдай. Банк жүйесі қалай болғанда да табыс табуды көздейді. Несиені тоқтаусыз бере береді, - деді Ғалым Байназаров.

Халық несиесін толық өтегенге дейін 3-4 үйдің ақшасы шығады

Ғалым Байназаров көпшілік арасында талқыға түсіп жатқан «Халықтың несиесін кешіру керек» деген ұсынысқа келісетінін айтты. Оның айтуынша, халықтың барлық несиесі кешірілген жағдайда, Үкімет ұтылмайды.

Әрине, бюджеттің есебінен халықтың қарызын түгел кешірсе, онда билік халыққа үлкен жақсылық жасаған болар еді.  Бізде ондай ақша бар. Ұлттық қорда 55 млрд қорымыз бар. Оның 96 пайызға жуығы шетелде. Олар біздің экономикада жоқ. Біз неге оларды осында әкелмейміз? Біздің зейнетақы қорымыз бар, онда 30 млрд доллар бар. Екі қорда 80 млрд доллар бар. Ал халықтың банкке қарызына келер болсақ, 14 млрд доллар – тұтынушылық несие, 9 млрд доллар – үй алуға берілген несие. Сонда бұл олардың көп дегенде отыз пайызы ғана. Үкіметке облигация арқылы екі қор қарыз беру керек. Бірақ олар өздерінің ақшасын сақтап қалады. Ал Үкімет оларға 1-2 миллиардтап қайтарып отырады. Сөйтіп, бюджетке ақшаны құю керек те, халықтың қарызын жою керек. Ондай мүмкіншіліктер бар. Сонда қазіргі жұмыс істеп жүрген балаларымыз 40 жыл бойы банктің құлы болмайды. Олар несиесін өтегенге дейін банкке 3-4 үйдің бағасын төлейді. Несиені кешіру, жою үлкен ауыртпалық емес. Бізге солай жол ашылады. Сөйтіп, халықтың әл-ауқатын күрт көтереміз. Ал жалақыны, зейнетақыны екі есе көтеру қажет, - деп атап өтті Ұлттық банктің тұңғыш төрағасы.

Қытайдың жалақысы Қазақстаннан төмен болатын

Банкир сөз арасында қазіргі экономикалық саясатты жүргізіп отырғандарға көңілі толмайтынын ашық білдірді.

Зейнетақымызға өткенде 9 мыңнан қосып, «жарылқап» жатыр. Ол дүкенге бір барғанда жұмсалып кететін ақша ғой. 1 бөлке наның сол жағалаудағы бағасы – 290-300 теңге. Бұл тығырықтан шығудың жолы – экономика моделін өзгерту. Мысалы, Қытай, Вьетнам сияқты. Қытай 10 жыл бұрын бір съезінде кедейшіліктен шығу деген бағдарламасын көтерді. Мінеки, Қытайда орташа жалақы 1 мың АҚШ долларын құрайды. 1,5 млрд халқының жағдайын жасауға Қытайдың күші жетіп отыр. Біздегі орташа жалақы 290 мыңдай. Қытайдың жалақысы 2000 жылға дейін Қазақстанның жалақысынан төмен болатын. Ал Вьетнамды алайық, 90-жылдары оның ЖІӨ-і Қазақстаннан екі есе төмен болатын. Қазір 2021 жылдың қорытындысымен оның ЖІӨ – 400 млрд доллар. Бізде – 197 млрд доллар. Көрсеткіш қазір бізден екі есеге көп. Қайыршылықты бастан өткерген Вьетнам Франциямен 10 жыл соғысты, Америкамен 7 жыл соғысты, соған қарамастан оның экономикасы бізден жоғары. Өйткені олар басқа саясат жүргізеді. Оларда әділеттілік, Компартия, жоспарлы экономика бар. Осыған байланысты қазір олар алға түсіп отыр, - дейді экономист.

Екінші деңгейлі банктерге қатысты саясатты қайта қарау керек

Ғалым Байназаров елдегі екінші деңгейлі банктерге қатысты саясатты қайта қарайтын уақыт жеткенін атап өтті. Өйткені жекеменшік банктер тұтынушылық және ипотекалық несиемен күн көріп жатқан көрінеді.

Үкіметтің екінші деңгейлі банктерге қатысты саясаты өзгеруі керек. Жасыратыны жоқ, банктерге өзінің байлығын еселейтін заң шығарылса болды. Олар тек қорғаныш есебіне ғана сүйенеді. Нарықтық экономикадағы шындық – осы. Бізде депозитте халықтың 63 млрд доллар салымы бар. Ал экономикаға беріліп отырған несие – 55 млрд доллар. Сонда таза 8 млрд доллар экономикада жоқ. Оны шетелде пайдаланады, ол – құнды қағаздар, валюталық биржада, қор биржасында жүреді. 63 млрд доллар салым болса, 43 млрд доллар несие бар. Осы 43 млрд доллар екі мемлекеттік банк, сосын тағы банктік емес ұйымдарда. Ал олардың үлесі – 8 пайыз ғана. Қалған 81 пайызы – жекеменшік банктер. Жекеменшік банктер экономикаға несие бермейді. Ауыл шаруашылығын несиелеу коэффициенті жекеменшік банктерде 4-ақ пайыз. Ал Кеңес Одағында біз оларға 80-90 пайызға несие беретінбіз. Мөлшерлемесі 1,5-2 пайыздан болатын. Өйткені жекеменшік банктер тұтынушылық несиемен, ипотекалық несиемен күн көріп жатыр. Оларға сол жеткілікті. Ал ол банктер ауыл шаруашылығына, өндіріс орнына несие бермейді. Сондықтан біз жекеменшік банктерге үміт артпауымыз керек. Басқа жағдай жасауымыз керек. Кейінгі онжылдықта жекеменшік банктердің экономикаға беретін несиелері бірте-бірте азайып бара жатыр. Қазір олардың несиелеу коэффициенті – 21 пайыз. Ол  кемінде 80-90 пайыз болуы керек. Осылай кеміп-кеміп, қазір 21 пайыз болып отыр. Бұл өте төменгі деңгейде – ақшаның жеткіліксіз екенін көрсетеді. Сондықтан Қытайды, Германияны алайық. Германияда 36 мың банк бар. Соның 9 мыңы ғана коммерциялық банктер, қалғаны – мемлекеттік банктер. Германия кім? Қазақстан кім? Германия өздерінің мемлекеттік банктерінің табыс табуына мүдделі емес. Олар немістердің ауыл шаруашылығына, өндіріс орындарына жеңілдікпен несие береді. Кішкентай қалаларда 14 мың банк бар. Ал бізде несие алу мәселесі шағын қалаларда емес, Алматыда шешіледі. Ол үшін сен кемі 4-5 ай жүруің қажет. Ал онда сол сәтте шешіледі, тіпті, үйден шықпай-ақ онлайн ала береді, - деді Ғалым Байназаров.

Ипотекалық несиелер Кеңес Одағы кезінде 0,75 пайызбен берілетін

Ғалым Байназаров қазіргідей қымбатшылық жайлаған уақытта экономикамызға өзгерістер енгізіп, тығырықтан шығу үшін өз ұсыныстарын алға тартты.

Біз банк саясатын күрт өзгертуіміз керек. Халыққа тиімді болуы үшін ауыл шаруашылығына, орта және шағын бизнеске мемлекеттік банк құру қажет. Ал олардың пайыздық мөлшерлемесін 3 пайыздан асырмау керек. Тіпті, 1 пайыздан беруге болады. Оларға аппаратын ұстап тұруға, бизнестерін жүргізуге сол жетеді. Қытайды алайық, онда 2 ауыл шаруашылық мемлекеттік банкі бар. 90-жылдары қытайлық банктердің деңгейі біздікінен төмен болатын. Қазір олардың активтері америкалық банктерден де жоғары. Отыз жылдың ішінде алғашқы бестікке енді. Орта және шағын бизнеске бөлетін өнеркәсіптік банктер бар, пайыздық мөлшерлемесі – 2-3 пайыз. Олар сонымен жұмыс істейді, оларда инфляция жоқ, 2021 жылдың қорытындысы бойынша, Қытайда бір-ақ пайыз болды. 2019 жылы 2 пайыз болды. Вьетнамда да солай. Ал біз инфляциямен алысамыз деп, ақшаны қысып, пайыздық мөлшерлемені 16-20 пайызға көтеріп қойдық. Ал ипотекалық несиелер бізде Кеңес Одағы кезінде 0,75 пайызбен берілетін. Сол кезде елімізде ипотекалық кредит 1 млрд доллар болатын. Қазір 20 пайызбен алған үйіңді 10 жылда 4 пәтер қылып төлейсің. Сондықтан шетелге кетіп қалған қазақ балалары елге оралғысы келмейді, - дейді Ғалым Байназаров.

Егер мен дәл қазіргі жағдайда банк төрағасы болсам, экономиканы 2-ақ жылда қалпына келтірер едім

Ол билік басына, банкті басқаруға нағыз білікті мамандар келуі керек деп санайды. Сонда ғана халықтың әл-ауқаты жақсарар еді дейді.

Егер 0,75 пайызбен ипотека енгізсе, халықтың әл-ауқаты әлдеқайда жақсарар еді. Осының барлығын істеуге болады. Оған үлкен бастың қажеті жоқ.

Егер дәл қазіргі жағдайда банк төрағасы болсам, экономиканы қалпына келтіруге маған әрі кетсе үш-ақ жыл жетеді, тіпті екі жыл. Мен бір жыл 11 ай ішінде жаңадан банк жүйесін өмірге келтірдім. Менімен бірге 20-30 жыл банк жүйесінде тәжірибесі мол кәсібилер жұмыс істейтін. Біз жоғарыдан ештеңе күтпейтінбіз. Қазір барлығы телміріп Президенттің аузына қарайды да отырады. Ол арқасынан итермесе алға баспайды. Кеңес дәуірінде министр болу үшін кемінде 10-15 жыл ауданда, облыста жұмыс істеуің керек-тін. Біз жоғары кәсіби мамандар болдық. Арқалықта мен басқарған кішкентай банк Торғай облысында құрылды. Кеңес Одағы кезінде 2 рет бірінші орын алдық. Содан кейін Алматыға шақырды. Міне, сол сияқты елдегі кадрлық саясатты түбегейлі өзгерту керек. Үкімет басына ананың-мынаның баласы келмеуі керек, - деп сөзін түйіндеді Ғалым Байназаров.   

 АЯУЛЫМ СЕРІКҚЫЗЫ

     

       

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері