Қазгидромет синоптиктері 6, 7 және 8 тамыздағы ауа райына қатысты болжамды жариялады, деп хабарлады Elorda.info.
Болжам бойынша, алдағы күндері Қазақстанның батысы мен солтүстік-батысында жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі.
Елдің қалған бөлігінде ауа райы оңтүстік циклон және онымен байланысты атмосфералық фронталь бөліктер ықпалына байланысты болады. Мұнда көбінесе жаңбырлы ауа райы болжанады – найзағай, екпінді жел соғып, жаңбыр жауады. Республиканың орталығында, солтүстігінде, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында қатты жаңбыр, бұршақ, жел болуы мүмкін, – делінген хабарламада.
Ауа температурасында айтарлықтай өзгерістер болмайды: күндіз батыста +30 +37 градус, оңтүстік-батыста +27 +37 градус, солтүстік-батыста +27 +35 градус, солтүстікте, шығыста +22 +30 градус, орталықта +20 +28 градус, оңтүстікте, оңтүстік-батыста, елдің шығысында +30 +35 градус, таулы аймақтарда +25 градус шамасында.