Қытайдан құны 27 млн теңге болатын декларацияланбаған тауарларды кедендік төлемдерден жалтарып әкелуге тырысқан, деп хабарлады Elorda.info Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.
Автобөлшектер, аккумуляторлар, дәнекерлеу аппараты мен шаруашылық тауарларын Қазақстанға бір ЖШС кедендік төлемдер мен салықтарды төлеуден жалтарып әкелуге тырысты. 2022 жылғы 14 маусымда «Қалжат» кеден бекетінде декларацияланбаған жүкті тасымалдау әрекеті тоқтатылды, - деп жазылған баспасөз хабарламасында.
Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, бұзушылық сыртқы экономикалық қызметке қатысушымен ЕАЭО кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарына кедендік бақылау жүргізу кезінде анықталған.
Кедендік тексеріп қарау нәтижелері бойынша жалпы салмағы 20 тонна декларацияланбаған тауарлар анықталды. Оларға 5,5 млн теңге сомасында кедендік төлемдер мен салықтар салынды. Импорттаушы ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 551-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Декларацияланбаған тауарлар бойынша кедендік төлемдер мен салықтардың сомасы бюджетке өндіріп алынды, - деп жазылған хабарламада.