Нұр-Сұлтан 9.9°
×
29.04.2022, 17:55
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

Адам мен жануар арасындағы достық күшейіп келеді – зооволонтер

Соңғы жылдары елімізде жануарларды қорғау мәселесі жұртшылықтың жіті назарында. Жәбір көрген төртаяқтыларға араша болу, бұралқы ит-мысықтарға баспана тауып беру, орайы келсе еміне, тамағына көмектесу деген жақсы әдеттер қалыптасып келеді. Мұндай қайырымды жандардың бір бөлігі волонтерлік қызметтің арнайы бағыты – зооволонтерлікпен тұрақты түрде айналысып жүр, деп жазады Elorda.info.

Адам мен жануар арасындағы достық күшейіп келеді – зооволонтер
Фото: ашық дереккөз

Сондай азаматтардың бірі – астаналық Сержан Шайхымов. Сержанның волонтерлікпен айналысып жүргеніне бес жылдай болған. Ал зооволонтерлік бағытындағы іс-шараларға үш жылдан бері араласып келеді.

2017 жылы астанадағы EXPO көрмесінде волонтер болдым. Сол кезден бері волонтерлік іс-шараларға белсене қатысамын. Қарттарға көмектесемін, әртүрлі бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырамын. 2019 жылы Қарағандыда тұрған кезінде біздің волонтерлік штабқа бір кісі келді, қолындағы үлкен пакетте ит-мысыққа арналған тамақ алып келіпті. Оған ілесіп бір жануарлар үйіне барып, оларды тамақтандырдық. Бір кезде әлгі панахананың иесі «Иттерді қыдыртып қайтқыларың келмей ме?» деді. Мен тазыны, досым тағы бір итті алып, қыдыртуға шықтық. Осылайша зооволонтерлікпен айналысуды бастадым, – дейді Сержан.

Бір қызығы, бұрын Сержанда кинофобия (иттен қорқу) болған екен. Волонтерлік кезінде бұл фобиясынан толықтай арылғанын айтады:

Иттерден қатты қорқатын едім. Жануарлар үйіне енді-енді барып жүрген кезім. Бір күні аяғымды кішкентай қара ит тістеп алды. Басында кішкене шошығаным рас, бірақ бұл оқиға маған бойымдағы фобияны жеңуге көмектескен сияқты, – деп ағынан жарылды волонтер.

Сержанның пікірінше, бүгінде қоғамда жануарларға деген көзқарас жақсарып келеді.

Адам мен жануар арасындағы достық күшейіп келе жатыр. Мысалы, менің достарымды алатын болсақ, олар жануарларын өте жақсы күтеді уақытылы дәрігерге апарады, тамағын береді, серуендейді, ойнайды, үйде бөлек жататын жерлері бар. Бірақ интернетте жануарларға жәбір көрсеткендер туралы оқығанда, түсініксіз күйде қаламын, – дейді Сержан.

Ол өз сөзінде елімізде былтыр шыққан «Жануарларды қорғау туралы» заңға да тоқталды.

Жаңа заң мақұлықтардың тыныш өмір сүріп, ешкімнің мазағына айналмауын қарастырады. Бірақ, өкінішке қарай, заңда әлі де шикі тұстар баршылық. Мысалы, заңда «жануарлар үйіне арналған жер» ұғымы бекітілмеген, яғни ашылған панаханалар өзінің қызметін нақты көрсете алмайды, сондықтан олардың құрылуы бұрынғысынша заңсыз болады. Мұның қиындығы – жануарлар үйлері көмек сұраған кезде біз олардың шынымен де жануарларға қамқорлықпен айналыса ма, әлде алаяқтар ма – онысын анықтай алмаймыз, – дейді Сержан.

Сержан мен оның жанындағы волонтерлер қазіргі таңда астанадағы алты жануарлар үйіне көмек көрсетеді: ондағы жануарларды қыдыртады, тұратын жерлерін тазалайды, қажет болса, уақытша орналастыратын жерлер табуға көмектеседі. Зооволонтер болғысы келгендерге Сержан: «Жай ғана көшеде жүрген ит-мысықтарға тамақ беріп жүрсеңіз, соның өзі – үлкен қадам» деген қарапайым ғана кеңес айтты.

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері