Нұр-Сұлтан 9.4°
×
20.01.2022, 21:30
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

Неліктен тәтті жегіңіз келе береді

Глюкоза энергияның негізгі көзі болып табылады. Алайда үнемі тәтті жегісі келу ағзадағы проблема жайлы ескерту болуы мүмкін, деп хабарлады Elorda.info Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.

Неліктен тәтті жегіңіз келе береді

Жылдам көмірсуларға деген құштарлық ағзадағы қандай проблемалармен байланысты екенін және неліктен үнемі тәтті жегіңіз келетінін қарастырамыз.

Күйзеліс гормонының артуы

Үнемі күйзелісте болу, жүйкенің тозуы және ұйқының жетіспеуі кортизол деңгейінің артуына әкеледі. Бұл гормон бүйрек үсті безінде түзіледі. Оның өте көп болуы ағзадағы бұзылулардың пайда болуына ықпал етеді. Адам күйзеліс жағдайында ұзақ болса, кортизол артып, инсулинге деген рецепторлардың сезімталдылығы төмендейді. Күйзеліс гормоны қандағы қант деңгейін арттырады, бірақ сонда да жасушалар энергия жетіспеушілігін сезеді. Нәтижесінде, энергияны толықтыру үшін қарныңыз аша береді және жылдам көмірсуларға тартып тұрады.

Кортизолдың жоғары болуы уақыт өте семіздікке, терінің жұқаруына және созылуына әкелуі мүмкін. Сондай-ақ, күйзеліс гормонының артуы артериялық қысымды көтереді.

Қандағы кортизол гормонының көп бөлінуін болдырмас үшін өмірге қатынасыңызды өзгерту керек. Кейде күн мен тамақтану тәртібіңізді өзгерту жеткілікті болады. Бірақ көп жағдайда кортизолдың жоғары болуы созылмалы күйзеліспен байланысты. Күйзелістік жағдайға түспеуге тырысыңыз және демалыстың маңызы жайлы ұмытпаңыз. Қатаң диеталар ұстамаңыз және кофе мен алкоголь ішуді қысқартыңыз.

Белсенді ми жұмысы және шаршау

Белсенді ми қызметі кезінде ағза көп энергия жоғалтады. Сондықтан жұмысқа беріліп кеткен күндері калориясы көп тағам жегіңіз келуі мүмкін. Жұмыстағы немесе сабақтағы күйзелісті шоколад немесе тәтті тоқаштармен баспас үшін тамақтанудың дұрыс режимін сақтау керек. Диетологтар таңғы асты күрделі көмірсулар мен дәнді дақылдардан дайындауды ұсынады. Олар энергияны баяу босатады және тоқтық сезімін ұзаққа сақтайды.

Тәттіге тәуелділік

Шоколад бөлігі серотониннің бөлінуін ынталандырып, адамға жағымды эмоция сыйлайды. Сондықтан да қант әсерін жиі есірткі қолданумен салыстырады.

Тәттіге тәуелділіктің айқын белгілеріне мыналар жатады: ол туралы ойлай беру, нашар көңіл күй, тәттілер мен пісірмелерді кенеттен сатып ала беру, өзін еркелету үшін шоколад жеу.

Тәттіні өте көп жеу ағзаға негатив әсер етеді. Асқазан-ішек жолы жұмысы бұзылады, тамақтану тәртібі өзгереді, ұйқы безі аурулары дамиды және семіздік пайда болуы мүмкін.

Егер тәттіге тәуелділік өміріңіздің бір бөлігіне айналса, зерттеулерден өтіп, маманның көмегіне жүгіну қажет. Диетолог қандағы инсулин деңгейін ретке келтіруге және рационды дұрыс құруға көмектеседі.

Ағзаға кей қажетті заттардың жетіспеуі

Ағзаның қалыпты жұмыс істеуіне қажетті энергияны зиянды тәттілерден ғана емес, сондай-ақ пайдалы азық-түліктен де алуға болады. Кейде тәтті бірдеңе жегің келуі — мидың ағзадағы қажетті заттардың жетіспеушілігіне дұрыс емес реакциясы.

Тәттіге құштарлық жиі ағзаға фосфор мен күкірттің жетіспеуімен байланысты. Ал ұннан жасалған тәтті пісірмелер жегіңіз келе беруі ағзаға аминқышқылдардың жетіспеуінен болуы мүмкін. Шоколад жей бергің келуді ағзаға магнийдің жетіспеуімен байланыстырады.

Тәттіден толықтай бас тартудың қажеті жоқ. Сүтті шоколадтар мен торттарға пайдалы балама табуға болады. Мысалы, жаңа піскен жемістер немесе сапалы кепкен жемістерге көшіңіз. Сүтті әрі ақ шоколадты қоспасыз қара шоколадқа ауыстырыңыз.

 

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері